Жаңалықтар

Apple патенттік дауға байланысты екі смарт сағаттарының сатылымын тоқтатады

Apple смарт сағаттары

Apple смарт сағаттары 21 желтоқсаннан бастап сатылымнан алына бастайды / Фото: kursiv.media

Apple АҚШ-та Apple Watch Series 9 және Ultra 2 смарт сағаттарының сатылуын тоқтатады. Бұл жайлы Reuters басылымы хабарлады.

Компания қандағы оттегі деңгейін бақылайтын технологияға қатысты патенттік дауға байланысты сағаттардың сатылымын шектеуге мәжбүр. Нақтырақ айтсақ, компания Масимоның патенттік құқықтарын бұзған. Масимо Apple компаниясын өз қызметкерлерін жалдап, пульсоксиметрия технологиясын ұрлап, оны танымал Apple Watch сағатына енгізді деп айыптады.

АҚШ халықаралық сауда комиссиясың (ITC) Apple компаниясына Apple сағаттарын импорттауға тыйым салған. Бұл тыйым 26 желтоқсаннан бастап күшіне енуі мүмкін.

Екі компания да АҚШ президент Джо Байденнің шешімін күтіп отыр. Ол 25 желтоқсанда белгілі болады.

Егер тыйым алынбаса, компания смарт сағаттардың сатылымға шығуы үшін құрылғының алгоритмдеріне өзгерістер енгізуі мүмкін. Bloomberg Apple инженерлерінің осы мәселені шешуді ойластырып жатқанын жазған.

Ал 21 желтоқсаннан бастап Apple сағатты өз веб-сайтында және 24 желтоқсаннан кейін Apple бөлшек сауда орындарында сатуды тоқтатпақ. Ал қандағы оттегі сенсорынсыз істейтін басқа модельдер сатылымнан түспейді.

Бұл ақпараттан кейін Apple акциялары 1,4%-ға төмендеген.

Counterpoint Research мәліметтері бойынша, Apple ғаламдық смарт сағаттар нарығының төрттен бір бөлігіне иелік етеді. Сарапшылар бұл үлестің 2023 жылдың төртінші тоқсанында өсе түсетінін айтады. Сондықтан да Apple-де қандағы оттегіні өлшейтін сенсордың болуы маңызды.

Осыған дейін Apple Қытайдағы өндірістің қиындықтарына байланысты Үндістанда iPhone өндірісін арттыруды жоспарлап отырғанын жазған болатынбыз. Егер бұл жоспар жүзеге асатын болса, дүниежүзілік iPhone өндірісінің төрттен бірі Үндістан үлесіне тиеді. Дегенмен Қытай ең ірі смартфон өндірушісі болып қала береді.

Сондай-ақ Қытай өз шенеуніктеріне іPhone телефондарын пайдалануға тыйым салды. Осыған байланысты Apple акциялары екі күнде 5,1%-ға құлдырады. Жалпы Apple акциялараның баға белгілері Қытайдағы оқиғалармен тығыз байланысты. Бұл нарық корпорация үшін ең жоғары басымдыққа ие. Себебі iPhone телефоны жеке тұтынушылар арасында да, Қытайдағы мемлекеттік қызметкерлер арасында да кеңінен пайдаланылады.