9 жыл ішінде су инфрақұрылымына 1 трлн 100 млрд теңге жұмсалған – Годунова 

Жарияланды (жаңартылды )
су

Қазақстанда су ресурстары шектеулі, соған қарамастан елімізде су үнемдеуге айтарлықтай мән берілмей келеді / Фото: kursiv.media

9 жыл ішінде су инфрақұрылымына 1 трлн 100 млрд теңге жұмсалған. Бұл жайлы Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова айтты.

«Елімізде 2013-2022 жылдар аралығында орталықтанған сумен қамтамасыз етуге 1 трлн 100 млрд теңге кеткен. Қазіргі таңда ауызсумен елдімекендердің 78 пайызы ғана қамтамасыз етілген. 2012 жылдан бастап суармалы жерлер 78 мыңға кеңейген. Соған қарамастан су ресурстарын пайдалану тиімділігі өте төмен. Бұл ауылшаруашылыққа қажетті судың жетіспеушілігіне әкеліп отыр. Халық орталықтан суға қосылмаған. Әсіресе, ауылдарда жағдай қиын”,– деді Годунова. 

ПРООН мәліметі бойынша 2030 жылға қарай Қазақстанда су көлемі 75 мың км3 дейін азаяды. Оның үстіне Қазақстан сыртқы суларға тәуелді. Трансшекаралық өзендер арқылы келетін су көлемі жылдан-жылға азайып бара жатқаны да жасырын емес. Годунова судың Қазақстан үшін оңай жолмен келмейтініне қарамастан, елімізде су мүлде үнемделмейтінін айтты. 

«Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан су үнемдеу технологияларын мүлде пайдаланбайды деуге болады. Ескі каналдар мен ескі желілер бойынша су жоғалту көлемі орасан зор. Біз есептеп көрдік. Тек 2022 жылдың өзінде ауылшаруашылықтарға су жоғалту көлемі 5,2 км3 құраған. Бұл жалпы қабылданатын су көлемінің 45 пайызын құрайды. Ал трансшекаралық өзендер бойынша су жетіспеушілігі 0,8 км3 құрады. Өздеріңіз салыстырып көрсеңіздер де болады. Біз су үнемдеуге көшу арқылы трансшекаралық суларды пайдалануға қатысты мәселелерді толық шеше аламыз»,– деді ЖАП басшысы. 

Сонымен бірге ЖАП басшысы оңтүстік өңірлерде суармалы жерлердің тек 5 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары пайдаланылатынын, тіпті соның өзі бір жылда 0,2 км3 суды үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтты. 

Жоғары аудиторлық палатаның есеп комитеті 2018 жылы аудит жүргізген. Олар су шаруашлығына қатысты су ресурстарын тиімді басқару тетіктері мен активтерін тексерген. Ал 2022 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен оңтүстік аймақтардың су ресурстары бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізген. Осы жылы «Қазсушар» РМК халықаралық несиелерді пайдаланудағы қаржылық шаруашылық қызметінің тиімділігіне аудит жүргізген. Тексеру барысында біршама олқылықтарды анықтаған. 

«Экология, Ауылшарушылығы министрлігі мен «Қазсушар» РМК бірлесіп су саласына  бюджеттен 68 млрд теңге бағыттап, 693 млрд теңгенің активтері қамтылған. Оның ішінде 3 млрд 300 млн теңге қаржылық бұзушылықтар анықталса, 56 млрд теңге бюжет пен қарызға алынған қаражат тиімді пайдаланбаған болып шықты. Ал 2,5 млрд теңге қаражат бойынша экономикалық шығынға ұшырап, тиімді табыстан айырылған. Аталған қаражаттың бюджетке 1 млрд 700 млн теңгесі ғана қайтарылды. Бюджеттен қомақты қаражат құйылса да, барлық негізі проблема су ресурстарын басқару жүйесінің тиімсіз ұйымдастырылуымен байланысты»,– дейді Наталья Годунова.

Мәселен Жамбыл облысында 16 каналды реконструкциялау жобасы жүзеге асырылған. Бірақ жоба о баста қате жоспарланғандықтан, өзгерістерге ұшыраған. Нәтижесінде оның бағасы қымбаттаған.  Ал жоба бойынша жасалған  жұмыстың 50 пайызына жұмсалған 1,1 млрд теңге қаражат босқа шығындалған.

«Тағы бір аспект, гидротехникалық құрылыстардың қолжетімсіздігіне қарамастан, 2009 жылдан бері «Қазсушар» су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жобасын жүзеге асырған. Құны сол кезде 422 млн теңгені құраған. Жоспар бойынша бұл жүйеге 6 мың су тазарту қондырғысын қосу жоспарланған. Ал 2023 жылдың мамыр айында жүргізілген тексеру кезінде, яғни 14 жылдан кейін автоматтандырылған гидротехникалық құрылысқа қосылған нысандар үлесі небәрі 2 пайызды немесе 118 нысанды құрады.Оның ішінде тек 47-інде ғана жұмыс істейтін ақпараттық жүйесі бар. Яғни, барлық автоматтандырылған нысан 1 пайыздан аз. Ал олар «Қазсушардың» өзімен интеграцияланбаған», – дейді Годунова. 

Сонымен бірге Годунова тек бюджет қаражаты ғана емес, сонымен бірге халықаралық несиелеу бойынша бұл салаға бөлінген қаражаттың да тиімсіз пайдаланылғанын айтады.

«Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкінің несиелендірумен  «Қазсушар» 2017 жылдан бері жалпы құны 317 миллион АҚШ долларын құрайтын 61 жобаны жүзеге асырып жатыр. ЖАП аудиті кезінде 5 жылдан бері небәрі 18 жобаның ғана аяқталғаны анықталды. 37-сі іске асыру сатысында, 6-уы бойынша  жұмыс әлі басталмаған. Себебі сол баяғы – сапасыз жоспарлау мен адал емес мердігерлер. Сонымен бірге аудит нәтижесінде ЕҚДБ-ның 3 млрд теңге несиелік қаражатына жоспарланған 8 жобаға деп сатып алынған құрал-жабдықтар мен салынған инфрақұрылымдар негізгі мақсаты бойынша пайдаланылмай отыр», – дейді ЖАП басшысы.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық пен су тасқыны өнім алу көрсеткішін 30%-ға дейін төмендетуі мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз