Дактилоскопиялық тіркеу – саусақ таңбасын алу арқылы жүзеге асады / Фото: Ақорда
Президент Қасым-ЖомартТоқаев дактилоскопиялық тіркеу туралы заңға қол қойды. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі және дактилоскопиялық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», делінген Ақорда хабарламасында.
Дактилоскопия – саусақ ізін тіркеу. Саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу процесі осылай аталады.
Бұл заңның негізінде саусақ ізі мен геномдық ақпарат негізінде адамның жеке басын растау мен сәйкестендірудің құқықтық нормалары белгіленеді.
Еске сала кетсек, «Дактилоскопиялық тіркеу» жобасы президентке 30 маусымда таныстырлған болатын.
Сол кезде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке басты куәландыратын құжат беру кезінде міндетті дактилоскопиялық тіркеу қолданыла бастайтыны айтылды. Деректер қорына саусақ ізі дактосканерлер арқылы енгізіліп, азамат келесі рет өтінім жасағанда оның кім екені саусақ ізі арқылы анықталуы тиіс болған.
«Бұл жоба азаматтарға уақыт үнемдеп, құжаттарын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік береді. Ең басты ерекшелігі – суретке түсірген кезде адамның бет-бейнесі танылады. Жобаны әзірлеушілер бұл заң негізінде алаяқтардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылады. Яғни дактилоскопиялық тіркеу арқылы заңсыз құжат рәсімдеу фактілері болмайды»,- деп мәлімдеді жоба әзірлеушілері.
Сондай-ақ заң жобасы негізінде 17 заңнамалық актіге өзгеріс енеді. Оның ішінде Қазақстанның 5 кодексі мен 12 заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу көзделген.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттарын қабылдау кезінде дактилоскопиялық тіркеуден өту міндеті алынып тасталғанын айтты. Яғни қазақстандықтар өз еркімен тіркеле алады. Ал шетел азаматтары үшін саусақ ізін алу міндетті болып қала береді. Сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін Қазақстан аумағындағы тіркеу органдарына жеке өтініш беру талабы енгізіледі. Бұрын олар мұны елге келмей-ақ сенімхат бойынша жасай алатын.