Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Курсивке жасалған кибершабуылдар себебін анықтап, оларды азайтуға көмектесетінін айтты.
«Цифрлық даму министрлігінің цифрлары: жыл қорытындысы» брифингі барысында Курсив тілшісі Kursiv.media басылымының сайтымен әлеуметтік желідегі парақшаларына жасалған шабуылдармен күреске Мусин министрлігі қалай көмектесе алатынын сұраған.
«Серверлеріңізді біз интернетке қосылуға мүмкіндік беретін бірыңғай шлюзге қойып, қазір көрсетіліп жатқан DDOS-шабуылдар санын азайта аламыз деп сенемін», – деді министрі.
Ол осыған дейін Орда басылымына шабуыл жасалған кезде министрліктің ақпараттық қауіпсіздік комитеті көмек көрсеткенін айтты. Оның айтуынша, комитет ақпарат құралдарына DDOS-шабуылдан қорғанудың жолдарын көрсетіп бере алады.
«БАҚ өкілдерімен журналистерге айтарым, осындай жағдай (кибершабуылдар – ред.) болатын болса, ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгіне аласыздар. Сіздердің нақты кейстеріңізді зерттеп, қандай көмек көрсетуге болатыны жайлы консультация бере аламыз», – деді Мусин.
Kursiv.Media басылымына жасалған шабуылдар жаңа деңгейге көтеріліп, бірнеше күнде басылымның telegram-арнасына 90 мыңға жуық жалған аккаунттар (боттар) қосылған.
Осыған дейін 6-11 желтоқсан аралығында Kursiv.Media сайтының серверлері DDOS шабуылға ұшырап, 1,3 миллиардтан астам өтініш тіркелген. Осының әсерінен Kursiv.Media сайты ашылмай қалған еді. Басылымның IT-департаменті мен қауіпсіздік қызметінің жедел және тиімді әрекеттерінің нәтижесінде сайтқа келген зардаптар аса қатерлі болмады. Сондай-ақ, корпоративтік поштаны бұзу әрекеттерімен, басылым қызметкерлеріне жалған мекенжайлардан хат жіберу фактілері болды. Дәл қазір Kursiv Instagram аккаунты бұғатталған.