Kursiv.Media telegram-арнасына боттар шабуыл жасауда

Жарияланды
Kursiv.Media telegram-арнасына боттар шабуыл жасауда / коллаж kursiv.media

Kursiv.Media басылымына жасалған шабуылдар жаңа деңгейге көтеріліп, соңғы екі күнде басылымның telegram-арнасына 90 мыңға жуық жалған аккаунттар (боттар) қосылған.

Соңғы күндері TGStat қызмет кестесінде зиянкестердің әрекеті әсерінен Kursiv.Media арнасы жазылушылары күрт өскен. 

Басылымның IT-департаменті жаңадан қосылуға ниетті жалған аккаунттарды (боттарды) бұғаттады. Қазіргі уақытта арнаға жазылған абоненттерге талдау жасалып, жалған аккаунттарды бұғаттау жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, әдетте telegram-арнаға жалған аккаунттан жаппай тіркелуден кейін Telegram әкімшілігіне жүгініп, арнаны бұғаттауға немесе арнаның беделін түсіруге тырысып жатады.

«Сайттың серверіне шабуыл жасау қымбат әрі тиімсіз болғандықтан, зиянкестер біздің медиаға шабуылдаудың жаңа жолдарын іздестіріп жатыр», – деп атап өтті Kursiv.Media бас редакторы Мира Халина.

Осыған дейін 6-11 желтоқсан аралығында Kursiv.Media сайтының серверлері DDOS шабуылға ұшырап, 1,3 миллиардтан астам өтініш тіркелген. Осының әсерінен Kursiv.Media сайты ашылмай қалған еді. Басылымның IT-департаменті мен қауіпсіздік қызметінің жедел және тиімді әрекеттерінің нәтижесінде сайтқа келген зардаптар аса қатерлі болмады. Сондай-ақ, корпоративтік поштаны бұзу әрекеттерімен, басылым қызметкерлеріне жалған мекенжайлардан хат жіберу фактілері болды. Дәл қазір Kursiv Instagram аккаунты бұғатталған.

Бұған дейін Қазақстанда Kozachkov offside telegram-арнасы осындай шабуылға ұшыраған. Сондай-ақ, Kursiv IT инфрақұрылымы шабуылға ұшыраған алғашқы медиа емес екенін еске сала кетейік. Соңғы бірнеше аптада Inbusiness, Kaztag, Nege.kz ресурстарына DDOS-шабуыл жасалғаны туралы хабарлады. Өткен жылы Orda.kz редакциясы бұрын-соңды болмаған (DDOS шабуылдарын қоса алғанда) қысымға ұшырады. Бірқатар танымал журналистердің жеке бастарына қауіп төнген болатын. Өткен жылы шабуыл жасаушылар анықталды. Қазіргі шабуылдаушылардың артында кім тұрғаны әлі белгісіз. 

Мемлекеттік техникалық қызмет Қазақстанның қандай мемлекеттік органдарына кибершабуылдар жасалатыны және оның артында кім тұрғаны туралы ақпаратты жария ете алмайтынын айтқан болатын. Шабуылдаушылар қазақстандық сайттарға қандай мақсатпен шабуыл жасайтыны туралы «Курсив» сұрауына МТҚ бұл «философиялық сұрақ»деп жауап берген.

Сондай-ақ оқыңыз