«Қазақмыс» кәсіпорындарында өндірістік жарақаттану 3 есе артқан

Жарияланды (жаңартылды )
казахмыс
«Қазақмыста» өндірістік жарақаттану 3 есе артқан / hitechgp.co.uk, shutterstock, wikimedia commons

Қазақстандық миллиардер Владимир Кимге тиесілі «Қазақмыс» компаниясында биыл өндірістік жарақаттану өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп болған. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смаилов айтты.

Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанда жылына 2 мыңға жуық адам өндірісте жарақат алса, 200 астам азамат қайтыс болады.

«Қазақмыс» компаниясында биыл өндірістік жарақаттану былтырмен салыстырғанда 3 есе өссе, бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауда» адам өліміне алып келген жағдайлар саны 7 есе өскен», – деді премьер.

Бұдан бөлек, ол қазіргі адам өмірін сақтандыру жүйесі өндіріс компанияларын еңбек жағдайын жақсартуға жол ашпайтынын айтты. Дәл қазір тек 32% өндіріс орны өз қызметкерлерін сақтандырған.

«Көптеген елдерде Сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйақысының белгілі бір пайызын оқыс жағдайлардың алдын алуға жұмсайды. Яғни қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқыту, ұжымдық және жеке қорғаныс құралдарын сатып алу», – деді премьер.

Осы мәселелерді шешу үшін бүгін Үкімет Еңбек қауіпсіздігі концепциясын қабылдады. Құжат бірінші кезекте кәсіптік қауіп, өндірістегі жарақаттану және кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуге бағытталған.

«Қазақмыс Корпорациясы» серіктестігі (70% үлеспен бақылаушы – Владимир Ким, кіші серіктес 30% үлеспен Эдуард Огай) Bank RBK-ны қалпына келтіру бойынша мәміледе басты рөлдердің бірін атқарды. Тап осы «Қазақмыс» ДСФК компаниясының бастапқы құрылтайшысы болды. «Қазақмыс» есебінде ДСФК негізгі бенефициарына «тек қайта сату мақсатында құрылғаны» жазылған. 2018 жылдың жазында ДСФК шынымен де Кимге сатылды.

Айта кетейік, «Қазақмыс» компаниясының «Жайсаң» шахтасында 2 кенші қаза тапқан.

«Қазақмыс» – Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші. Компанияның құрамында 10 кеніш, бес тау-кен байыту фабрикасы, екі мыс балқыту зауыты, екі көмір разрезі бар. «Қазақмыс» кенді өндіруді және оны тауарлық металға өңдеуді жүргізетін өндірістік объектілерді басқарады. Корпорацияға кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы «Қазақмыс корпорациясының» 69,37% және 29,73% үлесіне иелік етеді.  

Сондай-ақ оқыңыз