Бейжің-Алматы тікелей рейсі ашылды – Азаматтық авиация комитеті

Жарияланды
Бейжің

Бейжің қаласының Дасин әуежайынан аптасына үш рейс қатынайды / Фото: kursiv.media

«China Southern Airlines» компаниясы Бейжің қаласының жаңа әуежайынан Қазақстанға тікелей рейстерді іске қосты. Бұл жайлы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

«Министрлік Қазақстандық және шетелдік әуе компаниялармен бірлесіп әуе тасымалы нарығындағы бәсекелестікті арттыру және әуе билеттерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, осы жылдың 10 қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында енгізілген визасыз режимді ескере отырып, 2024 жылғы 25 қаңтардан бастап «China Southern Airlines» әуекомпаниясы Алматы – Бейжің бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр», – делінген хабарламада.

«China Southern Airlines»– Қытайдың ең ірі әуе компанияларының бірі. Флот көлемі бойынша бұл компания Азияның ең ірі әуе тасымалдаушысы саналады. Жалпы жолаушылар тасымалы көлемі бойынша әлемде 6-шы орында тұр.

650-ден астам әуе кемесі бар бұл компанияның ұшақтары Қытайдың және әлемнің 230-дан астам қалаларына ұшады.

Ал Қазақстанға ұшатын рейстерге тоқталар болсақ, елімізге ұшатын әуе кемелері «Бейжіңнің Дасин халықаралық әуежайынан» аптасына 3 рет ұшады. Рейс сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері Airbus-A320 типті әуе кемелерінің көмегімен жүзеге асырылады.

«Бейжің Дасин халықаралық әуежайы» – 2019 жылдың 25 қыркүйегінде ашылған. Әуежай Қытай астанасы Бейжіңнің Дасин ауданында орналасқан. Әлемдегі ең ірі әуежайлардың бірі саналады. Бейжің орталығынан 46 км қашықтықта орналасқан бұл әуежайдың 4 ұшу-қону жолағы бар.

2022 жылы бұл әуежайдың өткізу қабілеті жылына 45 млн жолаушыны қамтыған. Компания 2025 жылға дейін әуежайдың өткізу қабілетін 72 миллион жолаушыға дейін, ал болашақта жылына 100 млн жолаушыға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, 10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді. Келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.

Қытаймен арада визасыз режимнің күшіне енуіне байланысты екі ел арасында әуе рейстерінің саны артады. «Эйр Астана» әуекомпаниясы Алматы-Пекин бағытында 6 рейс ұшырып келген. Енді жеті рейс ұша бастады. Ал Астана-Пекин бағыты бойынша рейс аптасына 1 рейстен 3 рейске дейін артады. Сондай-ақ бұрын Алматы-Үрімші бағыты бойынша аптасына 2 рейс ұшып жүрген болса, алдағы уақытта 7 рейске дейін ұлғайтылмақ.

Сондай-ақ оқыңыз