IT-маман: Мемлекет IT-жобаларға керек кезде ғана қосылса жеткілікті

Жарияланды

Мағжан Қайранбайдың жасанды интеллект саласында жұмыс істеп жүргеніне 10 жылға жуық уақыт болған. Алматының тумасы, тәуелсіздіктің құрдасы. Малайзиядағы Multimedia University университетінде машинаны үйрету саласы бойынша PhD дәрежесін алған. Қазақстандағы Suleiman Demirel University университетінде Machine Learning және Computer vision курстарынан сабақ берген. Сонымен қатар Оңтүстік Шығыс Азиядағы SOCAR, AirAsia, 123rf, Bolttech сияқты компанияларда сеньор дәрежесіндегі Machine Learning Engineer болып жұмыс істеген. Тәжірибелі маман өз Малайзияда тұрып жатса да, отандық жобаларға жасанды интеллект енгізуге көмектесіп жүр. Әрі білгенін бөлісейін деген ниетпен бос уақытында ақпараттық технология туралы кітаптар сериясын дайындап, жас мамандардың жастанып оқитын оқулықтарын жазумен айналысады. 

  • Мағжан, жасанды интеллект туралы қазақша ақпарат табудың өзі оңай емес. Ал сіз осы бағытта бірнеше кітап жазып шықтыңыз. Идея қайдан келді?
  • Ақпараттық технологияны меңгеру үшін алдыңғы кезекте керегі — ағылшын тілін білу. Білмеген жағдайда кемінде орысша білу қажет. Ал ағылшыншаны екінің бірі меңгерген деп айта алмаймыз. Сондықтан басты мақсат ретінде тіл білмейтін, қазақша сөйлейтін аудиторияға арнап кітап жазуды қолға алдым. Өйткені жасанды интеллект саласында 10 жылдай тәжірибем бар, енді оны өзгелерге үйрету — міндетім. Адам жиған білімін өзімен алып кетпей, қолдан келгенше бөлісуі керек. Бұл — өмірлік ұстанымдарымның бірі. Сол себепті бірінші кезекте оны өз отандастарыма үйретуім керек деп шештім. Екіншіден, жоғарыда атап өткенімдей, бізде ТОП университеттерде оқығандар болмаса, барлығы жаппай ағылшын тілін біледі деуге келмейді. Тіпті мықты деген университетте оқитындардың өзіне оңай емес. Кезінде өзім студент болғанда Stanford, MIT секілді университеттердің лекцияларын қарағанымызда шамамен 70 пайыздайын түсінсек, қалғанын түсінбейтінбіз. Сондықтан осындай құнды ақпараттарды қазақстандықтар да еркін алса, түсінсе деймін. Қазір дамыған елдер арасында ақпараттық соғыс жиі болып тұрады. Мұндайда жасанды интеллектіні басты қару ретінде қолданылады. Сол қарудың көмегімен шабуылдар жасалады. Американы алып қарасақ, оның AI-ға қатысты өз стратегиясы бар. Қытайда да солай. Мысалы Сингапур жасанды интеллект саласындағы мамандарды дайындауды үш есе арттырған. Бұл дегеніміз мұндай бастамалардың бекер емесін білдіреді. Бізге де ақпарат саласын осы бағытта дамыту керек деп ойлаймын. Жасанды интеллект саласындағы мамандарды көптеп дайындасақ, компаниялар да көбейеді. Компаниялардың пайда болғаны ақшаның молаюына әсер етеді. Бұл болса, экономиканың көтеріліп, әл-ауқаттың жақсаруына септігін тигізеді.
  • Аударма процесі қалай өтеді? Дереккөздерді қайдан аласыз?
  • Кітаптарымды аударма деп айтуға келмейді. Өйткені мұнда өзім жиған тәжірибелерге сүйеніп, әр жерден оқыған-тоқығанымды жиып отырып дайындаймын. Жалпы саны 8 кітап шығару ойда бар. Мұндағы мақсат — IT саласына енді келген жас маманға халықаралық компанияларға жасанды интеллект инженері болып орналасуға көмектесу. Айталық, бірінші кітап Python тілі туралы болса, екіншісінде сол тілде қарапайым алгоритмдер жазуды үйретеді. Үшіншісі — машинаны үйрету, төртіншісі Computer vision дегендей болып жалғаса береді. Осылайша 7-8 кітапты оқып шыққан адам халықаралық компанияларға кіре алады деп ойлаймын. Алғашқы төртеуін оқып, соған сүйеніп іс жүзінде тәжірибе жасаса, қазақстандық компанияларға орналасып кетеді.
