Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің шақыруымен Санкт-Петербург қаласына барды

Жарияланды
Тоқаев Санкт-Петербург қаласына барды / telegram.org/aqorda_resmi

Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Санкт-Петербург қаласына жетті.    

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Санкт-Петербург қаласына барды», – деп жазылған Ақорда баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің басшылары интеграциялық процестерді одан әрі дамытудың басты міндеттері мен негізгі бағыттарын талқылауды жоспарлап отырғаны айтылған.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуіне де қатысады.

Интерфакс ру хабарлауынша ЕАЭО мемлекет басшыларының кездесуінде Ресейдің бірлестіктегі төрағалығының қорытындылары шығарылып, интеграциялық үдерістердің перспективалы бағыттары талқыланады. Саммит қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарды, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақты 2030 жылға дейін және 2045 жылға дейінгі кезеңге одан әрі дамыту жөніндегі декларацияны қабылдау жоспарлануда.

Мемлекет басшыларының кездесуі аясында ЕАЭО елдері мен Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылады.

Осы отырыста ЕАЭО төрағалығы Арменияға өтеді.

22 қарашада Минскіде ҰҚШҰ елдерінің қорғаныс, сыртқы істер министрлері кеңестері мен қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырыстарына Армения үкімет басшысы Николь Пашинян қатыспаған.

Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин тәуелсіздікті мойындау және елдің ішкі саясатына араласпау негізінде бекітілген екі ел арасындағы серіктестікке қатысты сұхбат беріп, Тоқаев пен Путин арасында «шынайы достық қарым-қатынас» орнағанын айтқан болатын. 9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келген.

Сондай-ақ оқыңыз