«Оңтүстік Қаратұрын» кен орны ұңғымасындағы 6 айға созылған өрт сөндірілді

Жарияланды
коллаж: kursiv.media

Маңғыстау облысындағы «Бозашы Мұнай» ЖШС игеріп жатқан «Оңтүстік Қаратұрын» кен орны ұңғымасындағы 6 айдан астамға созылған өрт ауыздықталды.

Кен орнындағы өрт 9 маусымда  ұңғыманы бұрғылау жұмыстары кезінде, №303 ұңғымадағы бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су қоспасы атқылауы себебінен пайда болған. 

Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өрттің шығуына жер қойнауын пайдаланушы мен қызмет көрсететін ұйымдардың кемшіліктері себеп болғанын анықтаған. Сарапшылар апаттың күрделілігі ең жоғары болғанын айтып отыр.

Өртті сөндіру үшін мамандар апаттық ұңғымаларды бұрғылап, оған бастыру ертіндісін айдаған.

Бұрғылау ертіндісін айдағаннан кейін, жанып жатқан ұңғыманы тас қылып цементтеп тастау көзделіп отыр. Содан соң қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ. Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын қосымша міндеттемелерді өзіне алды. Маңғыстау облысы әкімдігі мен мұнай компаниясы арасында ынтымақтастық туралы мәміле жасалды. Соған сәйкес бірқатар  елдімекендегі әлеуметтік жобаларға қайтарымсыз 50 млн теңге бөлу қарастырылған.

Маңғыстауда «Оңтүстік Қаратұрын» кен орны ұңғымасындағы өрттің бесінші күнінде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев шұғыл кеңес өткізіп, кен орнындағы өртті сөндіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылған.

Сол кезде «Бозашы Мұнай» ЖШС бас геологы Александр Касьяненко ұңғыма кратерін ауыр бұрғылау ерітіндісімен толтыруды немесе газ қысымын төмендету үшін қосымша бүйірлік ұңғыманы қазуды ұсынды.

4 тамызда Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті «Бозашы мұнай» ЖШС команиясына қарасты «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өртті сөндіру бойынша  жағдайды баяндады.

Мамандар жағдайды мұқият бағалап, қазіргі уақытта тұрғындар үшін қауіп жоқ екенін мәлімдеген. Кен орны Ақтаудан 350 шақырым және жақын маңдағы Шебір елді мекенінен 70 шақырым жерде орналасқан.

22 қыркүйекте ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті 3 ай бойы жанып жатқан «Оңтүстік Қаратұрын» кен орны бұрғыланып жатқаны жөнінде ақпаратты таратты.

27 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде  өткен баспасөз конференциясы кезінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Оңтүстік Қаратұрындағы» өрт келесі айда толық сөндіріледі деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз