2024 жылы декреттік төлем қалай рәсімделеді?

Жарияланды (жаңартылды )
2024 жылы декреттік төлемді қалай алуға болады / shutterstock және freepik

2024 жылдан бастап жүкті және босанған әйелдерге берілетін декреттік төлем, жәрдемақыларда қандай өзгеріс болады? Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер нені білуі тиіс? Kursiv Media тілшісі шолу дайындады.

Декреттік демалыс қанша күнге созылады?

Қазақстанда жеңіл босанған жағдайда декреттік демалысқа 126 күн беріледі. Атап айтқанда, босанғанға дейін 70 күн (жүктіліктің 30-аптасында) және босанған соң 56 күн деп есептеледі. Ал енді босанған кезде ауыр өтіп, кесарь тілігі жасалғанда не егіз, үшем болған жағдайда тағы 14 күн қосылады. Бұдан бөлек, ядролық сынақтар өткізілген аймақтардағыларға қалыпты жағдайда 170 күн, ауыр босанғанда не бір баладан көп бала туғанда 184 күн демалыс тағайындалады. Жаңа туған сәбиді асырап алған болсаңыз, бала өмірге келген күннен бастап санағанда 56 күнге еңбекке жарамсыздық парағын ашып, демалыс ала аласыз. Елімізде бала күтіміне байланысты демалыс ұзақтығы — 3 жыл. Осы уақыт ішінде жұмысқа ерте қосылсаңыз да ерік өзіңізде. Бірақ 3 жылға дейін үйде отырам деп шешсеңіз, штаттағы қызметіңіз сақталады. Сонымен бірге бала күтіміне байланысты демалысты әкелер де рәсімдей алады. Оны екеуара келісіп шешуге құқылысыздар.  

Демалыс рәсімдеу процесі

Алдымен тіркелген емханадағы гинеколог-дәрігеріңізге барып, 30 апта толған кезде еңбекке жарамсыздық парағын аштырасыз. Ядролық сынақ өткізілген аймақтардағы әйелдер 27 аптадан бастап шығады. Декреттік демалыс сол парақта көрсетілген күннен бастап рәсімделеді. Ал енді парақ ашарда нені ескеру керек? Алдымен жұмыстан анықтама апарып, параққа ондағы деректер толтырылады. Мөр қойылып, екі дана парақты алған соң, жұмыс берушіге апарасыз. Оны кадр бөліміне жауапты маман толтырып, бір данасын өзі алып қалады да, екіншісін қолыңызға табыстайды. Егер жеке кәсіпкер болсаңыз, оны өзіңіз не есепшіңіз толтырады. Ал енді әрі штаттық қызметкер, әрі ЖК иесі болсаңыз, онда  еңбекке жарамсыздық парағының көшірмесін жасап, көшірмеге дәрігеріңіз белгі қойып береді. Парақ толтырылған соң бір данасын ХҚКО-ға барып өткізесіз. Қандай құжаттар керек болатынын сәл кейінірек айтамыз. 

Жүкті әйелдер мен босанған аналардың құқықтары

  • Жұмысқа кіргеніне қанша уақыт болғанына қарамастан, жүктілік пен босануына байланысты демалыс ала алады;
  • Еңбек келісімшарты аяқталған күні әйел жүктіліктің 12-ші аптасында болса, онда медициналық қорытынды көрсетсе, келісімшарт бұзылмайды. Жұмыс беруші созуға міндетті;
  • Еңбек келісімшартында жазылған болса, декреттік демалысты жұмыс беруші төлеуі мүмкін. Мысалы, төлем мөлшері мемлекет бекіткен максимум сомадан асып кетсе, шартқа қарай жұмыс беруші төлейтін кездер болады;
  • Бала күтіміне байланысты демалысты баланың әкесіне не асырап алған адамға жұмыс беруші жалақы төленбейтін етіп рәсімдеуге міндетті. Келісімшартты демалыс аяқталғанша бұза алмайды;
  • Бала күтіміне байланысты демалысты бөліп-бөліп ала алады;
  • Еңбек өтіліне бала қарап отырған уақыт қосылады;
  • Декреттік демалыстан келген қызметкер төленетін, кезекті еңбек демалысын алуға құқылы;
  • Егер жұмыста қысқарту жүріп жатса, жүкті және баласы үшке толмаған әйелдер жұмыстан шығарылмайды;
  • Егер бала күтіміне байланысты демалыста отырған әйел жұмысқа шыққысы келсе, бір ай бұрын ескертуі керек;
  • Декреттік демалыстан жұмысқа ертерек шыққан болса, әйелге баласын емізуге әр үш сағат сайын үзіліс беріледі.

