Қазақстан-Ресей шекарасында автомобиль өткізу пунктінде қосымша электрондық кезек қолданылады

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:kt.kz

Мемлекеттік кірістер комитеті 2023 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан-Ресей шекарасында «Бидайық» автомобиль өткізу пунктінде (Солтүстік Қазақстан облысы) электрондық кезек жүйесі қолданылатынын еске салды. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, сервис Qoldau.kz цифрлық платформа базасында және тегін іске асырылады.

«Электрондық кезек шекарадан өтудің жеделдігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Жүк көліктерінің жиналуын болдырмайды. Электрондық кезек енгізілгеннен бастап «Бидайық» өткізу пунктінде 1 мыңнан астам жүк көлік брондаған»,делінген хабарламада.

Оң нәтижелерді ескере отырып, Ресей Федерациясымен шекарадағы 7 автомобиль өткізу пунктінде қосымша электрондық кезекті қолдану жоспарлануда:

2024 жылғы 15 қаңтардан бастап «Қарашатау» (Ақтөбе обл.) және «Жезкент» (Абай обл.) өткізу пункті;

2024 жылғы 31 қаңтардан бастап «Убе» (Шығыс Қазақстан обл.) және «Ақсай» (Батыс Қазақстан обл.) өткізу пункті;

2024 жылғы 15 ақпаннан бастап «Обаған» (Қостанай обл.) және «Найза» (Павлодар обл.) өткізу пункті;

2024 жылғы 30 сәуірден бастап «Құрманғазы» өткізу пункті (Атырау обл.).

Осыған байланысты, аталған автомобиль өткізу пункттері арқылы Қазақстан аумағынан шығуды жоспарлаған тасымалдаушылар «CarGoRuqsat» қосымшасы арқылы электрондық кезектен орын брондауы қажет.

Ол үшін осы сілтеме бойынша өту керек, «CarGoRuqsat» қосымшасына тіркелу және кіру, қажетті өткізу пунктін таңдау, шекарадан кесіп өту күні мен уақытын көрсету және жүргізуші мен автокөлік туралы деректерді толтыру қажет.

«Өтінім мақұлданғаннан кейін шекарадан өту үшін өткізу пунктіне уақтылы келу қажет. Күтпеген жағдайларды болдырмау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушыларды электрондық кезекті алдын ала брондауға шақырады», делінген.

Бұған дейін премьер-министр Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіне Шекара қызметімен, Ауыл шаруашылығы, Көлік министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін өткізу пунктерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша нақты шара әзірлеуді тапсырды. Ал Цифрлық даму министрлігіне осыған қатысты барлық ақпараттық жүйені біріктіру міндетін жүктеді.

«Көлік министрлігі Сауда, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, көлік-логистикалық орталықтар мен кеден қоймаларын дамытудың жол картасын әзірлеуі керек», – деді премьер-министр.

Сондай-ақ оқыңыз