Геологиялық қор 1 млрд тоннаға дейін өседі – Энергетика министрлігінің болжамы жарияланды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Шөгінді бассейндер зерттеліп, арнайы атлас бекітілді. Бұл іс геологиялық барлауды ынталандыру үшін атқарылды. Сенаттың жалпы отырысында осындай мәлімдеме жасалды.

Сенатор Амангелді Төлемісов Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтен отандық мұнай саласы қалай дамып жатқанын және сарқылатын кен орындарының саны қанша екенін сұрады.

«Ірі кен орындары бойынша жобаларға ұлттық компанияның міндетті үлестік қатысуын белгілеу және жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты объектілерді сатып алу бойынша мемлекеттің басым құқығын қолдану аясын кеңейту көзделген. Осы нормаларды іске асыру отандық мұнай саласының дамуына қалай әсер етеді? Жақын немесе орта мерзімді келешекте ірі кен орындары ашыла ма?» – деп сауал қойды депутат.

Энергетика вице-министрі шөгінді бассейндер зерттеліп, арнайы атлас бекітілгенін баяндады.

«Бізде 15 шөгінді бассейн бар. Оның бесеуі игеріліп жатыр. Қалған 10 шөгінді бассейінде геологиялық барлау жұмысы жүргізіледі. Шөгінді бассейндердің анализі нәтижесінде 76 млрд тонна шартты отын түрінде резерв бар екені анықталды. Біз геологиялық қор 1 млрд тоннаға дейін өседі деп болжап отырмыз», – деп жауап берді.

Бұдан кейін сенатор Амангелді Төлемісов: «Бүгінгі таңда елімізде қанша сарқылатын кен орыны бар? Сарқылатын кен орындарында өндіруді ынталандыру нәтижесіне қандай әсер аламыз?», – деген сұрағын қойды.

Вице-министр Асхат Хасенов: «Қазір 205 мұнай-газ кен орны игеріліп жатыр. Соның ішінде өндіру көрсеткіші – 70%, сулануы – 85% немесе өндіру коэффициенті 0,4%-ға тең 20 кен орнын көріп отырмыз», – деп нақтылады.

Айта кетейік, Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұл заң жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіруді, сол арқылы сарқылатын кен орындарына инвестиция тартуды ынталандыруды көздейді.

Заңда жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске базалық жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама мерзімін 6 айға дейін қысқарту және базалық жобалау құжаттарын сараптау тәртібін қайта қарап, келісу кезеңін 8 айға азайту новелласы енгізілген. Сонымен қатар көмірсутек  саласындағы аукциондық рәсімдерді жетілдіру арқылы электронды аукцион өткізу кезіндегі бәсекелестікті күшейту мәселесі қарастырылған. Барлау кезеңін ұзартуға қосымша мүмкіндік беріліп, барланған жер қойнауы учаскелерін өнеркәсіптік айналымға тарту мерзімін 3 жылға дейін қысқарту қажеттігі нақтыланған. Бұған қоса барлау кезеңін ұзарту туралы өтініш беру мерзімін созу, табылған кен орнын бағалау жұмысын жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған.

Бұған дейін Қазақстанда инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға өзгерістер енгізілетіні айтылған. Соның нәтижесінде Қазақстан инвестициялық тартымды елдер тізімінде 2025 жылы – 53 орынға, ал 2036 жылға қарай – 42 орынға табан тіреуі тиіс. «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжат 2023 жылдың 10 қарашасына дейін қоғамдық талқылауда болды.

Еске сала кетер болсақ, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізілген. Энергетика министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тәртібін өзгерткен.

Сондай-ақ оқыңыз