Шенеуніктердің орынсыз оптимизмі мемлекет қаражатын дағдарысқа әкеп тіреуде

Жарияланды
Kursiv Research редакторы
Фото: shutterstock

Еліміздің 2024 жылға арналған республикалық бюджеті әдеттегідей дәстүрлі жолмен жасақталып құрылды. Яғни, бюджет тапшылыққа негізделіп жоспарланған: 2007 жылдан бері мемлекет қазынасы тұрақты түрде минус белгісін бетке ұстап қалыптасуда. Байқауымызша, мемлекеттік аппарат бюджеттің шығыс бөлігін қиып, қысқартуға бұрынғысынша құлықты емес, ал жылдан жылға көлемі өсіп жатқан шығындар қарыз есебінен және Ұлттық қордан қаржыландырылуда.

Бұл тұрғыдағы дәстүрлер «жиынтығы» соңғы жылдары жаңасымен де толығуда: ағымдағы жылдың басты қаржылық құжаты фискалдық оптимизге негізделіп жасалды және де мұндай «дәстүр» қазір әдетке айнала бастады. Алайда, корпоративтік табыс салығына (КТС) деген шексіз үміт ақталмай қалып, 2023 жылы елімізде бюджет дағдарысы көрініс берді. Әлбетте, бүйірі сөгілген қазына қоржынын тездетіп Ұлттық қордан алынған қосымша қаражатпен жамауға тура келді. Бұл үшін тіпті жаңа схема да табыла кетті.

Десек те, күзгі дағдарыс салықтық оптимизм аясын бәрібір тарылта алған жоқ. Бұл жолы қосымша құны салығының (ҚҚС) түсімдерін ұлғайтуға екпін берілді: биылға жоспарланған көлемнен төрт есе етіп. Егер бұл жоспар жүзеге аспай қалса, онда ел үкіметі кезекті бюджет дағдарысына ұшырайды деген сөз.

Осы арада көңілге демеу болар бір ғана үміт, ол – дағдарысқа қарсы іс-қимыл алгоритмінің әзір тұрғаны.

Бюджет дағдарысы неден басталды?

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық бюджетті 2022 жылдың соңында бекітті. Онда бюджеттің шығыс бөлігін 14%-ға арттыру жоспарланған болатын – 20,6 трлн теңгеге дейін. Соған қарап, министрлер кабинеті бұдан бірнеше ай бұрын «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» мәлім етілгендей, бюджетті шоғырландыру идеясынан мүлдем бас тартса керек деп пайымдадық. Бірақ бюджеттің жекелеген бағыттары бойынша шығыс бөлігіне зер салып қарағанда, жағдай екіұдай болып көрінді.

Айталық, білім, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, отын-энергетика кешені, мәдениет, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сондай-ақ транспорт және коммуникация сынды бйрқатар бағыттар бойынша шығындар қысқартылды. Шығындардың негізгі өсуі жергілікті бюджеттерге берілетін субвенцияларды екі есе арттыруға мүмкіндік берді.

Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 17,5 трлн теңге деңгейінде қалыптасты, оның 77%-ы салықтар, 21%-ы Ұлттық қордан алынған трансферттер есебінен жасақталды.

Таза бюджеттік кредиттеу мен қаржы активтері операцияларын есепке алсақ, 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің тапшылығы 3,2 трлн теңгеге немесе болжамды ЖІӨ көрсеткішінің 2,7%-на келіп жетті.

Дегенмен, 2023 жылдың наурызында республикалық бюджет қайта қаралып, нақтыланды. Шығындар 5%-ға, яғни 21,6 трлн теңгеге дейін өсті. Елеулі ауқымдағы қосымша қаржыландыру төмендегідей салаларға бөлінді: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (+287 млрд теңге), қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік (+190 млрд теңге), транспорт және коммуникация (+188 млрд теңге), денсаулық сақтау (+144 млрд теңге), қорғаныс саласы (+118 млрд теңге). Жергілікті бюджеттерге берілетін субвенциялар көлемі бұрынғы деңгейде қалды, соған қарамастан бұл бағытты қаржыландыру көлемі басқа бағыттардан жоғары шықты.

Республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің өсуімен, болжамды кірістер 9%-ға немесе 19,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Салық төлемдері бойынша күтілетін болжамдар жақсарып, олар 5%-ға, яғни 14,3 трлн теңгеге дейін өседі деп пайымдалды. Сол сияқты, Ұлттық қордан түсетін трансферттер де түзетілді – бірінші  оқылымдағы 3,2 трлн теңгенің орнына жаңартылған нұсқада 4 трлн теңге деп көрсетілді.

