Freedom Holding Corp. телеком-оператор құру үшін AIX биржасында $200 млн тартты

Жарияланды
Шығарушы редактор
Freedom Holding Corp
Freedom Holding Corp. 5 жылдық долларлық облигацилар шығарды

Freedom Holding Corp. компаниясы AIX биржасында 5 жылдық облигацияларын орналастырып, $200 млн тартты. Долларлық облигациялардың жылдық кірістілігі 11,5-12% аралығында. Бағалы қағаздар холдингтің еншілес компаниясы – Freedom Finance SPC Ltd. арқылы орналастырылған. Бұл жалпы мөлшері 1 млрд АҚШ долларына тең облигациялық бағдарламаның алғашқы шығарылымы.

Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турловтың айтуынша, бұл AIX-те 100%-ға жуық жеке инвесторлар қатысуымен жасалған ең ірі жария мәміле болып отыр. Ол жергілікті нарықта жеке тұлғалар сатып алған долларлық облигациялардың үлкен көлемі орналастырылғанын айтып өтті.

«Бұл ретте оларға қазақстандық қор нарығындағы ең қолайлы шарттарды ұсына алдық. Қазір бұл ай сайынғы купоны бар АҚШ долларындағы ең жоғары кірісті қағаз болып саналады», – деді ол. Инвесторлардың Freedom Telecom жобасына қызығушылығы жоғары екен.

Freedom Telecom – Қазақстанның бүкіл аумағын барынша қамтитын жаңа ұлттық жоғары технологиялық байланыс операторы. Осы облигацияларды орналастырудан келіп түсетін қаржы байланыс операторын дамытуға бағытталмақ. Турловтың айтуынша, уақыт өте келе ол Freedom-ның бүкіл экожүйесінің клиенттері үшін конвергентті телекоммуникация қызметтерінің негізгі провайдеріне айналады

Тимур Турлов бұған дейін телеком саласында бизнес ашуды жоспарлап отырғаны туралы хабарланған еді. FreedomTalks-қа берген сұхбатында ол 5G-ге негізделген байланыс желісін ашуды көздеп отырғанын мәлімдеген.

Бұл қандай облигациялар?

Облигациялар шығарылымы жария түрде ұйымдастырылып, кез келген жеке инвестор қатыса алды. Бір облигацияның номиналды құны 100 АҚШ долларын құраған. Орналастыру барысында инвесторлар 3 200-ден астам өтінім беріп, олардың әрқайсысы толық немесе ішінара қанағаттандырылған. Нәтижесінде компания облигацияларының шығарылымы толық көлемде орналастырылды.

Облигациялар айналатын алғашқы екі жылда купондық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12%-ды құрайтын болады. Облигациялар айналатын келесі үш жылда мөлшерлеме АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі сайтында жарияланатын федералдық қорлар бойынша тиімді мөлшерлемеге және 6,5% белгіленген маржаға сүйене отырып, айналыстың екінші жылының соңында анықталады. Облигациялар бойынша купондық сыйақы бүкіл айналым мерзімі ішінде ай сайын төленетін болады.

Freedom Holding Corp. компаниясының облигациялары АХҚО-ның қағидалары мен заңнамасына сәйкес арнайы мақсаттағы еншілес ұйымы Freedom Finance SPC Ltd. компаниясы арқылы шығарылды. Осы шығарылымның бағалы қағаздары Freedom Holding Corp. компаниясының купондық сыйақыны және борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындауға кепілдігімен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ оқыңыз