Электронды коммерция: Азаматтар қолма-қол ақшамен саудаласуды азайтты

Жарияланды (жаңартылды )
электронды сауда-саттық
Алғашқы жарты жылдықта электронды сауда-саттық бойынша транзакция саны 87 пайызға артқан / Фото: kursiv.media

Электронды сауда-саттық көлемі артты

Елдегі бөлшек электронды сауда-саттық көлемі жоғары қарқынмен өсіп келеді. Қазір сауда орындарында қолма-қол ақша төлемін қолданушылар әжептәуір сиреді. Ал тауар мен қызметке онлайн тапсырыс берушілер тіпті арта түсті. 2023 жылдың алғашқы жартысының өзінде онлайн сатылым 2022 жылғы жалпы сатылымның 66 пайыздан астамын құрапты. Сөйтіп, биылғы алты айдың қорытындысы бойынша еліміздегі бөлшек электронды коммерция нарығының көлемі 896 млрд теңгеге жетті. Бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Бұл туралы PwS Қазақстан зерттеуінде айтылады.

«Жылдық инфляция мәні шырқау шегіне жеткен, төлем қабілеті төмендеп, өмір сүру құны жаһандық деңгейде жоғарылаған 2022 жылғы турбулентті жағдайларға қарамастан Қазақстандағы бөлшек электронды сауда нарығы айтарлықтай өсім қарқынын көрсетіп отыр. Елдегі цифрландыру деңгейін арттыруға және электронды бөлшек сауда нарығын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетуден басқа, 2023 жылы нарықтың өсуіне жаңа маркетплейстердің де пайда болуы әсер етті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда биыл жарты жылда сатылым көлемі 79 пайызға артты. Ал транзакция саны 87 пайызға өсіп, 36 млн теңгені құрады және теңгедегі орташа чектің 4 пайызға төмендеуіне алып келді. Инфляцияның жоғары мәндері, геосаяси тәуекелдер, энергетикалық дағдарыс қаржылық тұрақсыздық тұтынушылардың мінез-құлық үлгілеріне әсер етуі мүмкін деп болжауға болады – адамдар қажетті тауарларды сатып алуға және тауарларды арзан аналогтармен ауыстыруға назар аударды», – дейді Еуразия өңіріндегі консультациялық тәжірибе лидері Наталья Лим.

Сарапшылар нарық өсіміне бірнеше фактор әсер ететінін айтып отыр, соның ішінде мемлекеттің цифрландыруға қатысты қолдау шараларын атап өтуге болады. Сонымен қатар азаматтардың өздері де онлайн саудаласу тәртібін қолайлы көре бастады. Оның үстіне Pinduoduo, Taobao, Trendyol сияқты маркетплейстердің де ерекше қарқынмен дамуы шығу тегі қазақстандық тауарлардың сатылымына ерекше үлес қосып жатыр.

Алғашқы жарты жылдықта транзакция саны 87 пайызға артқан (2022 жылдың алты айымен салыстырғанда). Жалпы бөлшек саудаға электронды бөлшек коммерцияның кіріге түсуі жоғары қарқынмен жүзеге асып жатыр. 2023 жылы оның үлесі 12 пайызға жеткен. 2023 жылдың бірінші тоқсанында сатылым айналымының 11 пайызға құлдырап кетуін сарапшылар маусымдық табиғи құбылумен байланыстырады. Яғни, әдетте нарық көрсеткіштері мерекелік кезеңнен кейін құлдырауға бейім. Сатылым көлемі 425 млрд теңгеге дейін төмендеп кетті, алайда мұның өзі 2022 жылдың бірінші тоқсанының көрсеткішінен 94 пайызға жоғары.

«Халықтың сатып алу қабілетінің өзгергенін де ескеру қажет. 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда биыл бірінші тоқсанда орташа жалақының 19,3 пайызға өскеніне қарамастан, инфляцияның жоғары деңгейі нақты сатып алу қабілетін қысқартып тастады. Бұл сатылым көлемінің төмендеуіне әсер етті. Алдыңғы кезеңдерде бөлшек электрондық коммерция нарығының өсу қарқынының баяулауы байқалғанымен, 2023 жылдың бірінші және екінші тоқсанындағы жылдық өзгерістерді талдау 94 пайыз және 67 пайызға айтарлықтай өсуді көрсетеді. Нарықтың мұндай күтпеген динамикасына көптеген фактор әсер етуі мүмкін, соның ішінде бірінші тоқсанда инфляцияның ең жоғары мәні, нарықта ірі халықаралық маркетплейстердің пайда болуы, маркетплейстерде жаңа саудагерлерді тіркеу процесін жеңілдетілуі, сондай-ақ бірінші тоқсанда сату көлемі бір жылда небәрі 13 пайызға өскен өткен жылдың төмен базасы» делінеді зерттеуде.

Сонымен қатар жарты жылдықта транзакция саны 36 млн бірлікке дейін көбейген, бұл 2022 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 87 пайызға жоғары көрсеткіш. Тиісінше, алдыңғы жылдың көрсеткішінен 40 пайызға көп. Осылайша, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы транзакциялар саны 2022 жылдың жалпы санының 73 пайыздан астамын құрады және 2021 жылдың мәнімен теңелді.

«Бірінші тоқсандағы транзакция саны мен сатылым көлемінің өзгеру динамикасын салыстыра отырып бұл екі көрсеткіштің ұқсас динамикасын аңғаруға болады. Биыл бірінші тоқсанда сатылым алдыңғымен салыстырғанда 11 пайызға, транзакция саны 12 пайызға төмендеп кетті. Екінші тоқсанда трендтерде айтарлықтай айырмашылық байқалды – транзакция саны 25 пайызға ұлғайды, ал сатылым 11 пайызға ғана өсті, сөйтіп бұл әрі қарай теңгелей орташа чектің төмендеуіне алып келді. Тоқсан бойына транзакция санының жыл бойына өзгеруін талдай келе транзакция саны 70 және 102 пайызға өскенін байқаймыз. Яғни бірінші және екінші тоқсанда 16 және 20 млн транзакция тіркелді. Екінші тоқсанда жылдық өсім 5 жылдық максимумға жетті. 2023 жылдың екінші тоқсанында сату көлемі мен транзакциялар санының өзгеру үрдісіндегі күшті айырмашылықты ескере отырып, теңгедегі орташа чек сомасының 12 пайызға төмендегенін байқауға болады. Демек тұтынушылар онлайн сатып алуды жиі жүзеге асыра бастады, бірақ аз мөлшерде», делінеді шолуда.

Электронды сауда-саттықтың қарқын алуына әсер еткен факторлар

Сарапшылардың айтуынша, транзакция санының күрт артуына бірнеше фактор елеулі әсер етеді. Олар:

  • Жаңа логистикалық кешендердің жоспарлануы;
  • Жергілікті белсенді жеткізушілердің көбеюі;
  • Жаңа ойыншылардың пайда болуы;
  • Онлайн төлемдердің әлдеқайда ыңғайлы әдістерінің дамуы;
  • Бөлшек электронды коммерция нарығындағы ойыншылардың бизнес-моделді дамытуы;
  • Жеткізіп беру қызметінің жақсара түсуі;
  • Тапсырыстың минималды шегінің төмендеуі;
  • Ассортименттің кеңеюі.

«Бұдан бөлек, транзакция санының күрт өсіміне нарықтың жекелеген ойыншыларының онлайн тапсырыстар бойынша деректерді өңдеу әдістерінің өзгеруі әсер етуі мүмкін. Мысалы, бір онлайн тапсырыс нарық ойыншыларының есепке алу әдіснамасына байланысты бірнеше транзакциялар ретінде ескерілуі мүмкін», – дейді.

Ал биылғы алғашқы алты айда орташа чек чомасы 24,9 мың теңгені құраған. Былтырдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға төмен және оның алдыңғы жылдың көрсеткішінен 13 пайызға төмен. Бірінші және екінші тоқсандағы орташа чек сомасының құлдырауы 1 және 12 пайызды құрап отыр. Бір жағынан жалғасып жатқан жоғары инфляция және ұлттық валютаның әлсіреуі тұтынушылық белсенділіктің одан әрі төмендеуіне себеп болды. Екінші жағынан орташа чек мөлшерінің төмендеуіне нарықтың маусымдық көрсеткіштері әсер еткен болуы мүмкін. Тұтынушылар жаңа оқу жылына дайындалу, мерекелік күндерді атап өту, түрлі акциялар мен маркетингтік жобаларға қатысу себебімен жылдың екінші жартысында айтарлықтай онлайн сауда жасауды қолай көреді.

Сарапшылар әр тоқсандағы орташа чек сомасының өзгерісін талдау нәтижесінде қызықты динамика пайда болатынын айтады. 2023 жылдың бірінші тоқсанында теңгедегі орташа чек сомасының жылдық өсімі байқалған. Тиісінше, доллардағы орташа чек сомасы 14 пайызға өсіпті. Ал екінші тоқсанда теңгедегі орташа чек сомасы 17, ал доллардағы орташа чек сомасы 19 пайызға құлдырапты.

«Бұл сатылым көлемінің аздаған өсімімен және аталған кезеңдердегі транзакция санының артуымен байланысты. Сонымен қатар теңге мен доллар жұбының орташа бағамының мейлінше үлкен мәні қаңтарға (462,61 теңге), ал ең төмен мәнінің мамырға (446,60) тиесілі болғанын да естен шығармау керек. Онлайн алаңдардың типі, сондай-ақ жергілікті және халықаралық ойыншылар бойынша орташа чек талдауы қосымша үрдістерді байқатты. Мысалы, 2022 жылы онлайн дүкендердегі транзакциялардың орташа сомасы маркетплейстер арқылы жасалған сауданың орташа сомасынан 17 пайызға асып түсті. Ал 2021 жылы бұған қарама-қайшы үрдіс болған еді. 2022 жылы жергілікті алаңдардағы транзакциялардың орташа сомасы халықаралық алаңдар арқылы жүргізілген онлайн сауда-саттық сомасынан 5 есе артық болды», – деген дерек келтіреді талдаушылар.

Сондай-ақ оқыңыз