  • Онлайн форматта таратып жатсыз ба? 
  • Бастапқыда кітаптарды онлайн нұсқада саттық. Кейін қағаз түрін де сатылымға шығардық. Біріншісін тіпті тегін тараттық. Әлі де ақысыз жүктеп алуға болады. Жоспарланған 8 кітаптың үшеуі толық аяқталған. Төртіншісінің 90 пайызы жазылды. Келесі жылы толық серияны тәмамдау ойда бар.
  • Қазір ақпараттың көп болғаны сонша, күні ертең ескіріп кетуі мүмкін. Ал кітап жазу демде біте қоймайды. Қалай ойлайсыз, сіздер қазақша дайындап жатқан кезде ондағы мәліметтер өзекті болмай қалуы мүмкін бе?
  • Жасанды интеллект күллі әлемде дамып жатыр. Жалпы осы тақырыптағы ақпарат XX ғасырдың басында-ақ мәлім болған. Яғни сол уақыттағы алгоритмдерді енді қолданып жатырмыз. Сондықтан бүгін шыққан ақпараттың ертең өзекті болмай қалуы мүмкін деген қауіп жоқ. Он жыл бұрынғы шыққан алгоритм 20-30 жылдан кейін ғана аздап актуал болмай қалуы ықтимал. Біздің кітаптардағы ақпарат 2016 жылдардан. Десе де, біраз халықаралық компания дәл сол мәліметтерді қазір жұмыс барысында пайдаланып жүр. Болашақта да біраз жыл өзекті болады. 
  • Шығармашылық топ құрамында кімдер бар? IT-lі қазақшаға бейімдеу оңай емес. Кей терминдер түсініксіз болып жатады. Енді бірі калька дегендей. Бұған не дейсіз? 
  • Драфт түріндегі шимай нұсқасын алдымен өзім жазып шығамын. Дизайнға жақын болғандықтан, түгел әрлеуін өзім істей беремін. Расында, қазақшаға бейімдеу оңай емес. Өзіңіз айтқандай, біраз терминге құлақ үйрене қоймаған. Десе де, мұны табиғи құбылыс деп санаймын. Қорықпай, аудара беру керек. Тоқтамай істелген жұмыстың нәтижесінде халықтың да құлағы үйренеді. Мысалы қазір екінің біріне түсінікті кей сөздер осыдан он жыл бұрын түсініксіз болды. Бұған бар болғаны уақыт керек. Неғұрлым көп қолданған сайын ауызекі тіл қатарына еніп кетеді деп ойлаймын. Өз басым жазған кезде түпнұсқаға қарап беремін. Шимайы дайын болған соң, жасанды интеллект саласында Meta, Google компанияларында істеп жүрген екі досыма оқуға беремін. Олар кәсіби маман ретінде қарап шолып шығады. Одан соң кітап шығару саласында тәжірибесі мол, редакциялау қабілеті жоғары маманға өңдеуге беремін. Ол оқып, редакциялап шығады. Соңынан барлығы дайын болғанда өзім тағы бір оқимын. Ондағысы — редакция жасалған соң әлдебір ақпараттың бұрмаланып, қате беріліп кетпегеніне көз жеткізу. Осылайша 3-4 адам тексерген соң, баспаға жібереміз. Көп адам қарай берсе, тексеріс те созыла береді. 
  • Кітап жазуға қанша уақыт кетеді? Шабыт күтіп отыратындай көркем әдебиет емес. Нақты ғылым болғандықтан әлдебір дедлайндар жақсы сақталатын шығар?
  • Дедлайнды қатаң ұстанамын деп айта алмаймын. Бастамашы өзім болғандықтан, өзіме ғана белгілі бір меже қойып отырамын. Айталық, «алдағы бір жылда осынша кітап шығаруым керек» дегендей. Орта есеппен алып қарасақ, 400-ден аса беттен тұратын кітабымды бітіруге бір жарым жыл уақыт кетті. Негізгі жұмысым бар болғандықтан, жұмыстан тыс уақытта айналысамын. Көбіне демалыс күндері 2 сағаттай уақыт бөліп отырамын. Демек 3-4 ай ішінде шамамен 150 беттік кітап жазылады деген сөз. Оның ішінде суреттері, коды, тапсырмалары болады. Драфт жазылып болған соң, редакциялауға аса ұзақ уақыт кетпейді. 
  • Қазақстандағы білім саласында жасанды интеллектінің қолданылуына қатысты не дейсіз? 
