Жаңалықтар

ЕАЭО бойынша экономикалық өсім бәсеңдеуі мүмкін: Тоқаев мүше елдерді 2024 жылдың сын-қатерлеріне бірлесе дайындалуға шақырды

Еуразиялық экономикалық одақ

Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ Еуразия кеңістігін байланыстыратын стратегиялық буын қызметін атқаратынын айтты / Фото: Ақорда

2024 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына Армения төрағалық етеді. Бұл жайлы Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтылды.

Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Ресей Президенті – ЖЕЭК төрағасы Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қатысқан. Сондай-ақ ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет басшысы – Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес бейнеүндеу жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында осы жылдың оңай болмағанын, әсіресе, жаһанды жайлаған тұрақсыздықтың күшейе түскенін атап өтті. Инфляцияның қысымы, халықаралық логистикалық тізбектердің трансформациясы, аймақтардағы қақтығыстар, санкциялық текетірестер сынды әлемдік экономиканың даму қарқынын бәсеңдететін факторлардың көп екенін айтқан президент Қазақстанның қиындықтарға қарамастан, жылды 4,9 пайыз экономикалық өсіммен аяқтайтынын жеткізді.

«Осындай күрделі жағдайда Қазақстан жылдық экономикалық өсімді 4,9 пайыз көрсеткішпен қорытындылауды жоспарлап отыр. «Еуразиялық бестікке» кіретін барлық елде оң динамика байқалатыны қуантады. Әйтсе де экономикамыздың орнықты даму траекториясын сақтау үшін 2024 жылдың сын-қатерлеріне бірлесе дайындалуымыз керек. Сарапшылар болжамына сәйкес келесі жылы жаһандық экономика бірқалыпты, тіпті баяу қарқынмен, яғни 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін өседі. Нарығының көлемі 2,6 трлн долларға тең Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі ретінде өсімнің бәсеңдеуін сезінуі мүмкін. Сондықтан біз қазіргі экономикалық резервті және өзара тиімді интеграцияның қолда бар әлеуетін барынша жұмылдыруымыз қажет. Қазақстан әуел бастан Одақтың экономикалық сипатын айқындайтын қағидатты берік ұстанды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өз істері мен шешімдерінде дәл осы күн тәртібінен ауытқымауға тиіс деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің ЕАЭО-ға мүше елдер үшін технологиялық кооперацияны экономиканың нақты секторында дамыту – басты міндеттердің бірі екенін айтты.

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болған іргелі мақсатты толыққанды жүзеге асыру, яғни тауарлардың еркін қозғалысына тың серпін беру қажеттігін атап өткен президент Кеден шекаралары ашылғанына қарамастан, әрбір ел іс жүзінде отандық өндірушілерін ЕАЭО-ға қатысушы өзге бәсекелестерден қорғауын жалғастырып отырғанын айтты.

«Біз ортақ нарықта кездесетін кедергілер мен шектеулерді жойып, бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатуымыз керек. ЕАЭО-ның біріккен ақпараттық жүйесінің толық форматта жұмыс істеуі мүше мемлекеттер арасында тауар тасымалдау кезіндегі бизнес шығындарын айтарлықтай азайтуға септігін тигізер еді. Электронды сауда саласында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мол мүмкіндік бар. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақтағы аталған нарықтың жалпы көлемі 80 миллиард долларға жетті. Жақын арада бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін. Алайда мұнымен тоқтап қалмаймыз. Кедендік рәсімдерді жетілдіру және онлайн сауданың тиімді, тең құқылы экожүйесін құру бағытында барынша белсенді жұмыс істеуіміз қажет», – деді ол.

Тоқаев ЕАЭО-ның күллі Еуразия кеңістігін байланыстыратын стратегиялық буын қызметін атқаратынын айтты. Президент Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан және Үндістан елдеріне шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту мәселесін көтерді. Осы орайда Қазақстан бастамасымен «Челябинск – Болашақ – Иран» бағытын іске қосу жобасының жүзеге асырыла бастағанын атап өтті. Сонымен бірге Қазақстан, Ресей және Түрікменстан бірігіп логистикалық кәсіпорын құратынын жеткізді.

«Біз өз тарапымыздан еліміздегі теміржол желілері мен автомобиль жолдарының талапқа сай келмейтін учаскелерін реконструкциялауға әзірміз. Мен бұл ретте Бейнеу – Маңғыстау, Мақат – Қандыағаш теміржол желісі мен Бейнеу – Шалқар автомобиль жолы туралы айтып отырмын. Көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның логистикалық компаниялары бірлескен кәсіпорын құрып жатыр. ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің теміржол әкімшіліктерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Қазақстан өзінің көлік-логистикалық құрылымы мен оның Еуразиялық экономикалық одақпен байланысын белсенді нығайтуда. Біз Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысын аяқтауға жақындадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекарада және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Таяу жылдары 1300 шақырымдық жаңа теміржол желісінің, «Бақты» және «Қалжат» құрғақ порттарын, сондай-ақ Иранның Бендер-Аббас қаласында теңіз портын салу жоспарланған. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді өзара тиімді жобаларды бірлесе іске асыруға, соның ішінде ірі стратегиялық порттардың серіктес желілерін, логистикалық орталықтар мен пошта хабтарын салуға шақырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы күрделі кезеңде үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық байланыстарды дамыта отырып, сыртқы саясатта ЕАЭО-ның әлеуетін кезең-кезеңімен нығайту маңызды екеніне тоқталды

«Біз Иранмен Еркін сауда туралы толық форматты келісімге қол қоюды құптаймыз. Бұл ел біздің сауда-экономикалық байланысымызда маңызды рөл атқарады. Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Индонезия, Моңғолия және басқа да мүдделі елдермен осы бағыттағы мақсатты жұмысты жалғастырған жөн», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Ресейдің Ұйымға төрағалығы табысты аяқталуымен Владимир Путинді құттықтады. Сондай-ақ Никол Пашинянға Арменияның 2024 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына нәтижелі төрағалық етуіне тілектестік білдірді.

Еске сала кетсек, 25 желтоқсан күні Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің шақыруымен Санкт-Петербург қаласына барғандығы хабарланған болатын.