Қазақстанда креативті экономика қалай дамып келеді?

Жарияланды
Креативті экономика өкілдері кімдер / shutterstock

Креативті экономика дегенде әдетте түрлі платформалар еске түседі. Шын мәнінде мұндай бағыттағы кәсіпорындар да бар. «Курсив» тілшісі креативті бастамаларды жүзеге асыратын компаниялар жұмысына шолу әзірлеген еді.

Өйткені елімізде өз жолын дәл таба білген, әрі білімді, әрі креативті шағын кәсіпкерлер көп екен. Тек оларға сәл-пәл демеу беріп, қолдау тұрғысынан мемлекет сараңдық танытпаса игі. Қолдап жатырмыз дейді. Бірақ көп жағдайда бизнес иелері несие алудың қиындығын айтып, мұң шағып жатады.

Жеке кәсіпкер, «Ай Аружан» тігін орталығының басшысы Индира Жұмашева үш жылдан бері түйе жүн көрпелерін тігумен айналысып келе жатыр. Оның бұл кәсібін креативті экономика саласына жатқызуға болады. Оның себебі де жоқ емес. Өзі – үшінші топ мүгедегі. Бүгінге дейін 21 рет операцияға түсіпті. Соған қарамастан өмір мен кәсіпке деген құштарлығының арқасында бүкіл қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатына біртіндеп жетіп келе жатыр.

«Қазір барлық адам синтефон көрпелерді пайдаланады. Ол синтетикалық қалдықтан жасалады. Ондай көрпені жамылғанда дене демалмайды және аллергиялық ауруларды тудыру қаупі де бар. Ал біз тіккен түйе жүн көрпелерін бірінші кезекте әдемілікке емес, денсаулыққа көбірек көңіл бөлуді қалайтындарға таптырмас қазына дер едік. Өйткені бұл көрпенің ауа өткізгіш қасиеті бар, жылы және жеңіл», дейді кәсіпкер.

Кәсіп иесінің айтуынша, көрпеге түйенің барлық жеріндегі емес, тек бүйір жүні пайдаланылады. Бір түйеден 2-3 келі ғана бүйір жүні алынады. Сонда бір түйе бір көрпе береді деген сөз. Жұмыс процесі де қарапайым. Түйенің жүнін өңдеп, қайнатып, сосын барып өндіріске жібереді.   

«Тігін саласында 15 жылдан бері еңбек етіп келемін. Арал мүгедектігі бар адамдарды қоғамдық қолдау бірлестігінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар осы кәсіпке атсалысып отыр. Шудасын бөлек, жүнін бөлек айырады дегендей. Түйе жүн көрпенің төсеніш көрпесі, жамылатын көрпесі және жастығымен бірге 28 мың теңге тұрады. Көрпелер топтамасын арнайы қаптамаға салып, сый-сыяпат ретінде беруге де ыңғайлап қойғанбыз. Тіпті сыйлайтын адамыңыздың аты-жөнін де жаздырып алуға болады», дейді Индира Жұмашева.

Айтуынша, негізгі сұраныс Астана, Алматы қалаларынан, солтүстік облыстардан және Ресейден түседі екен.

«Биылдыққа бір жарым – екі тоннадай жүн жинаған едік, соның өзі жетпей жатыр. Жалпы, жылына мыңға жуық көрпе тігіледі. Қазір бізде қоғамдық бірлестік пен жеке кәсіпкерлікті қоса алғанда жиырма шақты адам еңбек етіп жатыр. Сонымен қатар балалар киімін тігеміз, сатамыз және жалға берумен айналысамыз. Балабақшада, мектепте түрлі іс-шаралар өтіп жатады. Ата-аналар бір күндік жиын үшін баласына киімді жалға ала тұрғанды жөн көреді. Біз де сол бағытқа қарай икемделдік», дейді ол.

Ал, кәсіпкер Нұрсұлу Ахметова креативті экономика бағыты арқылы ескіріп бара жатқан ескі дәстүрді жаңғыртуға тырысып жүр. Ол басқаратын «Дәстүр» ағаш шеберханасы ағаштан жасалған, лакпен боялмаған, табиғи, экологиялық таза ыдыстар жасаумен айналысады.

«Өнімдерімізді тек ағаштан жасаймыз. Ішін бояу үшін лакты емес, жылқының іш майын, зығыр майын пайдаланамыз. Өнімдерді ойдағыдай жасау үшін екі-үш жылдық кептірілген ағаш керек. Қарағаштарды Түркістан облысынан, діңі қатты шаған ағашын Ресейден, аққайыңды Көкшетаудан сатып аламыз. Өнімдеріміздің қатарында ас табақ, бас табақ, түрлі тәрелке, кесе, кәдесый, тойбастарға арналған жабдықтар бар», дейді Нұрсұлу Ахметова.

Кәсіптің бұл түрін таңдауға Қытай сапары себеп болған екен. 2015 жылы сол елге сапарлап, дүкен сөрелерінің бірінен қазақы оюмен әдіптелген кеселерді көріп қалады.

«Зауытына барған кезімізде байқағаным – өнімнің барлығы дерлік бамбук ағашынан жасалады екен және лактың иісі мүңкіп тұрды. Қарап отырсақ, тап осындай ыдыстар біздің базарларда да көп. Неге отандық тұтынушыларымызға табиғи, таза ыдыстар жасап, ұсынбасқа деген ой келді сол кезде. Пандемияның күйіп тұрғанына қарамастан, 2020 жылы тәуекел етіп, кәсіпті бастап кеттік. Бірақ халықтың сұранысы болар, ә дегенде цех жұмысы дөңгелей жөнелді. Кәсібіме деген ерекше махаббаттың әсері болар, жасайтын ыдыстардың бастапқы нобайы мен сызбасын өзім жасап шығамын. Сосын жасалған макетті шеберлердің талқылауына саламыз. Арнайы ағаш шеберлері барлығын өлшеп, пішкеннен кейін өндіріске кірісеміз. Бастапқыда фанер қолдандық. Ол кезде асүйге арналған тақтайлар, сосын тойбастарға арналған дүниелерді жасаушы едік. Кейін жұмыс ауқымы кеңейіп, ағаш ыдыс-аяқтарды қолға алдық», дейді.

Кәсіпорын 2023 жылдың ақпан айында жылдық 5 пайызбен 20 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Соның арқасында жаңа құрылғылар орнатып, жұмысшылар саны 2 еседен аса көбейіпті. Ұжымда мүгедек азаматтар да жұмыс істейді. Кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігін әркез ескеріп отырамыз дейді ұжым басшысы.

Елімізде ерекше балаларға арнап киім тігетін кәсіпорын кемде кем. Ал сұраныс өте жоғары. Осындай өнім ұсынатын – Өскемендегі «Рауан» ЖШС. Бұл кәсіпорынды да креативті экономика саласына үлес қосып жатыр деп айта аламыз. Арнайы киімдер тігумен айналысатын фабрика биылдан бері ерекше қажеттілігі бар (аутизм, церебралды сал ауруына шалдыққан балалар) балаларға арналған киімдер де тіге бастады.

«Өз бетінше киініп, қимылдай алмайтын балалар үшін бұл киімдер топтамасы өте ыңғайлы болмақ. Әсіресе, ондай балаларды күзгі және қысқы маусымда киіндіру біршама қиындық тудырады. Өйткені қазіргі шығарылып жатқан киімдер ондай балалардың қажеттіліктерін ескермейді. Біздің мамандар бейімделген топтаманы әзірлеп шықты. Киімдер толықтай сырмамен жабдықталған. Бастан аяққа дейін жапсырмалы түймелер қадалған. Соның арқасында енді аналар балаларын еш қиындықсыз киіндіріп, шешіндіре алады. Сондай-ақ іші жылы, ерекше балаларға арнап тігілген қыстық аяқ киімдеріміз де бар. Арнайы қолғаптар шығаруды да ұмытқан жоқпыз. Бұл да балалардың қолдануына аса ыңғайлы. Осындай жайлылықтың арқасында балалардың қоғаммен араласып, әдемі, киімі жарасымды болып жүргенін қалаймыз», дейді «Рауан» ӨСК ЖШС директоры Әлия Адамова.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, сау балаларға кез келген типтегі киімді оңай табуға болады, ал ерекше балалардың жағдайын кім ойлайды? Біз осы олқылықтың орнын толтырғымыз келді дейді кәсіпкер.

«Мұндай киімдерді табуға болады, бірақ тек импорттық өнімдер ғана. Ресейлік, еуропалық киімдер. Алайда олардың бағасы қымбат. Біздікі арзан және сапасы да мықты. Әрі шеберханамызда осындай киімдерді ерекше балалардың аналары тігетінін де айта кетейін. Біз ата-аналармен ақылдасып, олардың қажеттіліктерін анықтап барып осы іске кірісеміз», дейді Әлия Адамова.

Қазір фабрикада жұмыс істейтін 23 адамның үшеуі – мүмкіндігі шектелген жандар.

Сонымен қатар кәсіпорын өндірістің әр түріне арналған арнайы киімдер, транспорт құралдарына арналған қаптамалар, бронежилет қаптамалары, перде, асүй қолорамалдары, басқа да тоқыма бұйымдарын тігеді.

Сондай-ақ оқыңыз