Жаңалықтар

Беларусь қазақ мұнайын Еуропаға тасымалдау тарифін 43 пайызға қымбаттатуды ұсынып отыр

Беларусь елі Қазақстаннан Еуропаға тасымалданатын мұнай транзиті тарифін 43%-ға, ал Ресейдің мұнай тасымалы құнын 14,5%-ға көтеруді ұсынып отыр.

«Коммерсантъ» басылымының жазуынша, Беларусь өз аумағы арқылы Еуропаға жеткізілетін мұнай тарифін көтеруге ниетті.

«Дружба» мұнай құбырының қазақ мұнайын тасымалдайтын солтүстік тармағы үшін Минск тарифті 43 пайызға, ал Ресейден Еуропаға мұнай жеткізетін оңтүстік тармағына тарифті 14,5 пайызға көтеруді ұсынып отыр.

Басылымның хабарлауынша, Беларусь мұнай тасымалдау жүйесінің операторы – «Гомельтранснефть Дружба» биыл 17 қарашада Транснефтьке 2024 жылдың 1 ақпанынан өз аумағы арқылы өтетін мұнай транзиті тарифін көтеру ұсынысымен хат жолдаған. Жоспарға сәйкес, Унеча-Адамовоның солтүстік бағыты бойынша (Беларусь арқылы Германияға өтетін) мұнай айдау құны 43,4 пайыз қымбаттап, тоннасына 653,8 рубльге дейін жетуі мүмкін. Ал Юнеча-Бродының оңтүстік тармағында (мұнай Беларусь және Украина арқылы Венгрияға, Словакияға және Чехияға жөнелтіледі) – 14,5% қосып тоннасына 195,8 рубльге дейін қымбаттауы мүмкін.

Беларусь тарапы мұнай тасымалы шығынын жабу үшін тарифті көтеру қажет екенін айтады.

«Коммерсантъ» бұл хатта транзиттік бағыттардағы жүк айналымының 2022 жылмен салыстырғанда бес есе азаюына әкеп соққан «күтпеген жағдайлар» туралы жазылғанын хабарлайды. Әңгіме Ресейге санкция салынуына байланысты Польша мен Германияның ресейлік мұнайды қабылдаудан бас тартуы туралы болып отыр. Қазіргі кезде Дружбаның солтүстік тармағымен Еуропаға тек Қазақстанның шикізаты тасымалданып жатыр.

Транзит тарифін қымбаттату жайы биыл мамырда да қозғалған. Сол кезде Беларусь тарифті бірден 84 пайызға қымбаттатуды ұсынған.

Жыл басында Германия мен Польша Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатқан болатын. Германия қазақстандық мұнайды сатып ала бастады, бірақ әлдеқайда аз көлемде. Ресейден 20 млн тоннаға жуық мұнай жеткізілсе, ал «ҚазМұнайГаз» еншілес компаниясы — «ҚазТрансОйл» 2023 жылы «Достық» құбырымен Германияға 1,2 млн тонна (ай сайын 100 мың тоннадан) жеткізу үшін «Транснефтьюмен» келісім жасасқан.

Мұнай жеткізуді қаңтар айында бастау жоспарланғанымен, Қазақстаннан ГФР-ға алғашқы мұнай партиясы – 20 мың тонна қара алтын ақпан айында ғана өтті. Наурызда да осындай көлемде мұнай жөнелтілді. Сәуірде жеткізілім 50 мың тоннаға дейін артып, ал мамырда 100 мың тонна жөнелтілді.

«ҚазТрансОйл» Германияға жыл соңына дейін ай сайын 100 мың тонна мұнай жөнелтсе де, жалпы көлемі небәрі 890 мың тоннаны құрайды.

Қазақстан 2024 жылы да «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға 1,2 миллион тонна мұнай жеткізбек.

2024 жылға жүк жөнелтушілерден келіп түскен өтінімдерге сәйкес, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» 2024 жылы Адамова Застава бекеті бағыты бойынша 1,2 млн тонна тасымалдауды жоспарлап отыр.