Фото: kursiv.media
Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын мақұлдады.
Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат – азаматтардың қорғамдық бірлестіктер құру рәсімдерін жеңілдету және еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру.
«Әлеуметтік және Еңбек кодекстеріне еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу бойынша түзетулер енгізілді. Бұл төлем еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алатын болады», –деді сенатор Әсем Рахметова.
Бұл әлеуметтік төлемдер мыналардан тұрады:
- бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
- жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;
- сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;
- бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.
Сондай-ақ, бұл азаматтардың 55 және 63 жас аралығында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын алу уақытын өз бетінше айқындау құқығы да қарастырылған. Бұл төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі.
Заң шеңберінде еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормаларды да көздейді. Оған сәйкес:
- сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақысы сомасының 6 % – на дейін шегінде оңалту шараларына арналған шығыстар өтеледі;
- сақтандыру ұйымдарының зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеуді 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеледі;
- жазатайым оқиға нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін болдырмауды көздейді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне айлық жалақының ең төменгі мөлшерін айқындау жөніндегі әдістемені бекіту жөніндегі функцияны енгізу және мемлекеттік еңбек инспекторларының өкілеттіктерін күшейту жөніндегі түзетулер де енгізілді.
«Осылайша, қабылданған шаралар жұмыскерлерді зиянды өндірістік факторлардың әсерінен босатуды ынталандыруға және мемлекет, жұмыс беруші, өмірді сақтандыру компаниясы және бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры арасындағы ортақ жауапкершілікті бірдей бөлуді көздейді»,- деді сенатор.
Бұл заңда сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді құруға қажетті адамдардың санын 10 адамнан 3 адамға дейін төмендетуге мүмкіндік беру мәселесі де қамтылған. Аталған өзгерістерді енгізу барысында Азаматтық, Еңбек, Әлеуметтік кодекстерге, «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына бір мезгілде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Еске сала кетсек, осыған дейін кеншілердің қосымша жәрдемақысына бюджеттен 85 млрд теңге қаражат бөлінетіні айтылды. Бұл қаражат 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен төленеді.