Еңбек министрі жеңіл жұмыс істегісі келетін кеншілерге басқа қалаға көшуді ұсынады

Жарияланды
Еңбек министрі жеңіл жұмыс істегісі келетін кеншілерге басқа қалаға көшуді ұсынады / коллаж kursiv.media

Жеңіл жұмыс істегісі келетін кеншілерге жұмыспен қамту орталығы бизнес ашу жолдарын көрсетіп немесе басқа қаладан жұмыс тауып бере алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

Осыған дейін Еңбек министрлігі зиянды жұмыс орнында істейтін азаматтарға жеңіл жұмыс тауып бере алатынын айтқан. 

Алайда Орталық коммуникациялар қызметінде журналистер шағын қалаларда негізгі жұмыс орны кәсіпорындар мен кен орындары екенін айтты. Кен орнынан жұмыстан кеткен күннің өзінде шағын қалада аула сыпырудан басқа жұмыс табылмайды. Бұған қатысты сұраққа еңбек министрі Светлана Жақыпова жауап берді.

«Біз тек қоғамдық жұмыс, аула сыпырушы немесе күзетші болуды ұсынбаймыз. Бизнестің негіздерін үйретіп, жеке қолөнер шеберханасына ашуды жоспарлауға көмектесеміз немесе басқа қалаға көшуді, басқа салада бақ сынап көруді, басқа мамандық игеруді ұсынамыз. Таңдау мүмкіндігі кең», – деді Жақыпова.

Еңбек министрі кеншілерге арналған орталықтарда кәсіптік бағдарлауға тестер өткізетінін, олардың қабілеттеріне қарап, оқуға жіберіліп, содан кейін жұмысқа орналасатынын айтты.

«Жұмыспен қамту орталықтары оларға қолдау көрсетеді. Зиянды өндірістен кейін қайта даярлау керек болса, оған да мүмкіндік береміз. Біз кеншілермен кездескен кезде олар «шахтадан өзге жерде жұмыс істемегенін, қайда жұмыс істейтінін» білмейтінін айтады. Біз орталыққа келсе, жұмыс тауып беретінімізді айтамыз», – деп қорытты министр.

Осыған дейін Қазақстанда кеншілер зейнетке ерте шыға алатынын жазған едік. Ол үшін екі талапқа сай боуы керек: жасы 55-тен асуы және кейінгі 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы. 

18 тамызда Ұлытау өңірінде «Қазақмыс» корпорациясының 100-ден астам кеншісі ереуілге шықты. Шахтерлер еңбек жағдайлары мен ерікті медициналық сақтандыруды жақсартуға, сондай-ақ сыйақы мен өтемақы мөлшерін арттыру мәселесі қамтылған 15 шақты талаппен қойды.  Содан бері кеншілердің еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі күн тәртібінде тұр.

Сондай-ақ оқыңыз