Болжам бойынша, Ташкент қаласының халық саны 2035 жылға қарай төрт есе ұлғайып, төрт миллион адамға жетуі мүмкін. Бұл – Өзбекстан астанасының Орталық Азиядағы ең ірі қала деген мәртебесін одан әрі нығайтып, бекіте түсетіні анық. Ел астанасын полицентрлік мегаполиске түрлендіруді мақсат еткен Өзбекстан үкіметі бүгінде кәсіпкерліктің белсенді орталығы ретіндегі жаңа қаланың іргесін қалауға кіріскен. Жаңа Ташкент қала ішіндегі транспорт жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, тұрғын үй қоры мен коммерциялық негіздегі жылжымайтын мүлік аумағын ұлғайтады деп көзделуде.
Жаңа аудандарды есепке алғанда, 2035 жылға қарай Өзбекстан астанасының тұрғын үй қоры 55%-ға, кеңсе тұрпатындағы жылжымайтын мүлік көлемі 460%-ға, яғни 2,15 млн шаршы метрге дейін артуы мүмкін.
Коммерциялық негіздегі жылжымайтын мүлікпен айналысатын Commonwealth Partnership Uzbekistan халықаралық консалтингтік компаниясы (CMWP, бұрындары Cushman & Wakefield жаһандық тобының бір бөлігі) өзінің IQ City Planning Tashkent атты есебінде Өзбекстан астанасының бүгінгі жағдайы мен алдағы он жылдағы даму болжамдарына тоқталған.
Қала құрылысы
Қала әкімшілігінің жоспарына сай, Ташкент – орталығы көп, яғни полицентрлік мегаполиске айналуға тиіс. Қазір өзбек елінің астанасы шығыс бағытта өсіп келеді. 2020 жылы Янги Хаёт атты жаңа аудан құрылып қалыптасты. Бүгінде мегаполистің солтүстік-шығысында «Жаңа Ташкент» жобасын жүзеге асыруға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр (болжам бойынша, іске асыру мерзімі 2023–2045 жж.).
Дәл қазір қаланың жалпы аумағының үштен бірінен астамы (35%-ы) жеке баспаналарға тиесілі. Әйтсе де CMWP есептеулері бойынша, оларда қала халқының 25%-ы ғана тұрып жатыр. Халықтың басым бөлігі (62%-ы) қала аумағының 12,3%-ын алып жатқан орта қабатты үйлерде қоныстанған. Қаланың 16,8%-дай аумағы өнеркәсіп аймақтарына бөлінген. Ал коммерциялық-іскерлік (сауда), мемлекеттік және кәсіпкерлік (кеңселер) негіздегі инфрақұрылым – 4,7% шамасындағы аумақта орналасқан.
Жаңа Ташкент жаңа бизнес орталығы ретінде қалыптасып, танылуды көздейді. Жоспар бойынша, 19,7 мың гектар аумаққа әкімшілік органдар кезең-кезеңімен көшіріліп, 200 мыңға жуық адамды қамтитын жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, мұнда екі миллиондай адамға арналған тұрғын үйлер салынбақ (бірінші кезекте 100 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салу ескерілген). «Жаңа Өзбекстан» университеті, Ұлттық кітапхананың жаңа ғимараты, театр сынды өзге де жаңа қоғамдық кеңістіктер бой түзейді деген де жоспар бар. Қаланың бүгінгі бөлігі мен Жаңа Ташкентті өзара екі метро желісі арқылы жалғастырып, байланыстыру көзделген. Ал бұл аумаққа мемлекеттік аппараттың көшірілуімен – оны кеңейтіп, дамыту барысы одан әрі жанданып, өркендей түсуге тиіс.
«Қала ішіндегі бизнес белсенділіктің өзіндік жаңаша ірі тірегін құру астананың көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, күнделікті жол жүру уақытын қысқартуға септік етеді, өз кезегінде бұл қоршаған ортаға да оңынан әсер етуі тиісі», – делінген CMWP есебінде.
Олар, сондай-ақ: «Бұл аумаққа әкімшілік органдардың қоныс аударуының одан әрі кешіктірілуі – тәуекел әлеуетін арттыра түседі, өйткені олар бұл арада ісерлік өміршеңдігі мол бизнес аймақтың қалыптасуына ықпал етуші негізгі күш. Жаңа және көне Ташкенттің өзара интеграциясы өте маңызды. Олардың арасында өзара ықпалдасқан байланыс саясаты қалыптаспайтын болса, онда бұл қоршаған орта үшін де, көлік және қоғамдық инфрақұрылым үшін де апатты проблемаларға ұласуы мүмкін» ,–деп ескертеді CMWR сарапшылары.
Сонымен қатар олар жаңа аумақтағы бизнес-жобалардың өзін-өзі ақтауы, яғни шалғайдағы алаңдарға компаниялар тарапынан сұраныстың болуы мен бизнесті қолдауға аса қажет тұрғын үй құрылысы мерзімдерінің дұрыс белгіленуі негізгі мәселелердің қатарында деп көрсетеді.
CMWP сарапшыларының пікірінше, билік қаланың бүгінгі қолданыстағы аудандарына да мән беру керек. Атап айтқанда, 40%-ға жуығы тиімсіз пайдаланылып отырған өнеркәсіп аймақтары мен жеке құрылыс аумақтары қайта қарап, қайта құруды қажет етеді.
Тұрғын үй құрылысы
UzStat деректері бойынша, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сай, Ташкентте 3 миллионға жуық адам тұрып жатыр. Жыл басынан бері халық саны 43,1 мың адамға ұлғайған. CMWP мәліметінше, астанадағы халық санының өсуіне мұндағы еңбек нарығына елдің түкпір-түкпірінен жаңа кадрлар тарту барысы септік етсе керек. Сарапшылардың болжамынша, Ташкентте 2035 жылға қарай 4 млн адам, 2050 жылға қарай 5,4 млн адам тұратын болады.
2023 жылдың басында Ташкентте тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі – бір адамға шаққанда 22,8 шаршы метрді құраған. Десек те, мұндағы қала халқының үштен біріне дейінгі бөлігі жеке етіп салынған баспаналарда тұрып жатыр, ал бұл орташа статистикалық көрсеткіштен айтарлықтай жоғары шама.
Өзбекстан астанасындағы халықтың орташа тығыздығын тарата айтар болсақ: тұрғын үй бөлігінде бір гектарға 145 адамнан, жалпықалалық бөлігінде – 68 адамнан келеді. Халық ең көп қоныстанған аудандар қатарында – мегаполистің орталық бөлігі, Чиланзар, Сіргелі, Юнусабад сынды аудандар бар. Ең жоғары тығыздық Ц-2 кварталында (орталық-2): онда бір гектарға 1480 адамнан келеді. Халықтың мұнша тығыз орналасу көрсеткішін – Лондон, Гонконг, Милан тәрізді жаһандық деңгейдегі қалалармен салыстыруға болады, деп есептейді IQ City Planning Tashkent сарапшылары өз есебінде.
Айта кету керек, «Ташкент–2030» деп аталатын Өзбекстан астанасын дамыту стратегиясында тұрғын үй құрылысын жылына 45%-ға, яғни 44 мың пәтерге дейін арттыру көзделген. CMWP мәліметінше, Ташкенттегі тұрғын үй қорының негізгі бөлігі Кіші айналма жолдың сырт жағын ала салынуға тиіс.
2021 жылы халықтың баспанамен қамтылу жағдайын жақсарту мақсатында республика бойынша «Жаңа Өзбекстан» атты тұрғын үй массивтері салына бастады. Ташкентте 1536 пәтерлік осындай массив Сіргелі ауданында бой түземек.
Жаңа Ташкенттің оңтүстік-шығыс ауданы үшін (Ташкент облысының Юкоришыршық және Үртачиршық аудандары) 20 мың гектарға жуық жер телімі бөлінген. Осы аумақты дамытудың бірінші кезеңінде 2,5 мың гектар жерде 100 мың адамға арналған тұрғын үй құрылысын бастап, оған қажетті инфрақұрылым салу ескерілген.
CMWP сарапшыларының айтуынша, Ташкентте жылжымайтын мүлік сатып алушылардың тұтынушылық әрекетінде өзіндік өзгеріс бар – бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазір олар үшін пәтерлердің шаршы метрі аса маңызды емес. Соған сәйкес, соңғы екі жылда Ташкенттегі пәтерлердің орташа алаңы бір жарым есеге, яғни 65 шаршы метрге дейін қысқарып кеткен.
«Халық санының өсу мүмкіндігі туралы біз жасаған болжамдарға сай, қала ішіндегі қолжетімді тұрғын үйге деген тапшылықты қысқарту үшін қаланың сыртында эконом/комфорт класындағы тұрғын үй қорын салуды жеделдету қажет. Халық санының одан әрі өсуі тұрғын үй қорын ұлғайтумен қатар, оның сапалық көрсеткішін де арттыруды талап етеді: жоғары білікті мамандар үшін сапалы етіп салынған тұрғын үй қоры қажет», – деп түйіндейді Commonwealth Partnership сарапшылары.
Әлеуметтік инфрақұрылым
CMWP сарапшыларының пікірінше, Ташкентте бастауыш және орта білімге деген қолжетімділік көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Оқушылардың 90%-дан астамы мемлекеттік мектептерден бір шақырымдай қашықтықта тұрады. Дегенмен, мектептерде білікті кадрлар мен оқу материалдары жетіспейді. ІТ қолдану деңгейі мейлінше төмен, ал мектептерге артылатын жүктеме айтарлықтай жоғары (олардың көпшілігі екі ауысыммен жұмыс істейді). Консалтингтік компанияның есептеуінше, жекеменшік мектептердің үлесі қаладағы барлық оқу орындарының 3–7%-ын құрайды. Жекеменшік оқу орындарын қоса есептегенде, Ташкенттегі мектептерге деген қолжетімділік көрсеткіші 94% деңгейінде.
Ал балабақшаларға қатысты жағдай бұдан нашарлау. Балалардың 68%-ы ғана ең жақын деген балабақшаға 500 метр шамасында жақын орналасқан үйлерде тұрып жатыр. Жекеменшік балабақшалар осы тұрғыдағы барлық мекемелердің 45%-ын құрайды. Балабақшаларға деген қолжетімділік мәселесі, әсіресе, жеке секторда қоныстанған қала жұрты үшін өте өзекті.
Өзбекстан астанасында емдеу мекемелері жетіспейді және диагностика жасау мен емдеуге арналған заманға сай құрал-жабдықтарға деген қажеттілік те анық байқалуда.
Сондай-ақ, мұнда жекелеген санаттағы арнайы маманданған дәрігерлерге деген сұраныс жоғары. Сондықтан да қала ішінде жаңа медициналық орталықтар салу жоспарланған. Мысалға, үндістандық «Aakash Health» компаниясы Ташкентте мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде құны 100 млн АҚШ доллары тұратын заманауи медициналық қалашық салып бермек. Ел астанасындағы емханалар мен ауруханаларды тиісті техникамен және құрал-жабдықпен қамтамасыз ету үшін Өзбекстан үкіметі 30 млрд сум шамасында (2,44 млн АҚШ доллары) қаржы бөліп отыр. Медициналық қызмет көрсету барысын цифрландыру жоспары да бар. Биылдан бастап мемлекеттік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген, ол бюджеттік шығындарды азайтып, медициналық қызмет көрсету сапасын арттырады деп көзделген.
2030 жылға қарай Ташкенттің «жасыл қала» көрсеткіші бес есе артуға тиіс. Бұл мақсатта қала ішіндегі саябақтар мен гүлазарлар аумағын қазіргі 900 гектардан 5 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Бүгінгі таңда жасыл ағаштар аз отырғызылған аумақтар мен бір қабатты ғимараттар тығыз орналасқан аудандарда жаз айларындағы ауа температурасы 35 ºС-тан асып кетеді. Ал Ташкенттің солтүстік-шығыс бөлігі біршама салқындау, бұған, сірә, ботаникалық бақтың болуы және құрылыс нысандарының сиректігі септік етсе керек.
Инженерлік инфрақұрылым
Қаланың экстенсивті өсуін оның бүгінде ескіріп кеткен инфрақұрылымымен салыстыруға келмейді. Инженерлік желілердің тозуы, техникалық қызметтердің жетіспеуі және басқару барысындағы тиімсіз әрекеттер – жүйелер жұмысында апаттардың жиі орын алуына және ақаулар мен үзілістерге әкеліп соғуда. Әлемдік тәжірибені мысал еткен CMWP сарапшылары, бұл мәселені шешу үшін қала басшылығына тарифтерді көтеру жөнінде ұсыныс айтуда.
«Қала ішіндегі инфрақұрылымды ұстап тұру мүмкіндігі инженерлік инфрақұрылымда маңызды рөл атқарады. Бұл саланың жыл сайынғы бюджеті ресурспен қамтушы ұйымның кірісіне тікелей байланысты. Егер төлемдер дер кезінде жасалмай жатса немесе тарифтер төмен болып қала берсе, бұл дереу инфрақұрылымды ұстап тұру шығынынан көрініс береді. Бүгінгі таңда концессиялық келісімдерді бекітуде объективті қиындықтар бар, олардың ең негізгілері – нормативтік және тарифтік», – деп көрсетеді CMWP сарапшылары.
Осы арада айта кетсек, бүгінде Ташкенттің сумен жабдықтау жүйесін түрлендіріп, өзгерту мақсатында француздық SUEZ компаниясы жұмысқа тартылған, ол қала бойынша ауыз сумен қамтамасыз етуші жүйелер мен кәріз жүйелерінің бас жоспарын әзірлеп, ұсынуы тиіс.
Жаңа Ташкент аумағында қызмет көрсетуді жетілдіру үшін қала басшылығы тригенерация станциясын салуды жоспарлап отыр (бұл жүйе газ поршеньдері құрылғыларынан алынатын жылуды қыс мерзімінде пайдалануға, ал жаз айларында ғимараттарды желдетуге қолдануға мүмкіндік береді). Аталған нысан Орталық Азиядағы бұл тұрғыдағы бірінші станция болмақ.
Транспорт
Ташкентте халық саны өсіп, өмір деңгейі жақсарған сайын автокөлік саны да ұлғая түскен: соңғы төрт жылда 34%-ға көбейген. Болжам бойынша, 2025 жылға қарай мұндағы автокөлік саны 120%-ға артып, 1,29 млн бірлікке жетуі мүмкін.
Әлбетте, автокөлік санының ұлғаюы көлік кептелістері және автотұрақтардың жетіспеуі сынды мәселелерді өзекті етіп, қоршаған ортаға кері әсерін тигізетіні анық. Жол қозғалысының қиындауы көлік ағындарын оңтайландыруға және жол айрықтарының өткізу қабілетін кеңейтуге, сондай-ақ қала орталығында шектеулер енгізуге негіз болуы тиіс, деп есептейді Commonwealth Partnership сарапшылары.
«Әлемдік тәжірибеде бұл тұрғыда әртүрлі тәсілдер мен әдістер кеңінен қолданылуда, мысалға, қала орталығына кіру үшін ақша төлеу немесе ақылы автотұрақтар ашу, сонымен бір мезгілде қоғамдық көлікті дамыту», – деп көрсетеді өз есебінде IQ City Planning Tashkent.
Айтқандай, қала басшылығы ел астанасындағы қоғамдық көлікті пайдалану деңгейін екі есеге – бүгінгі 30%-дан 2030 жылға қарай 60%-ға дейін арттыруды көздеп отыр.
«Қаланың қазіргі құрылымын ескеретін болсақ, тұрғындарды қоғамдық көлікке көшіру барысы айтарлықтай қиын міндет болмақ. Бұл арада нәтижеге жету үшін бірқатар шарттар кешені ескерілуі қажет: қызметтердің сапасы мен тұрақтылығы, брендтің танымалдылығы және тұрғындардың тұтыну әдеттерінің өзгеруі», – деп есептейді CMWP сарапшылары.
Алексей Летуновский, Commonwealth Partnership Uzbekistan сараптамалық тобының жетекшісі, IQ City Planning Tashkent есебінің авторы:
Меніңше, Жаңа Ташкенттің салынуы – бұл бүгінгі күннің қажеттілігінен туындаған шешім. Ташкент Өзбекстан халқын өзіне тартушы ерекше күш: мұнда жалақылар елеулі, мүмкіндіктер мол. Елдегі туу көрсеткіші мен көші-қон деңгейі жоғары екендігін ескерсек, астанада баспанаға деген сұраныс әрі қарай өсе бермек және бұл сұраныс 15 жылдан кейін өз шарықтау шегіне жетпек, яғни бүгінгі балалар өз бетінше ақша тауып, отбасын құра бастаған кезде. Егер таяу арада девелоперлердің күш-қуаты «бейбіт арнаға» қарай бағыт алмаса (яғни, тұрғын үй құрылысы үшін жаңа жер телімдері бөлінбейтін болса), онда баспанаға деген сұраныстың артуы аясында олар астанадағы әрбір жер телімінен пайда табуға мүдделі болады.
Әзірше «Жаңа Ташкент» жобасының жүзеге асырылу сапасына баға беру қиындау, өйткені бұл тұрғыда ашық ақпарат жоқтың қасы. Тек, кадастрлық картаға байланбаған бас жоспар бар екенін ғана білеміз (бірақ оған да ашық негізде қол жеткізу оңай емес).Суретке қарасақ, әдемі етіп салынған: негізгі және қосалқы магистралдар, жаңа аудан ішіндегі трамвай желісі, жаңа полицентрді бұрынғы орталықпен байланыстыратын метро желілері түгел ескерілген. Алайда, мұның бәрі тек болжамды көрініс қана, іс жүзінде бас жоспарларда белгіленгеннің 20%-дан 50%-ға дейінгісі орындалады. Жоспар бойынша, жобаның нормативтік құжаттамасын әзірлеу 2024 жылы басталуы тиіс.
Бұл арада жобаның ашық әрі қолжетімді болуы өте маңызды. «Жаңа Ташкенттегі» тұрғын үй және коммерциялық құрылысты дамыту үшін инвесторларды хабардар ету керек. Сол сияқты,белгіленген аумақты дамыту персективасын дұрыс түсінбейінше, тұрғындар да ол арадан пәтер сатып алмасы анық.
Келесі бір маңызды мәселе – жобаны қаржыландыруға, дәлірек айтқанда,бұл жобаға мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде қатысуға дайын отырған серіктестердің болуы дегенге келіп тіреледі. Өйткені оларсыз бұл жобаның жүзеге асырылуы екіталай.