Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақстанда Starlink интернетінің құны қанша болады?» деген сұраққа жауап берді.
Ол бүгінге дейін жасалған келісім бойынша қанша төлем белгіленгенін нақты айта алмайтынын жариялады. Мұны келісімді Республикалық ғарыштық байланыс орталығы рәсімдегенімен түсіндірді.
«Алайда баға SpaceX компаниясының сайтындағы прайста көрсетілген бағадан қымбат болмайды. Менімше, қазір прайстық баға айына шамамен 200 АҚШ доллары шамасында. Сәйкесінше біз Starlink жүйесін қолданғанымыз үшін осы диапазон көлемінде ақша төлейміз», – деді Бағдат Мусин.
Бұған дейін Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясының Starlink терминалын орнатқан қазақстандықтар айыппұл төлейтінін хабарлаған болатынбыз. Бұл туралы Телекоммуникациялар комитеті байланысты бақылау департаментінің басшысы Диас Төлегенов айтқан.
Диас Төлегенов Қазақстанда жеке тұлғалар SpaceX спутниктік интернеті бар Starlink абоненттік терминалын орнатуға болмайтынын, бұл заңға қайшы екенін түсіндірген.
Ол Қазақстан азаматтары 500-1500 доллар төлеп, Starlink терминалдарын өз беттерінше орнатып жатқанына қатысты пікірі білдіріп: «Мұндай адамдар бар. Тиісті органдар анықтау, нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Қолданыстағы нұсқада пайдалану қауіпсіздік талабына сай келмейтіндіктен, заңнаманы бұзады. Пилоттық жоба аясындағы техникалық жұмыстар аяқталмайынша және заңға тиісті өзгеріс енгізілгенше бұл заң бұзу болады», – деген.
Департамент басшысы Starlink терминалын орнатушылар мен қолданушылардың жауапкершілігі бірдей екеніне назар аударған.
«Олар бұл заңды алғаш рет бұзса, 10 АЕК(34 мың теңге) айыппұл төлейді. Егер заңнамаға өзгеріс пен түзету енгізілсе, терминалдарды заңды түрде пайдалануға рұқсат беріледі. Бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Мәселе шешілгенше терминалдар Қазақстан аумағында жұмыс істемеуі үшін SpaceX компаниясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деп нақтылаған Диас Төлегенов.