Сөйтіп, қайта қаралып, нақтыланған республикалық бюджеттің шығыс бөлігі консервативті болмай шықты. Республикалық бюджеттің бірінші оқылымында шығындары түзетілген бағыттардың басым бөлігі, нақтылау нәтижесінде қосымша қаржыландыру алып, оларға қатысты шығындар 2022 жылғы көрсеткіштерден асып түсті.

КТС төңірегіндегі кілтипан…

Әу баста көлемі артқан шығындар корпоративтік табыс салығы (КТС) төлемдерінің ұлғаюымен өтеледі деп күтілді. Бірақ бұл пайым жүзеге асқан жоқ. Он айда 2,7 трлн теңге КТС төленген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық көрсеткіш, дегенмен, министрлер болжаған ауқымнан әлдеқайда аз.

Жыл қорытындысына жоспарланған көрсеткішке шаққанда КТС-тен жиналған салық көлемі 54%-ды құрады. Бұл ковидтік шектеулер аясында отандық бизнес зардап шеккен 2020 жылдың деңгейінен бар болғаны 2 пайыздық тармаққа артық ауқым. Салыстыру үшін айта кетейік: аталған көрсеткіш 2022 жылдың он айында 77% деңгейінде қалыптасқан-дтын.

Бюджетке қатысты болжамды күтулердің жоғары болуы республикалық бюджеттің орындалуына теріс әсер етті. 2023 жылдың он айының қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш жоспарда ескерілген жылдық ауқымның 77%-ын құрады. Салыстыру үшін: өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 83% болатын.

Айта кету керек, корпоративтік табыс салығының нақты жиналған көлемі мен жоспарланған көлемі арасындағы алшақтық 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында анық байқалды. Яғни, биылғы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша жиналған КТС көлемі жоспарланған жылдық ауқымның 27%-ын ғана құрады. Ал 2022 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 45% деңгейінде қалыптасқан болатын. Жағдай бұдан кейінгі айларда да өзгере қойған жоқ – нақты төленген КТС көлемі мен жоспарланған көлем арасындағы алшақтық елеулі деңгейде қала берді.

Жол тапқанға, қолқа жоқ?

Оптимистік жоспарлар аясында туындаған мемлекет қаржысына қатысты шиеленісті жағдайды Ұлттық қор ақшасы есебінен реттеуге тура келді. Қаржыландыру жолдарының жаңа схемасы үшін институционалдық база 2022 жылдың желтоқсан айында әзірленіп қойған-ды және онда әдеттегідей Ұлттық қордан кепілдендірілген және мақсатты трансферттер түрінде қаражат алу көзделген жоқ.

«2022 жылдың желтоқсан айында президенттің жарлығымен «ҚР мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына» Ұлттық қордан «Самұрық-Қазынаны» тікелей кредиттеуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді (бұған дейінгідей бюджет арқылы емес)», – деп көрсетеді Halyk Finance сарапшылары «Ұлттық қорды тиімсіз пайдалану» атты баяндамасында.

2023 жылдың қыркүйегінде бұл схема қайта қаралып, жетілдірілді.

«Үкімет шешімімен Ұлттық қорға «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға рұқсат берілді. Ағымдағы жылдың қазан айында жазғанымыздай, бұл операция шын мәнінде экономиканы Ұлттық қордан қаржыландыруды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал «ҚазМұнайГазды» тікелей қадағалап, бақылау сол қалпы үкіметтің қарауында қала бермек», – деп есептейді Halyk Finance сарапшылары.

ҚР үкіметі қазына қоржынын Ұлттық қор қаражаты есебінен қосымша қаржыландыру туралы жоспарын алдын ала жария еткен жоқ. Парламент қабырғасында талқылау болды дегенді де ести қоймадық. Техникалық тұрғыдан алғанда, қаржыландырудың жаңа схемасы туралы KASE жария еткен ресми есептер мен ел бюджетінің атқарылуы жөніндегі ай сайынғы бюллетеньдерде көрсетілген цифрлардың шектен тыс өзгеруіне қарап қана байқай алдық. Осы ақпараттармен танысқанда, 31 қазанда ҚР қаржы министрлігі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан «ҚазМұнайГаздың» 46,9 млн акциясын 500 млрдд теңгеге сатып алғаны белгілі болды.

Бұл мәміле бюджетке түсетін салықтық емес түсімдер статистикасында көрініс тапты. Мысалға, биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша «республика меншігіндегі акциялардың мемлекеттік пакеті бойынша дивидендтер» атты кіріс бабы 72,2 млрд теңгені құрады. Ал араға бір ай салып, 572,2 млрд теңгеге дейін өсті.

