Президент Қытайдағы жер сілкінісінен көптеген адамның қаза табуына байланысты Си Цзиньпинге көңіл айтты

Жарияланды
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың солтүстік-батысында болған жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты ҚХР  Төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Еліңіздің Ганьсу провинциясында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген отандастарыңыздың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте Сізге және табиғи апатта жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айта отырып, Қытай халқының қайғы-қасіретіне қазақстандықтар ортақ екенін жеткіземін», – деп жазылған жолданған жеделхатта.

Мемлекет басшысы зілзала кезінде зардап шеккен жандар тез арада сауығып, із-түссіз жоғалған азаматтардың отбасыларына аман-есен оралуына тілектестік білдірді.

Қытайдың солтүстік-батысында жер сілкінісі болып, кемінде 111 адам қаза тауып, тағы 220 адам жарақат алды. Оның дүмпуі Алматыда да сезіліп, 2 балдық тербеліс болды.

Жер сілкінісі Ганьсу провинциясында түн ортасында болған. Ганьсу және көрші Цинхай провинциясында үйлер мен инфрақұрылымға зақым келген. Қытай билігі апат аймағына 1,5 мыңға жуық өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды жіберген.

Сондай-ақ оқыңыз