Жаңалықтар

Qarmet АМТ-ның кеншілер алдындағы қарызын толық өтеді

Qarmet АМТ-ның кеншілер алдындағы қарызын толық өтеді / коллаж kursiv.media

Qarmet-тің жаңа басшылығы «АрселорМитталТеміртау» бұрынғы инвесторының қарыздарын өтеген. Енді кеншілер медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарналарымен қамтылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

Костенко шахтасында болған қайғылы оқиғадан кейін кеншілер міндетті медициналық сақтандыру қорына қазан айына төлем жасалмағанын білген. Орталық коммуникациялар қызметінде журналистер Светлана Жақыповадан осы мәселенің шешімі туралы сұраған.

Министр жаңа инвестордың АМТ қарызын өз мойнына алып, толық өтегенін айтты.

«Qarmet-тің жаңа құрылтайшысы «АрселорМиттал Теміртаудың» қарыздарына қатысты барлық міндеттемелерді өз мойнына алды. Кеншілер алдындағы қарыздарды өтеуге және жеткізушілер алдындағы қарызды жабуға шамамен 286 млн теңге жұмсалған. Кеншілердің жалақысы және БЖЗҚ төлемдері бойынша қарыздар жоқ», – деді министр.

Бұдан бөлек, Жақыпова Қазақстан бойынша 33 кәсіпорынның жалпы соммасы 840 млн теңгеге жуық қарызы барын атап өтті. 

«Мемлекеттік инспекторлармен бірге бұл мәселелерді қарастырып жатырмыз», – деп қосты министр.

8 желтоқсанда үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Ол жаңа инвестор Allur автоконцерні директорлар кеңесінің басшысы және акционері Андрей Лаврентьев екенін айтты. 
Қанат Шарлапаев жаңа акционердің не үшін таңдалғанын түсіндірді және ArcelorMittal Temirtau-ға Qarmet атауы қайтарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

28 қазанда Костенко шахтасында 46 кеншінің өліміне әкелген оқиғадан соң, үкімет шалт қимылдай бастады. Апат болған күні Митталдың АМТ-ны Қазақстанға қайтаратыны белгілі болды. Өндіріс министр Қанат Шарлапаев сол күні дереу ақпарат таратып, «АресорМиттал Теміртаудың» меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға берілетінін мәлімдеді.