Қаржы министрлігі Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын тағы сатып алды

Жарияланды (жаңартылды )
Қаржы министрлігінің «ҚазМұнайГаздағы» үлесі 20%-ға жетті / shutterstock және wikimedia commons

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры «ҚазМұнайГаз» АҚ компаниясының 23 466 133 акциясын (жалпы акцияның 3,85%) Қаржы министрлігіне сатып жіберді.

Қаржы министрлігі қор акциясын сатып алуға 249,9 млрд теңге жұмсаған. Яғни бір құнды қағаз үшін 11 540 теңге шығындаған. Осылайша қордың үлесі 71,27%-дан 67,42%-ға дейін түсіп, министрлік үлесі 20%-ға өсті. 

Қор акцияларын сатып алуға арналған қаржы Ұлттық қор есебінен алынған. Осы тектес алғашқы келісім қазан айында жасалған. Жалпы Ұлттық қордан осы мақсатта осы кезге дейін 1,3 трлн теңге алынған.

2023 жылғы 26 қазанда Самұрық-Қазына мен Ұлттық банк «ҚазМұнайГаз» компаниясының 122 024 мың дана қарапайым акциясын сатып алу-сату шартын жасасты. Мәмілені жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

2022 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзгеріс енгізілген. Бұл өзгеріс «Самұрық-Қазынаға» Ұлттық қордан тікелей (бұрынғыдай бюджет арқылы емес) несие беруге рұқсат берді. 2023 жылдың қыркүйек айының соңында құжатқа қосымша түзету енгізілді.

Осылайша үкімет шешімімен Ұлттық қорға республикалық бюджетті қаржыландыру үшін ҚМГ акцияларын нарықтық құнынан жеңілдікпен сатып алуға рұқсат етілді, бұл ретте халықаралық SPO кезінде қор өз үлесін басымдықпен сатуға құқығы бар. Сондай-ақ, президенттің тікелей тапсырмасымен стратегиялық инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануға болады.

Қаржы министрлігі Ұлттық қорға «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға рұқсат етуге байланысты түсініктеме берді. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, ҚМГ бағалы қағаздары мен «Самұрық-Қазына» облигацияларын Ұлттық қор ақшасы есебінен сатып алу 2023 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігін орындауға мүмкіндік береді. Өйткені биыл ірі кәсіпорындардан түсетін салық азайып, бюджет кірісі қысқарған. Яғни үкімет бюджет жыртығын жамау үшін Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттерден бөлек, қордан тағы қаржы алудың жолын тапқандай.

Сондай-ақ оқыңыз