Ауа-райының нашарлауына байланысты Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында республикалық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, Жамбыл облысының жолдарында жаңбыр салдарынан қатты көктайғақ пайда болды. Өңірде автокөлік қозғалысына қайта шектеу енгізілді.
15 желтоқсанда сағат 23-30-да жолдарды қардан тазарту аяқталғаннан кейін Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарындағы бірқатар учаскелерде қозғалыс жанданған болатын. Тас жолдарда жиналған автокөліктер Алматы және Шымкент қалалары бағытында жүруді жалғастырған.
Алайда 16 желтоқсанда сағат 4:00-де Жамбыл облысының аумағында төмен температурада нөсер жаңбыр жауа бастады, бұл қатты көктайғақтың пайда болуына әкеліп соқты. Осы себептен аталған жолда көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс қайтадан шектелді. Жабық учаскелер туралы толық ақпаратты жақын арада Көлік министрлігі ұсынады.
Айта кетейік, 16 желтоқсанда ауа райының нашарлауына байланысты «Алматы-Ташкент-Термез» бағытындағы жол учаскелері жабылды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облысында 11 жолаушылар пойызы жолда қалды. Олардың әрқайсысында 500-700 жолаушы бар. Төтенше жағдай салдарынан 11 жолаушылар пойызымен бірге 12 жүк пойызы өз уақытынан кешіккен.