Karabatan Utility Solutions және «Теңізшевройл» компаниялары миллиардтаған айыппұл арқалады

Жарияланды

Атырау прокуратурасы жүргізген қадағалау жұмыстарынан кейін, Karabatan Utility Solutions ЖШС және «Теңізшевройл» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Облыстық прокуратураның хабарлауынша, табиғатты пайдалану субъектілерінің экологиялық заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізілген. 

«Талдау шеңберінде парниктік газдар квотасынан асып кету, эмиссияны экологиялық рұқсатсыз жүзеге асыру, сондай-ақ рұқсат етілген қалдықтар нормасынан асып кету және жердің ластану фактілері анықталды», делінген хабарламада.

Тексерудің нәтижесінде аталған компаниялар кінәлі деп танылып, бюджетке 10,7 млрд теңге айыппұл төлеген.

2023 жылдың тамыз айында ғана Атырау облысы әкімдігінің Экология департаменті «Теңізшевройл» компаниясына табиғатты ластағаны үшін жалпы сомасы 2,8 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған.

Ал қыркүйекте (ТШО) өз тарихындағы ең күрделі жөндеу жұмыстарының бірін мерзімінен бұрын сәтті аяқтап, Теңіздегі барлық қондырғыда өндіріс қауіпсіздігін қалпына келтіргені хабарланған еді.

Айта кету керек, Karabatan Utility Solutions ЖШС 2014 жылы құрылған және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына кіреді, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС-ның еншілес құрылымы

Атырау облысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым объектілерін салу » жобасын іске асыру мақсатында бұл компания осы экономикалық аймақтың өндірістік және жалпызауыттық инфрақұрылым объектілерін салу жөніндегі оператор болып белгіленді.

Сондай-ақ оқыңыз