Жаңалықтар

2024 жылы зейнетақы мен жәрдемақылар өседі

пособие
Коллаж: kursiv.media

2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрі артатыны айтылған. Еңбек министрлігінің ақпараты бойынша,  2023 жылы 120 838 теңге болған жиынтық зейнетақы 2024 жылы орташа есеппен 130 414 теңге болады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60 %-дан 65 %-ға дейін ұлғайтылатын болады, бұл 28 215 теңгені құрайды. Ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 %-ға дейін арттырылып, 45 578 теңгені құрайды.

Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап  балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар да өседі. 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, ал 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды.

Ал көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды;

Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы

– I топ мүгедектігі бар адамдарға 95 496 теңге;

II топ – 76 397 теңгеге дейін;

III топ – 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылады.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7 %-ға ұлғайтылады. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырады», делінген таратылған хабарламада.

Бұған дейін 2024 жылғы 1 қаңтардан Қазақстанда еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылғанда тағайындалатын төлем мөлшері 7 пайызға өсетінін жазған болатынбыз. Бұл қаражат еңбекке қабілеттілікті жоғалтқан 87 мыңға жуық адамды және асыраушысынан айырылған 59 мың отбасын қамтиды.

1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем мөлшері 14,5%-ға артты. Елімізде мұндай мемлекеттік көмекті 150 мыңнан астам алады. Атап айтқанда, еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 92 мың адам алса, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдермен 61 мың отбасы қамтылған.