Яндекс Такси цифрлық экожүйені қолдау қорына 3 млрд теңге аударуға мәжбүр болды

Жарияланды (жаңартылды )
Яндекс Такси цифрлық экожүйені қолдау қорына 3 млрд теңге аударуға мәжбүр болды / коллаж kursiv.media

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Яндекс Таксиге қатысты монополияға қарсы тергеу нәтижесі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, өз еркімен Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау қорына 3 млрд теңге аударған.

«Тергеп-тексерудің қорытындысы бойынша компания бақылау-кассалық машиналардың бағдарламалық қамтамасыз етуін техникалық қолдау қызметтерін жүктеуде көрсетілген таксопарктердің экономикалық қызметін үйлестіргені үшін және монополияға қарсы органға ақпарат бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», делінген агенттік хабарламасында.

Осыдан кейін Яндекс Такси Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау қорына өз еркімен 3 млрд теңге аударған.

Бұған қоса, агенттік пен Яндекс Такси монополияға қарсы комплаенс жасасқан.

Егер тапсырыс жол жүру ақысының базалық құнынан екі есе асатын болса, 14 желтоқсаннан бастап, Яндекс комиссия алмайды да, ол ақша жүргізушілерде қалады. Жүргізушілер үшін қосымша бонустық бағдарлама енгізіледі. Тұтынушыға тарифті не үшін қымбаттатқанын түсіндіріп, өзгерістер туралы хабарлап отыру функциясы енгізіледі.

Жаңартылған «Бірге» тарифі енгізіледі, ол тіпті ең жоғары сұраныс болып тұрғанның өзінде, төмен бағамен таксиге тапсырыс беруге мүмкіндік береді. 

Агрегатор такси қызметтеріне ең жоғары сұраныс жағдайында, мысалы, ауа райының қолайсыздығында немесе мереке күндері 3-тен жоғары тарифті көтеруге шектеулер енгізеді.

Баламен жүретін жолаушылар үшін «балалар» тарифі енгізіледі, ол балалар креслолары немесе бустері бар автокөлікті шақыруға мүмкіндік береді.

Такси жүргізушілерімен тиімді қарым-қатынас жасау және клиенттермен байланысты қолдау үшін Call-орталықта бот емес, «кәдімгі» оператор жұмыс істейтін болады.

Өз кезегінде агенттік заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасады, оларды енгізу жүргізушілерге Яндекс-пен таксопарксіз тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Яндекстің баға белгілеуіне әсер ететін факторларды зерделеу үшін IT саласындағы тәуелсіз аудиторлық компания Агенттікпен, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп алгоритмдік баға белгілеу аудитін жүргізеді.

14 желтоқсанда Такси жүргізушілері кәсіподағы Мемлекет автопарктерді субсидиялауды тоқтатқан жағдайда Қазақстанның бірнеше қаласында ереуілге шығатындарын айтқан. Такси жүргізушілері субсидия тоқтатылып, автопарк жалға беру құнын өсірсе, такси тарифінің бағасын қымбаттатуды талап етуді жоспарлап отыр. Баспасөз конференциясынан кейін, Ұлттық экономика министрлігі мен көлік министрлігіне сұраныс жіберген едік. 

Қазан айында Urban Forum қоры зерттеу жасап агрегаторларды пайдаланатын Қазақстандағы такси жүргізушісінің орташа табысы айына 493 мың теңгені құрайды деген мәлімет таратқан еді. Таксистердің ең көп табысы Астанада тіркелді-665 мың теңге, одан кейін Алматы (615 мың) және Шымкент (460 мың).

Сондай-ақ оқыңыз