Fullstack developer мамандығы: бәрін білетін әмбебап бағдарламалаушы

Жарияланды
shutterstock

Бір өзі бірнеше маманға татитын, жаңа жобаны бастан-аяқ жүргізіп бере алатын IT-маман кімге болсын керек. Мұндай алтынбасты мамандық иесі фулстек-бағдарламалаушы (fullstack developer) деп аталады. Бэкендті де, фронтендті де қамтитын бағдарламалаушының немен айналысатынын, орта есеппен қанша табыс табатынын және осы мамандықты меңгергісі келетіндердің не білуі керегін бүгінгі материалымызда айтамыз.

Fullstack developer деген кім?

 Бұл маман сайттар мен уеб-қолданбаларды толық жасап шыға алады. Фулстек бағдарламалаушы сервер жағына да, клиенттік бөлікке де жауап беруге қауқарлы. Сервер жағы деген не? Ол — сайттың арғы жағында жасырылып тұрған дүниелер. Яғни қолданушыларға көрінбейтін, бірақ сөйте тұра аса маңызды бөлік. Өйткені оның ішінде деректер базасы, скрипттер, дұрыс жұмыс істеп тұруы үшін керек код және т.б қамтылады. Оны «бэкенд» дейміз. Ал енді клиентке көрінетіні — сайттың не мобайл қолданбаның интерфейсі. Бұл бөлікке мәтін, анимация, суреттер, формалар, батырмалар, слайдерлер және т.б кіреді. Мұны «фронтенд» деп атайды. 

Бұл маман немен айналысады?

 Толық циклді уеб-бағдарламалаумен айналысатынын атап өттік. Әдетте фулстек-бағдарламалаушы ішінде бәрі қамтылатын уеб-қолданбалар жасайды. Атап айтқанда, архитектурасын жобалап, фронтенді мен бэкендін реттеп, деректер базасына байлап, жаңартып, жүйе әкімшісінің жұмысын істейді. Егер маманның бір күндік жұмысын көз алдыңызға елестеткіңіз келсе, шамамен былай өтеді: күні бойы олар код жазып, командамен байланыста болып, тапсырыс берушілермен техникалық тапсырма жайлы сөйлеседі. 

Фулстек-бағдарламалаушының түрлері

  •      Әрине, барлығынан хабардар әмбебап маман болғаны жақсы. Дегенмен ол фулстектің бүкіл бағдарламалау тілін біледі деген сөз емес. Өйткені олардың да өз маманданған саласы болады. Көбіне бэкендіне қарайды. Яғни жұмысқа алар кезде фулстек екен деп кез келгенін ала бермейді. Java-жобаға Node.js-ке маманданған маманды шақыруға болмайды дегендей. Айталық, Python тілін жақсы білетін маманның негізгі бэкенд-стегі мынадай болуы мүмкін:  
  • Django
  • Nginx немесе Apache
  • Linux
  • REST API

         Ал енді мықты білетіні C# болса, онда стек былайша өрбуі ықтимал:

  • .NET
  • T-SQL
  • Microsoft Azure
  • ASP.NET

Fullstack developer нені білуге міндетті?

 Айтқандай, ол бэкенд пен фронтендті «шемішкідей шағуы» керек. Ал оның әрқайсысында өз бағдарламалау тілдері, фреймуорктері мен кітапханалары болады. 

Белгілеу және бағдарламалау тілдері

HTML — гипермәтін белгілейтін тіл. Соның арқасында құрылымы жасалған, тақырыптары, басты мәтіні, сілтемелері мен басқа да элементтері бар уеб-бет жасауға болады.

CSS — түрлі элементті әрқалай стильге салып жасауға болатын каскад стильдер кестесінің тілі. Мысалы нақты бір қаріпті көрсетіп, тақырыптарға арналған өлшемін реттеуге мүмкіндік береді. 

JavaScript — интерактив элементтерді баптауда қолданылатын бағдарламалау тілі. Яғни меню, батырмалар, анимациялар және т.б. Сол арқылы небір мықты уеб-интерфейс жасауға болады.

Сервер жағын жасағанда жалпы алғанда түрлі бағдарламалау тілі қолданылады. Оның ішінде PHP, Python, Ruby, Java және т.с.с бар. Әр компания не жобада әртүрлі. Енді бастаған жас маман осылардың бірі жақсы білетін болады да, қалғанын жобалармен айналысқан кезде біртіндеп игереді. 

