Қытайда 6 балдық жер сілкінісі болды, оның дүмпуі Алматыда сезілді

Жарияланды
жер сілкінісі

Қытайда жер сілкінісі салдарынан 111 адам қаза тапты / Фото: kursiv.media

Дүйсенбі күні, 18 желтоқсанда, Қытайдың солтүстік-батысында жер сілкінісі болып, кемінде 111 адам қаза тауып, тағы 220 адам жарақат алды, деп хабарлайды ВВС Қытайдың мемлекеттік арналарына сілтеме жасап. Оның дүмпуі Алматыда да сезіліп, 2 балдық тербеліс болды.

Жер сілкінісі Ганьсу провинциясында түн ортасында болған. Ганьсу және көрші Цинхай провинциясында үйлер мен инфрақұрылымға зақым келген. Қытай билігі апат аймағына 1,5 мыңға жуық өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды жіберген. Өңірдің кейбір аудандарында энергия мен су беру үзілген.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы 5,9 құраған. Ал жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте болған.

Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ганьсу провинциясында 100 адам қаза тауып, 96 адам жараланған. Ал Цинхай провинциясында 11 адам қаза тауып, 124 адам жараланған.

Осы төтенше жағдайға байланысы Қытай басшысы Си Цзиньпин іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге, зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетуге және зардап шеккендердің санын азайту үшін барынша жылдам құтқару шараларын жүргізуді тапсырған.

Іздестіру-құтқару жұмыстары күрделі метеорологиялық және географиялық жағдайларға байланысты қиындаған. Жер сілкінісі болған аймақтада ауа температурасы -14 градусқа дейін төмендеген. Синоптиктердің болжауынша, алдағы 10 күнде бұл елдімекендерде ауа температурасы күндіз 5 градусқа дейін көтеріліп, түнде -14 градусқа дейін төмендейді.

Осыған орай Қытай билігі елде жер сілкінісіне жедел әрекет етудің екінші деңгейін енгізген. Әрекет етудің 1-ші деңгейі ең жоғарғысы саналады. Бұл туралы Қытай Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Ван Шянши мәлімдеген.

Қытайда болған бұл жер сілкінісі Алматыда да сезілген. Бұл жайлы СОМЭ сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы хабарлады.

«Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстікке қарай 347 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 12,6, ал MPV магнитудасы 6», – делінген СОМЭ хабарламасында.

Алматыда жер сілікінісінің магнитудасы 2 баллды құраған.

Сондай-ақ оқыңыз