«Яндекс» компаниясы yandex.kz платформасына қызмет көрсететін серверлерін Қазақстан аумағына көшірді.
Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, ведомство келісімінен кейін көшіру жұмыстары тамыз айында басталған. Енді yandex.kz ел ішінде орналасқан серверлерде ғана жұмыс істейді.
Яндекстің Қазақстандағы командасы елге қажетті жабдықтарды әкеліп, оны пайдалануға беріп, жүктемелік тестілеу жүргізіліп, оны сәтті аяқтағаннан кейін yandex.kz порталы толығымен жергілікті серверлерге ауыстырылған.
«Яндекс Қазақстан ұлттық ресурстарды нығайту бойынша жоспарлы түрде жұмыс істейді және өзінің қазақстандықтарға арналған сервистерін локализациялауда. Серверлерді ел аумағына көшіру – маңызды қадам. Бұл біздің пайдаланушыларымыздың деректерінің Қазақстанда өңделетінін көрсетеді», – деді цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.
«Яндекс» ЖШҚ өз серверлерін Қазақстанға көшіруді тамыз айында бастаған еді. Бұл жұмыс 2024 жылдың соңына дейін аяқталу керек.
Бұған дейін «Яндекстің» қазақстандық баспасөз қызметі БАҚ-та тараған Қазақстанның «Yandex Go» сервисін тұтынушыларының жеке деректеріне Ресейдің федеральды қауіпсіздік қызметі қол жеткізе алады деген ақпаратқа түсініктеме берген.
9 тамызда Қазақстандағы Интернетті пайдаланушылардың көпшілігі Yandex.kz сайтын аша алмады. ҚР Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстандықтардың деректерін республика аумағынан тыс жерде сақтағаны үшін Yandex.kz домені бұғатталғанын айтқан.