Үш жылда студенттер саны 118 мыңға өсті

Қазақстанда студент атанатын жастар көбейіп келеді. 2022 жылы жоғары оқу орындарындағы білім алушылар саны 606 мыңға дейін төмендеген еді. Бірақ содан бері көрсеткіш үш жыл қатарынан өсіп, 2025 жылы 724 107 адамға жетті.
Бір ғана жылдың ішінде студенттер қатары 44 мыңға жуық адаммен толыққан. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,5%-ға көп. Ал 2020 жылдан бері студенттер саны 100 мыңнан астам адамға немесе 16,1%-ға өсті.
Қазақстанда студенттер саны артып келеді
Жоғары оқу орындарындағы студенттер және мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитындар саны
Ең үлкен өзгеріс соңғы үш жылда байқалды. 2022 жылдан бері қазақстандық университеттердегі студенттер саны 117,7 мың адамға көбейген. Басқаша айтқанда, осы аралықта студенттер контингенті шамамен бестен бірге артты.
Мемлекеттік тапсырыспен оқитындар да көбейіп жатыр. 2025 жылы олардың саны 298 743 адамға жетті. Бұл елдегі барлық студенттің шамамен 41%-ы.
Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 228 мың адам білім алған. Бес жыл ішінде бұл көрсеткіш 70 мыңнан астам адамға немесе 31%-ға өсті. Демек студенттер саны ғана емес, мемлекет есебінен білім алуға мүмкіндік алған жастардың қатары да кеңейген.
Жеке меншік оқу орындары артып келеді
Қазір Қазақстанда 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның 12-сі ұлттық, 31-і мемлекеттік, 52-сі жекеменшік университет. Сонымен қатар акционерлік, халықаралық және өзге мәртебедегі оқу орындары бар.
Осы университеттерде 45,5 мың оқытушы еңбек етеді. Олардың 47,7%-ының ғылыми дәрежесі бар. Жоғары оқу орындарында 10 374 ғылым кандидаты, 2 714 ғылым докторы және 4 841 PhD докторы сабақ береді.
Грант саны да аз емес. 2025 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына 93 232 грант бөлінді. Соның 77 084-і бакалавриатқа тиесілі.
Студенттердің табысына айналған шәкіртақы да біртіндеп өсті. Қазір бакалавриатта оқитын студенттер 52 372 теңге алады. Педагогикалық бағыттағы шәкіртақы 84 мың теңгеге жетті.
Магистранттарға 117 098 теңге, ал докторанттарға 262 500 теңге төленеді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап шәкіртақы көлемі 2020 жылмен салыстырғанда екі есе артты.
Жалпы көрініс айқын: Қазақстанда жоғары білім алуға ұмтылған жастар саны көбейіп келеді. Соған сай грантқа, университет инфрақұрылымына және сапалы оқытушыларға деген сұраныс та арта береді.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандағы бакалавриат: Ең қымбат 15 университеттің оқу ақысы анықталды.