Қарапайым халықтың мобильді аударымдары 2026 жылдан бастап қана тексеріледі – Мемлекеттік кірістер комитеті

Жарияланды

Қарапайым халықтың мобильді аударымдары туралы ақпарат 2026 жылдан бастап қана тексеріле бастайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Комитет мамандарының түсіндіруінше, тексеру 2025 жылы жасалған мобильді аударымдар бойынша жүргізіледі.

Жалпы, салық органдары банктерден қазақстандықтардың ақша аударымдары туралы ақпаратты тікелей ала-алатын болады. Алайда, бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асады және жалпыға бірдей декларацияда тіркелетін болады.

Комитеттің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдың өзінде комитетке банктерден банктік шоттарына кәсіпкерлік қызметке байланысты ақша түсетін азаматтар туралы мәліметтер түсе бастаған. 

«Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілерін айқындау өлшемшарты жеке тұлғаның үш ай қатарынан, ай сайын әр түрлі тұлғалардан жеке банктік шотқа 100-ден астам аударым алуы есептеледі», – делінген хабарламада.

2023 жылдың 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайларының банктік шоттары туралы ақпарат алынып қойылған.

2024 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайларының 2023 жылғы мобильді аударымдары туралы ақпаратты банктер салық органдарына береді.

2025 жылдан бастап, дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайларының 2024 жылы жүргізген мобильді аударымдары туралы ақпарат алынады.

Ал 2026 жылдан бастап, заңды тұлғаларға қатысы жоқ, қарапайым халықтың өзге бөлігінің 2025 жылғы мобильді аударымдары туралы ақпарат тексерілетін болады.

«Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді және жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталғанына назар аударамыз», – деп түсіндірген бұл шараны комитет.

Алайда жеке тұлғалардың жеке мақсаттарына қатысты мобильді аударымдар тексеруден өтпейтіні атап өтілді.

Бұған дейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мобильді аударымдар үшін кімдер салық төлейтінін түсіндірген болатын. Ал, тамыз айында Қазақстанда 2025 жылға дейін мобильді аударымдар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтыны да мәлім болған еді .

Сондай-ақ оқыңыз