  • Жасанды интеллект қоғамның бірнеше саласына оң әсерін тигізіп жатыр. Оның ішінде білім де бар. Дегенмен дамыған АҚШ секілді басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда әлі толыққанды дами қойған жоқ. Яғни жасауға болатын дүние көп. Қазір жасанды интеллектіні пайдаланатын отандық компаниялар бар. Олар өз жұмысына AI енгізуге барынша тырысып жатыр. Солардың бірі ретінде Qalan компаниясын айтуға болады.
  • Сіз Qalan компаниясында жасанды интеллект департаментін басқарасыз. Бөліміңіз немен айналысады? 
  • Біз оқушылардың көңіл-күйін жасанды интеллект арқылы бақылаймыз. Сондай-ақ, сұрақ-жауапқа арналған чат-ботымыз бар. Персонал оқыту жобасы туралы да атап өту керек. Мұнда әр оқушыға сәйкес оқу әдістемесі әзірленеді. Оны мұғалім емес, жасанды интеллект дайындайды. Яғни сіз есеп шығарып келе жатып, «түбір астындағы 25» дегенді шығара алмай қалсаңыз, онда сізге жеңілірек, «бестің квадраты» деген есеп беріледі. Осылайша оңайырағын шығару арқылы, күрделірек тақырыпқа өткіземіз. Оны игеру де жеңілдейді. Жай күні мұғалім олай әр оқушыға жеке көңіл бөле алмауы мүмкін. Ал машинаға бұл қиын емес. Сонымен бірге жасанды интеллектінің көмегімен ақыл-кеңес береміз. Айталық, оқушы бір жерге келгенде тоқтап, түсінбей қалды делік. Ондайда оқушы өзінің келген жерін көрсетіп, әрі қарай не істеу керегін сұрайды. Ерекшелігі сол — тақырыпты түгел басынан түсіндіріп, әр қадамды айтып отырмайды. Оқушы нақты қай жерге келгенде іркіліп қалса, содан әрі қарай қалай шешу керегін түсіндіреді. Бір қарағанда кішігірім ChatGPT секілді. Бірақ тілі — қазақша. 
  • Бұл жобаның өзге оқу орталықтарынан айырмашылығы жасанды интеллектіні қолданатынында ғана ма? 
  • Математика бүкіл әлемде бірдей. Тек мәселе — оны кімнің қалай жеткізіп, үйрететінінде. Qalan платформасы — мектептегі математика бағдарламасын ескере отырып жасалған жоба. Ал жасанды интеллектіні тек сәнде болғаны үшін қосқан жоқпыз. Бізге AI шынында қажет болды. Өйткені ақпарат өте көп еді. Енді керегі — оны өңдеу. Осылайша ойымыздағы оқу методикасын іске асыру үшін жасанды интеллект қажет еді. Мысалы оқушы бір есепті шығара алмаса, сол жерін түсіндіріп, соған қарай есеп беретіндей етіп жасанды интеллект қосқан едік. Қазір төрт-бес жоба жатырмыз. Оның ішінде Voice recognition секілді адамның қазақшасын түсіне алатындай функция қосу жұмыстары бар. Себебі қызмет сапасына наразы адамдар болса, олар WhatsApp арқылы аудио жазады. Олардың бәрін тыңдап отыру ұзақ уақыт алады. Ал енді дауысты мәтінге айналдыру арқылы клиенттің ой-пікіріне жылдам реакция білдіруге болады. Осы арқылы проблемасын шешуге тырысамыз. Яғни департаментіміздің басты мақсаты — жұмысымызға клиенттердің риза болып, әрі қарай математиканы үйреніп кетуіне жағдай жасау.  
  • Сала маманы ретінде пікіріңізді білгіміз келеді. Ақпараттық технология саласындағы жобаларды мемлекеттің іске асырғаны дұрыс па, әлде жеке сектордың ат салысқаны нәтижелірек пе?
  • Үкіметтің барлық жерге қатысып, барлық салаға кіруі дұрыс емес деп ойлаймын. Жеке секторлардың мәселелерге шешуге ат салысқанын құптаймын. Мемлекет көмек керек кезде ғана қосылып отырса, аяқтан шалмай, дамуына көмектессе, сол жеткілікті. Қарапайым ғана мысал ретінде Kaspi-ді алып қарайық. Ол жоба мемлекетпен бірге жұмыс істеп жатыр. Яғни азаматтардың жеке деректерін мемлекет базасынан алып беріп отыр. Осындай жобаның қай-қайсысы болсын сәтті жүзеге асады деп ойлаймын. Егер мемлекет өзі ғана қолға алса, онда көбіне сәтсіз болатынын іс жүзінде көріп жүрміз.    
Сондай-ақ оқыңыз