Халық соңғы екі айда доллар сатып алуды екі есе ұлғайтты, қолма-қол рубльден арылу жалғасуда
Қараша айында Қазақстан тұрғындары доллар сатып алудан биылға рекорд орнатты. Бұл айда ақша айырбастау орындары 234,6 млрд теңгеге АҚШ көкқағазын сатқан. Есесіне халық қолда бар рублін айырбастауды жалғастырып жатыр. Осы айда 3,1 млрд теңгеге ресей рублі айырбасталған. Бұл туралы Ұлттық банктің шетел валютасын сату-сатып алу есебінде жазылған.
Салыстырар болсақ, қазан айында ел тұрғындары 193,7 млрд теңгеге АҚШ долларын сатып алған еді. Ал қыркүйек айында айырбастау пунктері қазақстандықтарға 116,1 млрд теңгеге доллар сатқан. Яғни доллар сатып алу көрсеткіші соңғы екі айда екі есе өскен.
Доллар сатып аудан әдеттегідей Алматы қаласы көш бастап тұр. Қараша айында алматылықтар 70 млрд теңгеге доллар сатып алған. Одан кейінгі орында Шымкент қаласы. Бұл қаланың тұрғындары өткен айда 49 млрд теңгеге доллар сатып алған. Үздік үштікті Астана түйіндейді. Астаналықтар 25 млдр теңгеге тең доллар сатып алған.
Қазан айында да Алматы, Шымкент және Астана қаласында доллар көп сатылған еді. Алматы қаласының тұрғындары бір айда 60,4 млрд теңгеге доллар сатып алса, шымкенттіктер 41,8 млрд теңгені долларға айырбастаған.
Қыркүйекте халық Ресей рублін жаппай сатып жатқанын жазғанбыз. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 2,7 млрд теңгеге теңге еді. Қазан айында сол үрдіс жалғасып, айырбастау пунктерінде рубльді нетто-сатып алу көлемі 6,13 млрд теңгені құраған.
Ал қараша айында ел тұрғындары 3,1 млрд теңгеге рубль сатқан.