Қандай құжаттар керек?

Табысынан айырылғанына байланысты берілетін бір реттік төлемді алу үшін мына құжаттарды ХҚКО-ға өткізесіз:

  • Өтініш;
  • Жеке куәлік;
  • Еңбекке жарамсыздық парағы;
  • Банк шотының деректері.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар яки жеке кәсіпкерлер осы аталған тізімдегі құжаттарға қоса мыналарды апарады:

  • Жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтер);
  • Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығымен бекітілген жеке шоттарын жүргізу қағидаларына 16-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік кірістер органдары берген бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар бойынша салық төлеушінің жеке шотынан үзінді көшірме.

Бала бір жарымға толғанша төленетін жәрдемақы

 Жәрдемақы алу үшін мына құжаттар сұралады:

  • Өтініш;
  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Баланың туу туралы куәлігі немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме;
  • Банк шотының нөмірі туралы құжат. Шотты  кез келген ҚР ЕДБ немесе банктік операцияларды жүзеге асыратын  «ҚазПошта» АҚ  сияқты басқа ұйымдарда ашуға болады.

Есте ұстайтын жайт: Қазақстанда баланы сүйіншіпұлы мен бір жарым жасқа дейінгі жәрдемақысы көбіне проактив түрде рәсімделеді. Яғни әйелдің базада тіркелген нөміріне 1414-тен хабарлама келеді. Ол жерде тағайындалғаны немесе қосымша құжат сұратылатын болса, сол туралы ақпарат келеді. 

Босанған соң тағайындалатын жәрдемақының екі түрі бар. Біріншісі — сүйіншіпұл. Бұл бір рет қана беріледі. 2024 жылы 1 АЕК 3 692 теңге болып көтеріледі. Соған сәйкес, жәрдемақы сомасы да өседі деген сөз. Атап айтқанда, алғашқы үш балаға — 38 АЕК (140 296 теңге), төрт баладан бастап — 63 АЕК (232 596 теңге).

Ал екінші түрі — табысынан айырылғанына байланысты 1,5 жыл бойы төленіп отыратын жәрдемақы. Оның мөлшері әр әйелде әр түрлі есептеледі. Жұмыс істемейтіндерге мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы тұрақты бекітілген. 

  • Бірінші балаға — 5,76 АЕК (2024 жылы ай сайын 21 265 теңге);
  • Екінші балаға — 6,81 АЕК (2024 жылы ай сайын 25 142 теңге);
  • Үшінші балаға — 7,85 АЕК (2024 жылы ай сайын 28 982 теңге);
  • Төрт баладан әрі қарай — 8,90 АЕК (2024 жылы ай сайын 32 858 теңге).

Жұмыс істейтін әйелдерге тағайындалатын жәрдемақы мөлшері оның кейінгі екі жылдағы табысына қарай есептеледі. Төменде формуланы беріп отырмыз.

Төлемдер мен жәрдемақы қалай есептеледі?

