Депутаттар Түркістандағы жеке меншікке өтіп кеткен ғимараттарды “жекенің жемсауы” деп атады 

Жарияланды
Депутаттар Түркістандағы жеке меншікке өтіп кеткен ғимараттарды «жекенің жемсауы» деп атады  / gov.kz, shutterstock және facebook.com/Мақсат Толықбай

Мәжіліс депутаттары Ринат Заитов пен Мақсат Толықбай Түркістан қаласындағы мемлекетке тиесілі болған ғимараттардың жеке меншікке өтіп кеткен ғимараттар мен кәсіпкерлердің салығын тексеруге үндеу жолдады.

Үндеуді премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған.

Депутаттар Түркістан облысынан түскен арыздардан кейін аймаққа барып жағдайда өз көздерімен көргенін айтады. Олар ең алдымен 2021 жылы жеке меншікке өткен аумағы 2 100 шаршы метр болатын Түркістан қаласындағы Неке сарайына барған.

«Кәсіпкер басқаруындағы нысаннан былтыр бюджетке 15 мың теңге аударған. Талап бойынша ол табысының кем дегенде 50%-ын қазынаға құюға міндетті. Сонда Неке сарайының ішіндегі қызмет көрсететін сұлулық салондары, той ұйымдастыру орталығы, фото-видео студиялар, дәріханалардың бәрі жабылып, бір жылда 30 мың теңге пайда тапты дегенге кім сенеді. Тексеру керек деп ойлаймыз», – дейді депутаттар.

Депутаттардың айтуынша, Юнеско клубының құрамында тұрған, жүздеген баланы тәрбиелеп отырған жалғыз қолөнершілер мектебі мейрамханаға айналып кеткен. 

«Қазақ шеберлерінің көрнекті көрмесіне айналады деген визит орталығының да айналасында қазір үлкен дау туып жатыр. Жекешеленген нысан айғай-шудан кейін қайта мемлекетке өткен. Бірақ орталықты мемлекет сенімгерден миллиондаған қарызбен қайтарып алған. Қызығы мекемені біреу меншігіне алады. Көл-көсір пайда табады. Содан кейін «су мен жарыққа кететін шығынды өзің төлеп ал» деп мемлекетке қайтара салады. Мемлекет «ләппай» деп ала салады», – дейді депутаттар.

Бұдан бөлек, депутаттар ауданы 3145 шаршы метр болатын Шығыс моншасының да 2020 жылы жеке басқаруға өткенін айтады. Сыйымдылығы 90 адам болатын моншадан 2022 жылы табыстың 50% ретінде жергілікті бюджетке 557 мың теңге аударған. 

Түркі әлемінің мәдени астанасы деген атауы бар Түркістанда Мәдениет үйі де сатылып, тойханаға айналған.

«Түркістан қаласының әкімдігі отырған 4 қабатты ғимаратты жөндеуге 257 млн теңге бөлінеді де, артынша бұл ғимарат та жекеге сатылып кетеді. Панасыз қалған Түркістан қаласының әкімі нөкерлерін ертіп ескі мұражайды паналайды. Өйткені қалада жаңа музей бой көтеруі керек болған», – дейді депутаттар.

Олардың сөзінше, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы 2020 жылы сыйға тартқан Яссауи мұражайы әлі күнге бірде-бір қонақ қабылдамаған. Музейдің құрылысына 3,3 млрд теңге жұмсалған. 

Депутаттар Бас прокуратурадан арнайы өкілдерді жіберіп, кешенді тексеру жүргізуді сұрады. 

Қараша айында қарқыны қатты, жоспары жойқын болып ашылған көпфункционалды «Керуен Сарай» туристік кешені екі жарым жыл өтсе де, толық қуатында жұмыс істей алмай отырғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз