Жаңалықтар

ҰЭМ қазақстандық компанияның АҚШ Сауда министрлігі тізіміне енуіне қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Depositphotos.com

Ұлттық экономика министрлігі 7 желтоқсанында «Elem Group» ЖШС АҚШ Сауда министрлігінің Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросының тізіміне («entity list») енгізілген «Elem Group» ЖШС логистикалық компаниясына қатысты мәлімдеме жасады.

АҚШ мемлекеттік тізілімінің сайтында Алматыда тіркелген компания «екі жақты мақсаттағы тауарлар ретінде жіктелген тауарларды Ресейге қайта бағыттау қаупін тудырғаны үшін» entity list-ке енгізілгені айтылған. Енгізілген шектеулер бұдан былай АҚШ жеткізушілері аталмыш тізімге енген компанияларға арнайы лицензиясыз американдық тауарларды жібере алмайтындығын білдіреді. Ұлттық экономика министрлігі 2023 жылдың мамыр айынан бастап «Elem group» ЖШС сыртқы сауда қызметін жүргізбейтінін айтып отыр.

Сонымен қатар, компанияның сайтында Elem group электронды компоненттер, құрамдас, өнеркәсіптік жабдықтар және қосалқы бөлшектер логистика саласында жұмыс істейтіні айтылған. Компания ірі халықаралық логистикалық және сауда компанияларымен белсенді жұмыс істейтіні де айтылған. Сондай-ақ компанияның Финляндия, Германия, Қытай және Түркияда шоғырландырылған қоймалары бар екені жазылған. Бұған қоса, компания Қазақстан аумағында кедендік ресімдеуді, әуе, автомобиль, темір жол, теңіз және жүк тасымалдауларын ұсынады.

«АҚШ Сауда министрлігінің шектеулеріне ұшыраған компаниялар американдық контрагенттермен жұмыс істеуді қоспағанда, өз қызметін жалғастыра алады. Тізімде Германия, Жапония, Бельгия, Ұлыбритания сынды т. б. дамыған елдердің кәсіпорындары да бар»,– деп жазылған ҰЭМ таратқан мәлімдемеде.

Министрлік бұл қайталама санкциялар еместігін, яғни АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) санкциялар тізіміне жатпайтынын (SDN list) айтты.

Маусым айында «Азаттық» радиосы өзі тергеу жүргізіп, Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін Санкт-Петербургтегі Streloy E-commerce компаниясы Elem Group компаниясынан қос мақсаттағы тауарлардың жүздеген жөнелтілімдерін алды деп мәлімдеді. Қазақстандық компания Қазақстанда 2022 жылдың наурыз айында тіркелген. Оның бұрынғы негізін қалаушылардың бірі, ресейлік кәсіпкер Кирилл Туляков та Streloy E-commerce компаниясының негізін қалаушы болған деген болжам бар.

28 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары кезінде Қазақстанның санкция шарттарын қатаң сақтайтынын айтты.

«Қазақстан мен Ресей екіжақты деңгейде және тиісті интеграциялық бірлестіктер аясында тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан. Санкцияны айналып өту мәселесіне келер болсақ, Қазақстан санкция режимін мүлтіксіз сақтайтынын мәлімдеді. Біз санкия режимін сақтау жөнінде тиісті ұйымдармен ұдайы байланыстамыз», – деген болатын.

Ал 29 қыркүйекте Еуропалық комиссия сарапшылары Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар елдерге ескерту жасап, тиісті шараларға мән беруге шақырды. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да болды.

19 қазанда Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектегенін мәлімдеді. Олардың арасында дрон мен чиптер де болған. Сондай-ақ қараша айының соңында ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Қазақстанға екінші рет келді