Табысынан айырылғанына байланысты төленетін бір реттік әлеуметтік төлем былай есептеледі: әйелдің кейінгі 12 айдағы табысы қосылып, 12-ге бөлінеді. Сонда оның айлық орташа табысы белгілі болады. Одан соң, еңбекке жарамсыз күндер коэффициентіне көбейтесіз. Егер 126 күнге ашылса — 4,2 (126÷30=4,2), 140 күнге ашылса 4,7 (140÷30=4,7) болады. Енді орташа айлығыңызды осы коэффициентке көбейтіп, декреттік төлем сомасын анықтай аласыз. Одан зейнетақы жарнасы ұсталатынын ұмытпаңыз. Егер айлығыңыз 7 төменгі жалақы мөлшерінен көп болса, онда төлем басқаша есептелуі мүмкін. Соны ескеріңіз. Енді мысал үшін есептеп көрейік:

Айталық, жалақыңыз 200 000 теңге болсын. Жоғарыдағы формулаға саламыз: 200 000×4,2–10% (зейнетақы жарнасы)= қолға 756 000 теңге. Мемлекет 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын соманы ғана төлейді. Асып кетіп жатса, үстіндегі сомасын жұмыс беруші төлеп берсе болады. Ол үшін ондай тармақ еңбек шартында көрсетілуі керек. Мысал үшін есептеп көрелік. 2024 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңгеге өседі. Енді табысы 7 төменгі жалақы мөлшерімен бірдей не одан асатын әйелдердің қанша алатынын шығарайық. Келесі жылы 7 төменгі жалақы мөлшері 595 000 теңгеге тең болады. Демек, формула бойынша былай: 595 000×4,2–10%=2 249 100 теңге. Бұл — мемлекеттің төлеп беретін максимум сомасы. Егер айлығыңыз бұдан жоғары болса, жұмыс беруші қаласа үстіндегі сомасын өтеп берсе болады.

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы жұмыс істейтіндерге жеке есептеледі. Өйткені мөлшері орташа айлығына тікелей байланысты. Ол үшін кейінгі екі жылдағы табыс есепке алынады. Кейінгі 24 айдағы табыстың бәрін қосып, 24-ке бөлесіз. Осылайша орташа табыс көлемі белгілі болады. Ол соманы 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алғанда ай сайынғы жәрдемақы көлемі шығады. Сонымен сіздің орташа табысыңыз 200 000 теңге болды. Енді формулаға саламыз: 200 000×0,4–10%=72 000 теңге. Орташа айлығы 7 төменгі жалақы мөлшеріне тең не одан асатындардың ай сайын қанша алатынын есептейік: 595 000×0,4–10%=214 200 теңге. Жаңа туған сәбиді асырап алғандарға сүйіншіпұл мен жәрдемақы дәл осы заң нормаларына сәйкес төленеді.

Кәсіпкер әйелдерге құлаққағыс: 2024 жылы не өзгереді?

Жеңілдетілген жеке кәсіпкерлігі бар әйелдерге жәрдемақы тағайындағанда мынадай үш негізгі көрсеткішке назар аударылады:

  • Салық декларациясына сай көрсетілген кезеңде тапқан табыс көлемі;
  • Әлеуметтік аударымдарды есептеуге арналған табысы;
  • Әлеуметтік аударым сомасы.

Декреттік төлемдер мен жәрдемақы кәсіпкер әйелдерге жоғарыда айтқандай төленеді. Формуласы да бірдей. Бірақ есте ұстау керек нәрселер бар. Міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері алатын төлемінің сомасына ешқалай әсер етпейді. Бұған дейін ЖК иелері міндетті зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік аударым сомасын өздері белгілей алатын. Сондықтан бұл екі табыс екі түрлі болуы мүмкін еді. Яғни зейнетақы жарнасын минимум сомадан төлеп, әлеуметтік аударымды максимумнан төлеуге болатын. Бірақ 2023 жылғы 1 шілдеден бастап өзгерді. Әлеуметтік кодекс нормаларына күшіне енгелі бері әлеуметтік аударым мен зейнетақы жарнасын есептейтін база тең болуы керек деген ереже бекітілді. Сондықтан 2023 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап, жеке кәсіпкерлердің төлейтін аударымдары өзгерді. 2024 жылы төменгі жалақы мөлшері өсетіндіктен, міндетті төлемдердің сомасы да көбейеді. Осыны ескеру қажет.  

Сондай-ақ оқыңыз