Астана әуежайы рейстерді кешіктіру себебін түсіндірді

Жарияланды
авиарейсы
Астана әуежайы рейстерді кешіктіру себебін түсіндірді / shutterstock

11-15 желтоқсан аралығында Астана халықаралық әуежайында 152 рейс кешіктірілді. Әуежай кешіктірілу себебін түсіндіріп өтті.

«11-15 желтоқсан аралығында Астана халықаралық әуежайынан ішкі және халықаралық бағыттарда 341 рейс орындау жоспарланған. Осы аптада елордада қолайсыз ауа райы орнап, термометр бағаны – 30 (желдің әсерімен -44) көрсетті. Салдарынан жоспарланған рейстің 152-сі түрлі себептермен кешіктірілді», – делінген хабарламада.

Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі рейстерді кешіктірудің негізгі себептерін түсіндірді.

Алғашқысы, ұшақтың Астана халықаралық әуежайына кеш келуі. 11-15 желтоқсан аралығында осы себеппен 96 рейс кешіккен. Яғни әуе компанияларының ұшақтары Астанадан белгілеген бағытқа ұшпас бұрын, алдыңғы рейстен кеш келіп, ұшақты қайта жарақтау, тазалау, жанар-жағармай құюға біраз уақыт жұмсап, белгіленген уақытта ұшуға үлгермей жатады.

Екінші себеп, ұшақты қардан не мұздан тазарту, мұзға қарсы сұйықтықпен өңдеуге ұзақ уақыт қажет болғандықтан 17 рейстің уақыты өзгерген. 

Үшінші себеп, ауа райының қолайсыз болуы. 11-15 желтоқсан аралығында ауа райы қолайсыз болып, елорда әуежайындағы 12 рейс кешіктірілген.

5 күн ішінде 10 рейс ұшақтағы түрлі ақауға байланысты кешіккен. Көп жағдайда ұшақтардың қозғалтқыштары дер кезінде іске қосылмай қалған. Бұл тізімге рейске белгіленген ұшақтың ауысуы, экипаж мүшелерінің толық болмауы, жолаушыларды отырғызу кезінде қайта түгендеу, тізімді нақтылау сияқты өзге де себептерді қосуға болады.

«Астана – Ұлан Батордан кейінгі әлемдегі ең суық астана болып есептеледі. Сондықтан қолайсыз ауа-райында рейстердің кешігуі орын алады. Алайда барлық жолаушы ҚР «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының 86-бабында тасымалдаушының рейс болмаған немесе кідірген кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі негізінде өзіне тиесілі қызметтерді толығымен алуға құқылы», – делінген әуежай хабарламасында.

Еске сала кетсек, Астанада күн суытып, қолайсыз ауа райына байланысты 5 желтоқсанда ірі тас жолдары жабылып, мектептер қашықтан оқытуға көшірілді.  

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облысында 11 жолаушылар пойызы жолда қалды. Олардың әрқайсысында 500-700 жолаушы бар. Төтенше жағдай салдарынан 11 жолаушылар пойызымен бірге 12 жүк пойызы өз уақытынан кешіккен.

Сондай-ақ оқыңыз