Энергетика министрлігі: Қазақстан жыл соңына дейін мұнай өндіру жоспарын орындай алмайды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: shutterstock және wikimedia commons

Жыл сайын 100 млн тонна мұнай өндірсек, қазіргі мұнай қоры 40-45 жылға жетеді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов мәлімдеді.

Сенат отырысынан кейінгі кулуарда журналист вице-министрден «жыл соңына дейін мұнай өндіру жоспары орындала ма?» – деп сұрады.

Асхат Хасенов алдын ала жасалған болжам бойынша 2023 жылы 90,5 млн тонна мұнай өндірілуге тиіс болғанын, алайда кен орындарындағы түрлі жағдайға байланысты мұнай өндірісі төмендегенін, салдарынан жоспардан ауытқу болғанын баяндады.

«Биыл 90 млн тонна мұнай өндіреміз деп отырмыз. 2024 жылы да 90 млн тонна мұнай өндіріледі деген жоспар бар», – деді Энергетика вице-министрі.

Асхат Хасеновтің айтуынша, келесі жылы 73-75 млн тонна мұнай экспортқа шығарылады. Қалған 17-18 млн тонна мұнай ішкі нарыққа бағытталады.

Энергетика вице-министрі Қазақстанның мұнай қоры қанша екеніне және оның неше жылға жететініне қатысты сұраққа да жауап берді.

«Мемлекеттік баланста көмірсутектің 15,5 млрд тонна геологиялық қоры бар. Өндіріліп жатқан мұнай қоры 4,4 млрд тоннаны құрайды. Бұл мұнайдың А, Б және С1 санатына жататын қоры», – деді Асхат Хасенов.

Энергетика вице-министрі мұнай қоры қанша жылға жететінін математикалық әдіспен есептеп берді.

«Мысалы өндіріліп жатқан 4,4 млрд тонна мұнайды алайық. Жыл сайын 100 млн тонна мұнай өндірсек, бұл қор бізге 40-45 жылға жетеді. Бұл 45 жылдан соң мұнай қоры таусылады дегенді білдірмейді. Өйткені жыл сайын жаңа кен орындары барланады. Яғни қор көлемі артуы мүмкін», – деді Асхат Хасенов.

8 тамызда Қазақстанда мұнайдың тәуліктік өндірісі 228 мың тоннаға дейін төмендегенін жазғанбыз. Сол кезде Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мұнай өндірісі электр қуатының шектелуіне байланысты төмендегенін хабарлаған.

Осы жағдайға байланысты «Теңізшевройлда», «Маңғыстаумұнайгазда», «Ембімұнайгазда», «Өзенмұнайгазда» және «Қаражанбасмұнайда» мұнай өндіру көлемі қысқарған. 3 шілдеде МАЭК-тегі апат салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс пен «ҚазМұнайГаздың» бірнеше кен орындарында мұнай өндіру тоқтаған. 3-14 шілде аралығында Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысында ішінара іркіліс пайда болған.

Президент «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жариялаған.

Қыркүйек айында Қазақстанда тәуліктік мұнай өндіру көлемі әупірімдеп жүріп, соңғы 3 айдағы ең жоғары деңгейге жетті. 21 қыркүйектегі есеп бойынша елімізде 256,2 мың тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген. Бір апта ішінде мұнай өндірудің тәуліктік көлемі 13,2%-ға немесе 30 мың тоннаға артқан. Бұл 3 айдан астам уақыт ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш болған.

Қазан айында Қазақстанда мұнай экспортынан түскен табыс 15%-ға дейін қысқарды. Осыған қатысты мәлімдеме жасаған Мемлекеттік кірістер комитеті қаңтар-тамызда Қазақстан шетелден мұнай жеткізуден 27,9 млрд доллар табыс тапқанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 14,5%-ға немесе 4,7 млрд теңгеге кем көрсеткіш екенін хабарлаған.

Қазақстанда мұнай өндіру көлемі төмендеп жатқанда әлемдік мұнай бағасы антирекорд орнатты. Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнай баррелінің құны бір күнде 5,11 долларға арзандады. Бұл кейінгі 14 айдағы ең нашар көрсеткіш болды.

27 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2023 жылдың соңына дейін өңірде өндіруді жоспарлаған мұнай-газ көлеміне қол жеткізе алмауы мүмкін екенін мәлімдеді.

«ҚазМұнайГаздың» жоспары, қателеспесем, мұнай бойынша 17 млн, газ бойынша 2 млрд 600 млн текше метрді құрайды. «ҚазМұнайГаз» жоспарланған мұнай-газ көлемін өндіре алмауы мүмкін. Бұл көлемге жете алмайтыны анық. Бұған электр қуатының үзілуі және басқа да техникалық жағдайлар себеп болды», – деді өңір басшысы.

Биыл елімізде мұнай өндіру көлемі шамамен 10%-ға қысқарды. Бұған Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) апат тікелей әсер етті. Электр қуатының шектелуіне байланысты Қазақстанда мұнай өндіру көлемі жалпы алғанда 10%-ға, ал тәулігіне 1,5-2 млн тоннаға төмендеді.

Осыған байланысты тамыз айында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алдын ала болжанған өндіріс көлемі өзгеруі мүмкін екенін жариялады.

«Мүмкін, біз жыл соңына дейін мұнай өндіру болжамын төмендететін шығармыз. Қазіргі уақытта біз өндіру көлемі шамамен 89,4 млн тонна мұнайды құрайды деп жоспарлап отырмыз. Динамиканы көрейік, өйткені кен орындарында жөндеу жұмысы жүріп жатыр», – деген болатын Алмасадам Сәтқалиев.

Энергетика министрлігі Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының мәліметінше, отын-энергетика кешеніндегі апаттан кейінгі 4 күнде Қазақстанда мұнай өндіру көлемі бірден 10%-ға төмендеген.

10 тамызда тәуліктік мұнай және газ конденсатын өндіру 232 мың тоннаны құраса, 14 тамызда 209,3 мың тонна болған.

11 тамызда МАЭК-2 ЖЭО-да 2 турбоагрегат сөндірілді. Салдарынан Атырау энергетика орталығында 45 МВт, Маңғыстау энергетика орталығында 98 МВт тоқ тұтынушыға жетпей қалды. Бірқатар елдімекендерде электр жарығын беру жартылай шектелді. Оқиғаға орай құрылған жедел штаб желдеткіш арқылы электр энергиясын беруге уақытша шектеу енгізу туралы шешім қабылдады.

Сарапшылардың есебінше, МАЭК-те болған апатты жағдайдың салдарынан бюджетке түсуге тиіс болған салықты қоса алғанда 1 млрд доллардан астам шығын келді.

Айтпақшы 22 желтоқсанда Анголаның ОПЕК-тен шығуы әлемдік мұнай бағасын құлдыратып жіберді.

Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 79,03 доллардан төмендеді. Нью-Йорк тауар биржасында WTI мұнай фьючерсі 0,77%-ға арзандап, барреліне 73,65 долларды құрады.

Естеріңізге салайық, қараша айында ОПЕК Нигерия, Ангола және Конго мемлекеттеріне тәулігіне 1,11 млн баррель мұнай өндіру шегін қойды. Ангола бұл талапты орындаудан бас тартты.

Мақала әзірленіп жатқанда Энергетика министрлігі автогаздың әр өңірдегі шекті бағасын бекітті. Бекітілген баға 2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін болды.

Сондай-ақ оқыңыз