Shishkin_like жобасының TikTok  арнасына кибершабуыл жасалды

Жарияланды
Дариға Назарбаеваның активтері туралы видеодан кейін Shishkin_like Tiktok арнасына кибершабуыл жасалды / коллаж kursiv.media

Shishkin_like жобасының негізін қалаушы журналист Дмитрий Шишкин басылымның әлеуметтік желідегі парақшасына шабуыл жасалғанын айтты. Жобаның TikTok аккуантына белгісіз адамдар жаппай арыз түсіре бастаған.

Шабуыл жасалғаннан кейін Қазақстан экс-президентінің қызы Дариға Назарбаеваның активтері туралы басылымда жарияланған видео уақытша жоғалып кеткен.

«Shishkin_like жобасының TikTok аккаунтына шабуыл жасалып жатыр. Бүгін таңертең Қанды қаңтар оқиғасынан кейінгі Дариға Назарбаеваның активтері туралы бейнежазбаның бұғатталғаны туралы ақпарат алдық. Біздің TikTok-тағы бейнежазбаларымызға жаппай арыз түсіп жатты. Әлеуметтік желі нақты ақпарат бермегендіктен, шабуылдың деңгейі туралы айта алмаймын. Бұдан бөлек, нақты қай елдерден шабуыл жасалып жатқаны белгісіз», – деп жауап берді «Курсив» сауалына Дмитрий Шишкин.

Журналистің айтуынша, Дариға Назарбаева жайлы видео жарияланғаннан кейін, шабуыл жасаушылар жаппай арыз тастаған.

«Тек Назарбаеваға қатысты видеоға емес, өзге де видеоларға арыз түсіп жатыр. Кейде адамдар өздеріне нақты қай ақпарат ұнамай тұрғанын білдірмес үшін кез келген видеоның үстінен арыз түсіреді. Мен мұны осындай қызметті пайдалана алатын агенттік жасады ма деп ойлаймын. Әсіресе, бұл Ресейде жиі қолданылады. Боттарды TikTok немесе Instagram аккаунтқа жіберіп, көптеп арыз түсіріп тастайды»,– деді журналист.

Ол видеоны бірнеше адамның арызына бола өшіру мүмкін емес екендігін айтты. Яғни контентке жүздеген арыз түскен жағдайда ғана бұғатталады. Аккаунт иесіне ескертулер келгеннен кейін барып, видео немесе аккаунт бұғатталады.

Шишкин Meta (Facebook, Instagram) компаниясымен салыстырғанда TikTok әкімшілігі жақсы жұмыс істейтінін айтып отыр. Журналист әлеуметтік желі өкілдеріне аппеляция беріп, видео бұғатын ашуды сұрағаннан кейін, 3 сағатта мәселе шешілген.

«TikTok кері байланысы жақсы, тез жауап беріп, видеоны ашып қойды. Осының алдында Instagram Қостанай облысына қатысты видеоны бұғаттаған кезде әкімшілікпен ұзақ келісім жасау керек болған. Медиаға шабуылдың тоқтамай тұрғанын баса айтқым келеді. Біреу қазақстандық БАҚ-қа шабуыл жасап келеді»,– дейді журналист.

21 желтоқсан күні қазақстандық журналистер Kursiv.Media алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына жасалып жатқан кибершабуылдарға қарсы бірлескен жұмыс тобын құрып, мәселеге халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарын аудару мәселесін талқылаған.

БАҚ өкілдері кибершабуылдарға қарсы тұру үшін жұмыс тобын құрып, мәселені қоғам назарында ұстау керек екенін айтты. Олар алдымен  қазақстандық БАҚ-қа жасалған шабуылдардың уақыты мен ретін тізіп шығуға келісті. Мамандар шабуылдардың ауқымын көрсету арқылы мәселеге қоғам мен биліктің назарын аударуға болатынын айтады. Kursiv.Media бас редакторы қазақстандық БАҚ өкілдерін кибершабуыл фактілерін жасырмай, жұмыс тобына қосылуға шақырды.

Kursiv.Media басылымына жасалған шабуылдар жаңа деңгейге көтеріліп, бірнеше күнде басылымның telegram-арнасына 90 мыңға жуық жалған аккаунттар (боттар) қосылған.

Осыған дейін 6-11 желтоқсан аралығында Kursiv.Media сайтының серверлері DDOS шабуылға ұшырап, 1,3 миллиардтан астам өтініш тіркелген. Осының әсерінен Kursiv.Media сайты ашылмай қалған еді. Басылымның IT-департаменті мен қауіпсіздік қызметінің жедел және тиімді әрекеттерінің нәтижесінде сайтқа келген зардаптар аса қатерлі болмады. Сондай-ақ, корпоративтік поштаны бұзу әрекеттерімен, басылым қызметкерлеріне жалған мекенжайлардан хат жіберу фактілері болды. Дәл қазір Kursiv Instagram аккаунты бұғатталған.

Сондай-ақ оқыңыз