Бұрынғы Ұлттық Экономика Министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі медициналық сараптамалардың нәтижелерін алғаннан кейін сотқа келіп түседі. Бұл туралы Сенатта ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.
Ал Әділет министрлігі 21 желтоқсан күні істі тергеу аясында Нүкенованың қайтыс болу себептерін анықтау үшін 12 сараптама тағайындалғанын хабарлады. Олардың біреуінің нәтижесі өткен аптада белгілі болды, ал қалған барлық зерттеулер бір айдың ішінде аяқталады.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, сараптама жақын арада аяқталады. Сараптамалардың барлығы дайын болған соң, сотқа жіберіледі. Қазір тергеу амалдары аяқталып, сараптама қорытындылары түскеннен кейін, істің құжаттарымен екі жақты да таныстыру керек. Оған да белгілі бір уақыт керек. Содан кейін іс сотқа жолданады.
Айта кету керек, Қожаев 16 қарашада сот-медициналық сараптамалардың нәтижелері желтоқсан айының ортасына дейін белгілі болады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Бишімбаев ісі бойынша аутопсия жүргізіліп, барлық қажетті биометриялық үлгілер алынды. Осы материалдардың негізінде сараптама нәтижелері бойынша есеп жасалады.
Естеріңізге сала кетейік, Қуандық Бишімбаев 9 қарашада ұсталды. Ол Астанадағы мейрамханалардың бірінде қайтыс болған жұбайы Салтанат Нүкенованы айрықша қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді.
Сонымен қатар, экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жары Салтанат Нукенова қайтыс болған Гастро орталықтың директоры 2 айға қамауға алынды. Бұл туралы Астана полиция департаменті хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ-ге бұл істі тергеуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Қаза тапқандардың отбасы куәгерлерді іздеп қазақстандықтарға жүгінді.