2023 жылдың қараша айының басында бұл жағдайға қатысты ҚР Ұлттық банкі басқарма төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова пікір білдірді.

«Үкіметтің шешіміне сәйкес Ұлттық банк Ұлттық қор қаражаты есебінен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге «ҚазМұнайгаз» акцияларын сатып алатын болады», – деп мәлімдеді ол. Молдабекованың айтуынша, ҚМГ акцияларын сатудан түсетін қаражат кейін республикалық бюджетке аударуға арналған. «Қазанда сатып алу көлемі 500 млрд теңге болды. Дегенмен, акция сатып алу процесі әлі аяқталған жоқ – қараша мен желтоқсан айларында шамамен 800 млрд теңгеге тағы акциялар сатып алынады», – деп көрсетті Молдабекова.

Екінші мәміле қараша айының соңында жүзеге асты. ҚР қаржы министрлігі «ҚазМұнайГаздың» 51,6 млн акциясын сатып алды, деп хабарлады KASE. Мәміле сомасы 550 млрд теңгені құрады, ал меншік үлесі 16,15%-ға жетті. Айта кету керек, қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша, республикалық бюджеттің орындалуы туралы статистика әлі жария етілген жоқ.

1,3 трлн теңге көлеміндегі қосымша қаржыландыру республикалық бюджеттің 2023 жылға жоспарланған шығындарының 6%-ын құрайды. Егер корпоративтік табыс салығын жинау көрсеткіші өткен жылдың деңгейінде қалыптасты деп есептер болсақ, онда тоғыз айдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 1,1 трлн теңге түсер еді. Басқаша айтқанда, ҚМГ акцияларын сатудан және сатып алудан түскен ақша сапасыз жоспар салдарында орын алған бюджет олқылығын жабу үшін жеткілікті болса керек.

2024 жылға жоспарланған оптимизм 

ҚР президенті 2024 жылға арналған республикалық бюджетті бекіткені белгілі. Еліміздің негізгі қаржылық құжатындағы көрсеткіштерге қарап, үкімет шығыстарды келесі жылы да қиып, қысқартуға және бюджетті шоғырландыруға дайын емес екендігін түсіндік. Мысалға, республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,8% деңгейінде деп күтілуде (ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 2,7% деңгейінде).

2022 жылға жоспарланған мәндік көрсеткіштерге шаққанда, республикалық бюджеттің шығындары 8%-ға артпақ. Ең ауқымды абсолютті өсім көрсеткіштері келесі салаларға қатысты  жоспарланған: әлеуметтік қамсыздандыру (+15%, немесе қосымша 723 млрд теңге), білім беру (+27%; 348 млрд теңге), өзге де шығындар (+34%; 299 млрд теңге), жергілікті бюджеттерге берілетін субвенциялар (+5 %; 270 млрд теңге) және денсаулық сақтау саласына (+8%; 184 млрд теңге).

Қазына қоржынының кіріс бөлігі 6%-ға артады деп күтілуде. Ұлттық қордан түсетін трансферттерді 10%-ға қысқарту аясында салық түсімдері де осы арақатынаста, яғни 10%-ға немесе қосымша 1,5 трлн теңгеге ұлғаяды деген болжам бар.

Бірақ КТС төлемдері бойынша болжам көрсеткіштері төмендей түскенін ескерсек, бұл өсім қайдан алынуы мүмкін? 2022 жылғы бюджетте КТС төлемдерінен шамамен 5 трлн теңге түседі деп болжанды, ал бұл жолы болжанған ауқым біршама ықшамдау – 14 млрд теңгеге. Егер бұл салықты жинау көрсеткіші ағымдағы деңгейге сай келсе, онда бұл болжамды барынша оптимистік сарында деп сипаттауға болады.

Республикалық бюджет жоспарына сәйкес, қосымша 1,5 трлн теңге ҚҚС төлемдері есебінен түсуі тиіс. Бұл тұрғыда бюджет өсімі 26%-ды құрайды деп пайымдалған, бірақ ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі шешімін тапқан күннің өзінде ол тек 2025 жылы қолданысқа түсуі ықтимал. Яғни, алдағы жылдың республикалық бюджеті жасақталып, құрылды, бірақ ол биылғы жылғы бюджет секілді асқан оптимизмге негізделіп әзірленген, ал мұның салдары қазірдің өзінде мемлекет қаражатында шиеленіс, қобалжу тудыруда.

Сондай-ақ оқыңыз