Кітапханалар, фреймуорктер, платформалар

Бағдарламалау барысын тездету үшін кітапханалар, фреймуорктер мен платформалар қолданылады. Код жазу жеңіл болу үшін типтік шешімдер, олармен қалай жұмыс істеу керегі көрсетілген ережелердің үлгілері осы жерде жинақталады. Бос жұмыс орындарын жариялағанда көбіне сұралатын бірнеше түрін атап өтейік. Клиенттік бөлік үшін қолданылатыны:

  • React — уеб-сайттардың графикалық интерфейсін жасау үшін қолданылатын JavaScript-кітапхана.
  • JavaFX — графикалық интерфейс жасауға арналған, Java-дағы платформа
  • Vue.js — JS-кітапхана пайдаланылатын қолданушы интерфейстерін жасауға арналған JavaScript-фреймуорк.

         Сервер бөлігін жазуға керек болатындары:

  • NestJS — TypeScript бар серверлік қолданбалар жасауға арналған фреймуорк.
  • Node.js — JavaScript-кодты универсал ететін платформа. Сол арқылы бағдарламалаушы басқа құрылғылармен жұмыс істеп, басқа бағдарламалау тілдерінің кітапханаларын қолдана алады.
  • Express.js — уеб-қолданбалар мен API жасауға арналған фреймуорк.
  • Angular — TypeScript-пен жұмыс барысында қолданылатын фреймуорк. Бір беттен тұратын уеб-қолданбалар жасап, сынауға мүмкіндік береді.
  • Laravel — сайтты тез арада жасауға арналған PHP-фреймуорк.

Деректер базасын басқаратын жүйелер

 Серверлік бөлікпен жұмыс істеген кезде SQL сұраныстары тілін меңгеріп, деректер басқаратын жүйелерді игеру қажет. Оның ішінде MySQL, PostgreSQL және т.б. Бар. Мидлдерден көбіне ORM, яғни object relational mapping де білу талап етіледі. ORM-шешімдер деген мыналар:     

  • Hibernate — Java-ға арналған кітапхана.
  • SQLAlchemy — Python тіліндегі кітапхана.

Git

 Бағдарлама кодының бастапқы нұсқаларын басқару үшін Git нұсқаларын бақылау жүйесі қолданылады. Ол бір жоба аясында жұмыс істеп жатқан бағдарламалаушылардың жұмысын синхрондап, керек болғанда қайта орала салу оңай болуы үшін кодтардың екі арадағы нұсқаларын сақтап отырады. Мысалы уеб-қолданба жұмысында қате шыға қалса, сол арқылы оңай табуға болады.

Мамандықтың артықшылықтары мен кемшіліктері

         Плюстері

         Тапсырмалар бір-біріне ұқсамайды. Яғни іш пыстырмайтын жұмыс. Деректер базасынан әлдебір ақпарат алу, сынақ жүргізу, тіркеуге арналған форманың дизайнын жаңарту деген сияқты небір тапсырма түсіп тұрады. Ал оның бәрімен фулстек-бағдарламалаушы айналысады. Демек жұмыста бір күніңіз екінші күніңізге ұқсамайды деген сөз. Көбіне бір тапсырманы істеп болып, келесесіне жылдам ауысып кете алатын, жаңа бағдарламалау технологияларын үйренуге құштар адамдардың оң жамбасына келеді.

         Нарықта сұраныс көп. Оны интернеттегі вакансияларға қарап білуге болады. Олай болатын себебі фулстек-бағдарламалаушы түгел жобаны бір өзі алып жүре алатындықтан. Сонымен қатар компанияға сан түрлі процеске де жауап бере алады. Былайша айтқанда, бір ғана фулстек 3-4 маманның орнын басуға қауқарлы. Бұл клиентке үнем тұрғысынан жақсы болса, бағдарламалаушыға көп тапсырыс алуға мүмкіндік беретінімен қолайлы. Фронтенд пен бэкендті қатар білетіндіктен, маман уеб-технологиялар тілін жақсы түсінеді. 

         Дамуға мүмкіндік мол. Егер қаласаңыз, кез келген уақытта бір бағытты алып, соны тереңдетуге болады. Өйткені фулстек түрлі бағдарламалау саласынан хабардар.

         Жалақысы көңілден шығады. Басынан бері айтып жатқанымыздай, фулстек — бір басына фронтенд пен бэкендті біріктірген маман. Сәйкесінше, алатын айлығы да жақсы болады. Тек бір жағын білетіндерге қарағанда, оның табысы кемінде 20-30 пайызға жоғарырақ болады. 

