Леонардо Ди-Каприо өзінің әлеуметтік парақшасында Қазақстанды ақбөкендер санын көбейтудегі жетістігімен құттықтады.
Актер бірінші жануарларды қорғаудағы жетістіктеріне тоқталып, құрып кету қаупі төнген киіктердің Қызыл кітап тізіміне «Критикалық қауіп төнген» санатынан «Қауіп төнуге жақын» санатына ауысқанын жазған.
«Бұл бұрын-соңды болмаған қалпына келтіру шарасы негізінде Қазақстандағы ақбөкен популяциясы жақсы сақталғанын көрсетеді. 2005 жылы 48 000-ға дейін азайып кеткен бұл жануарлар түрінің саны қазір жабайы табиғатта 1,9 миллионнан астам басқа дейін жеткен. Қазақстан үкіметін бұл жетістігімен құттықтаймыз! Қазақстан билігі браконьерлікпен күрес жөніндегі бастамаға және құқық қорғау органдары мен жаңа қорғалатын табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлді. Бұл – табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен ынтымақтастығы бірлескен күш-жігерге негізделген табиғатты қорғау саласындағы шынайы табыстың тамаша үлгісі»,– деп жазды актер.
Қазіргі таңда Қазақстан үкімет киік басын сақтаумен емес, азайтумен айналысып жатыр. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жабайы табиғат аясында бұл жануарлардың саны табиғи жолмен реттеліп отыруы тиіс екенін айтты. Бірақ бұл табиғи реттеу жүйесі елімізде дұрыс жүрмейді. Сол себепті қолдану азайту ең оңтайлы шешім деп танылғанын мәлімдеді.
«Киік санын қасқыр реттейтін, жұт реттейтін, індет реттейтін. Бүгінгі күні біз табиғаттың реттеуін күтіп отыра алмаймыз. Егер дәл осылай жалғаса берсе, жұт болуы әбден мүмкін. Сол себептен біз оларды тиімді қолдануды көздеп отырмыз», – деді министр.
Мамандар осы күзде елдегі ақбөкен саны 2,6 миллионға жетеді деп болжауда. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін. Осы жылдың өзінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО өңірлерінде шамамен 122 мың га егіс алқаптарына 12 млрд теңге көлемінде шығын келген.
Ал ауланған ақбөкеннің шикі еті қала базарларына да шығуы мүмкін екендігі айтылды. Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев кәсіпорындар ауысымына 1000-ға дейін мал союға дайын екенін айтты. Осылайша, екі айдың ішінде кәсіпорындар 120 мың бас ақбөкеннің етін өндіріске жіберуі тиіс болған. Ал ақбөкендерді ұстап, сойып, зауытқа өткізумен орман шаруашылығы қызметкерлері айналысатыны айтылды.