Жаңалықтар

Шұбаркөл трагедиясы: Ресей ГРЭС-і көмір қалдықтарын неге Қазақстанға төгеді?

Шұбаркөл
Шұбаркөл көліне Ресей ГРЭС-нің қалдықтары төгіледі/ Көрнекі фото: kursiv.media

Қостанай облысындағы Шұбаркөл көлін Ресей ГРЭС-і ластап жатыр. Бұл жайлы мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов айтты.  

«Қазіргі таңда еліміздегі экологиялық мәселелердің ошақтарының бірі – Қостанай облысындағы Қарабалық ауданындағы күл үйіндісі. Мұнда, Шұбаркөл көлінің түбінде Ресей Федерациясының елді мекендерін электр және жылумен қамтамасыз ететін Челябі облысындағы Троицкая ГРЭС-те көмірді жағу кезінде пайда болған күл қалдықтары жиналады»,- дейді депутат. 

Депутаттың айтуынша күл мен шлак қалдықтарын сақтау үшін бұл жерлерді пайдалануға беру жөніндегі рұқсат қағазы 1993 жылы берілген екен. Содан бері күл үйіндісі орналасқан орынды жабу мәселесі әлі шешілмеген. Нәтижесінде бұл стансадан шыққан күл-қоқыс қалдықтары Шұбаркөл көліне құйылып жатыр.

«2017 жылғы 16 қарашадағы екі елдің Үкіметаралық комиссиясы отырысының хаттамасына сәйкес күл үйіндісін толтырудың рұқсат етілген мерзімі 2024 жылдың соңына дейін белгіленген. Бүгінгі күні бұл жердің 1 учаскесі қайтарылып, Қарабалық аудандық қорына берілген. Ал 2 жер учаскесі қайтарылғанымен бірақ мелиорация жұмыстары белгіленген параметрлерге сәйкес жүргізілмегендіктен қабылданбаған. Ал 3 учаске әлі де қолданылып жатыр»,- дейді Тұрғанов. 

2018-2023 жылдар аралығында экология департаментімен 4 профилактикалық бақылау және 5 жоспардан тыс тақырыптық тексеру жүргізілген.Тексеріс нәтижесінде кәсіпорынға 2,5 млн теңгеге 5 әкімшілік айыппұл салынып, 25,5 млн теңге залал өндірілген. 

«Депутат бұрын Ресейдің Троицкая ГРЭС-і Екібастұз көмірін сатып алғаны үшін күл үйіндісін төгетін орынды пайдаланған. Алайда қазір бұл станция қазақстандық көмірді пайдаланбайды. Бірақ соған қарамастан  Шұбаркөл көліне күл мен қож қалдықтарын төгуді әлі де тоқтатпаған. Бұл көлем жыл сайын артып келеді. Егер 2021 жылы 57 мың тоннадан астам күл-қож қалдықтары төгілсе, 2022 жылы 67 мың тоннадан астам қалдық тасталған. Осылайша, бір кездері белгілі бір ымыраға келу мәмілесі өзінің прагматизмін әлдеқашан жоғалтып, экологиялық сын-қатерге деңгейіне көшті. Яғни, Троицкая ГРЭС-і өз еліндегі тұтынушыларды электр қуатымен, жылумен қамтамасыз еткенімен, жерімізді, ауамызды ластап жатыр»,- дейді депутат. 

Соңғы үш жылда Троицкая ГРЭС-і жер телімдерін пайдаланғаны үшін 22 миллион теңге, ал заңды тұлғалардың мүлкі үшін 7 миллион теңгеге жуық салық төлеген. Депутат бұл қаражаттан гөрі қоршаған орта мен облыс тұрғындарының денсаулығы маңызды екенін айтады. Депутат бұл мәселені шешуге қатысты «Аманат» партиясының атынан бірнеше ұсыныс айтты. 

«Қысқаша айтқанда, пайдасын олар көріп жатыр, ал зардабын біздің халык шегіп жатыр. Осы орайда бірнеше ұсыныстарымыз бар.. 2017 жылғы 16 қарашадағы Қарабалық ауданының Троицкая ГРЭС-інің күл-қож қалдықтарын тасымалдау және сақтау үшін жер телімдерін пайдалану жөніндегі комиссияның 2017 жылғы 16 қарашадағы ішкі құқықтар туралы хаттамасы қайта қаралсын және оларды Қазақстан Республикасының аумағына төгу тоқтатылсын. Сондай-ақ Троицкая ГРЭС-іне күл-қож қалдықтары көмілетін учаскелерде белгіленген параметрлерге сәйкес барлық рекультивациялық жұмыстарды жүргізу міндеттеліп, барлық учаскелерді Қостанай облысы Қарабалық ауданының жер қорына өткізсін»,- деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Еске сала кетсек, 2019 дерекке сәйкес Қазақстанда тек төрт өзен «нормативтік таза» деп танылған.  Еліміздегі 139 су нысандарының ішінен тек 4 өзен яғни Атырау облысындағы Жайық, Шароновка, Қиғаш, Түркістан облысындағы Қатта-Бұғұн өзендері мен Каспий теңізі таза саналады.

102 нысан «бірқалыпты ластану деңгейіне» жатқызылған: олар – 68 өзен, 17 көл, 14 су қоймасы және 3 арна. Ластанудың жоғары деңгейі 16 өзен мен 14 көлде тіркелген. Ал өте қатты ластанғандардың қатарында төрт өзен бар. Олар – Солтүстік Қазақстан облысындағы Красноярка және Ақмола облысындағы Ақсу, Қылшықты, Шағалалы өзендері мен Майбалық көлі.

Ал көлемі жағынан әлемде 13-орын алатын көл тартылып барады.  Экологтар осындай дабыл қағып отыр. Зерттеулерге сүйенсек, көлдегі су деңгейі 1970 жылдан бері төмендей бастаған. Оған жаһандық жылынудан бөлек, Балқашқа құятын өзен суларын тиімсіз пайдалану да әсер еткен. Су деңгейінің төмендеуінен құрғақшылық жайылып, шаңды дауыл жиілеген.  Егер дер кезінде шара қолданбаса, Балқаш та Арал теңізінің қамытын киюі ықтимал.