         Минустары

         Көп дүниеден хабардар болуыңыз керек. Білім мен білік аса маңызды. Өйткені ол фронтендті де, бэкендті де жақсы білуі қажет. Енді бастаған жас маманға бұл оңай болмасы анық. Небір жаңа технологияны меңгеріп, жаңалықтардан хабардар болып отыруды талап етеді. Өйткені саладағы өзекті технологиялар жайлы білмесеңіз, сізге сұраныс азайып қалуы мүмкін.

         Бір тапсырмадан екіншісіне тез ауысып отыру қажет. Плюстерінің ішінде тапсырмалардың бір-біріне ұқсамайтынын айтқанбыз. Бұл адамның болмысына қарай жақсы тұс не жаман болуы әбден мүмкін. Тапсырманың әр түрлі болатынына кей адамдар дайын болмауы да ғажап емес. Одан қала берді бір салаға толықтай тереңдеп енуге мүмкіндік аз. Себебі жүктеме көп, бір аспектіні қазбалауға кірісіп жатқанда екінші жағы ақсап қалуы мүмкін. Бұл болса өнім сапасына тікелей әсер етеді.

         Басы артық жұмыс көп артылуы мүмкін. Кей компаниялар фулстек екен деп бәрін мойнына іліп қойып жатады. Міне, сол кезде басқалар айналысуы керек жұмыстарды да алуы ғажап емес. Мұндайда адам өз құқығы мен міндетін жақсы білуі қажет. 

Fullstack developer қайда істейді?

         Бизнестің барлық дерлік саласында бұл маманға сұраныс өте жоғары. Ірі компанияларда фулстек көбіне ішкі оптимизация жұмыстары секілді шағын өнімдермен жұмыс істейді. Енді бірі түгел бір командаға бас болады. Ол бағдарламалау түрлерін жақсы білуіне қарай бекітіледі. Кеңседе ғана емес, бұл мамандар фриланста да көп істейді. Себебі шағын бизнестің минимум шығынмен жап-жақсы сайт жасап шығару керек деген басты мәселесін тез арада шешіп бере алады.

         Айталық, шағын бизнес иесіне өнімдерін сату үшін интернет-дүкен керек болды делік. Ондай кезде фулстек-бағдарламалаушы былайша көмектесе алады:

  • Сайттың құрылымын жасап береді;
  • Фунционалын реттейді. Атап айтқанда, тауарларды жаңарту, сатып алу, жеке кабинет ашу секілді қарапайым функцияларды қосады;
  • Код жазады;
  • Дизайнерден келіп түскен макетті түбегейлі интернет-дүкенге айналдырады. Барлық батырманың істеп тұруын, сілтемелерді басқанда тиісті жерге жіберілуін реттейді;
  • Сайт жұмысын сынақтан өткізіп, жариялайды;
  • Деректер базасының жаңаруын бақылауда ұстап, керек кезде бөлімдерді жаңартып отырады.

Fullstack developer карьерасы

         Мұнда да бәрі дәстүрлі жолмен жүзеге асады. Яғни алдымен джуниор ретінде жұмысқа орналасып, мансап жолын бастайды. Кейін тәжірибесі толыққанда келесі мидл және сеньор деңгейлеріне өтеді. Бірақ бұдан бөлек, қарапайым бағдарламалаушы мен сарапшы да болуы мүмкін. Жас мамандар көп жағдайда бір стекті жақсы меңгеруден бастайды. Сөйтіп оны барлық жерде қолдануға тырысады. Ал енді білігі артқан сайын тапсырмасына қарай тиісті технологияларды таңдайды. Өйткені тәжірибелі маман құжатталған уеб-қолданбаны нөлден бастап жасап, түрлі фреймуоркті қолдана алады. Әрі кәсіби маман кодты дұрыс жазуды, оны оқуға етуді, нақты бір жобаға қарай оңтайландыруды жақсы біледі. Мұндай мамандар тимлид не архитектор позициясына жылдам өседі. Себебі білетін технологиясы көп әрі мамандарды басқаруға қабілеті жетеді. 

Қанша табыс табады?

Қазақстандағы вакансиялар жарияланатын сайттарды шолып шықтық. Тәжірибесі 1-3 жыл болатын жас маманға жұмыс берушілер айына 250 000-400 000 теңге аралығында төлеуге дайын. Ал енді мидл деңгейдегі маманның айлығы шамамен 600 000 теңгеден жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз