Жаңалықтар

Үкімет 11 айдағы мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі жайлы есеп берді

Фото: kursiv.media

Үкімет 2023 жылы энергетика және мұнай-газ саласының даму қорытындысын жария етті.  

Ұсынылған шолуға көз жүгіртер болсақ, елімізде 11 айда, яғни қаңтар-қараша аралығында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 82,2 млн тоннаны құраған. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен  8%-ға артық. Сонымен қатар 53,8 млрд текше метр газ, 26,9 млрд текше метр тауарлық газ өндірілген.

Осы орайда жыл сайын 100 млн тонна мұнай өндірсек, қазіргі мұнай қоры 40-45 жылға жетеді деген Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтің сөзін еске алуға тура келеді.

Асхат Хасенов Сенат отырысынан кейінгі кулуарда алдын ала жасалған болжам бойынша 2023 жылы 90,5 млн тонна мұнай өндірілуге тиіс болғанын, алайда кен орындарындағы түрлі жағдайға байланысты мұнай өндірісі төмендегенін, салдарынан жоспардан ауытқу болғанын баяндады.

Бұған мұнай өндірісі тәулігіне 228 мың тоннаға дейін күрт төмендеген кез болғаны дәлел екенін айта кету керек. 8 тамызда Энергетика министрлігі мұнай өндірісінің төмендеу себептеріне қатысты түсініктеме беріп, оған электр энергиясының тапшылығы себеп болғанын айтқан.

Осы жағдайға байланысты «Теңізшевройлда», «Маңғыстаумұнайгазда», «Ембімұнайгазда», «Өзенмұнайгазда» және «Қаражанбасмұнайда» мұнай өндіру көлемі қысқарған. 3 шілдеде МАЭК-тегі апат салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс пен «ҚазМұнайГаздың» бірнеше кен орындарында мұнай өндіру тоқтаған. 3-14 шілде аралығында Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысында ішінара іркіліс пайда болған.

Шолуда биылғы қаңтар-қараша аралығында 64,3 млн тонна мұнай (өсім 10%) және 5,3 млрд м3 табиғи газ (өсім 8%) экспортталғаны да жазылған. Бір айта кетерлігі қазан айында Қазақстанда мұнай экспортынан түскен табыс 15%-ға дейін қысқарды. Осыған қатысты мәлімдеме жасаған Мемлекеттік кірістер комитеті қаңтар-тамызда Қазақстан шетелден мұнай жеткізуден 27,9 млрд доллар табыс тапқанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 14,5%-ға немесе 4,7 млрд теңгеге кем көрсеткіш екенін хабарлаған.

Ал отандық мұнай өңдеу зауыттары қаңтар-қазан аралығында елімізде 11,2 млн тонна мұнай өнімдерін өндіріп, жоспарды (101,5%) асыра орындаған.

27 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2023 жылдың соңына дейін өңірде өндіруді жоспарлаған мұнай-газ көлеміне қол жеткізе алмауы мүмкін екенін мәлімдегенін еске сала кеткен жөн.

«ҚазМұнайГаздың» жоспары, қателеспесем, мұнай бойынша 17 млн, газ бойынша 2 млрд 600 млн текше метрді құрайды. «ҚазМұнайГаз» жоспарланған мұнай-газ көлемін өндіре алмауы мүмкін. Бұл көлемге жете алмайтыны анық. Бұған электр қуатының үзілуі және басқа да техникалық жағдайлар себеп болды», – деді өңір басшысы.

Биыл елімізде мұнай өндіру көлемі шамамен 10%-ға қысқарды. Бұған Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) апат тікелей әсер етті. Электр қуатының шектелуіне байланысты Қазақстанда мұнай өндіру көлемі жалпы алғанда 10%-ға, ал тәулігіне 1,5-2 млн тоннаға төмендеді.

Осыған байланысты тамыз айында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алдын ала болжанған өндіріс көлемі өзгеруі мүмкін екенін жариялады.

«Мүмкін, біз жыл соңына дейін мұнай өндіру болжамын төмендететін шығармыз. Қазіргі уақытта біз өндіру көлемі шамамен 89,4 млн тонна мұнайды құрайды деп жоспарлап отырмыз. Динамиканы көрейік, өйткені кен орындарында жөндеу жұмысы жүріп жатыр», – деген болатын Алмасадам Сәтқалиев.

Энергетика министрлігі Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығының мәліметінше, отын-энергетика кешеніндегі апаттан кейінгі 4 күнде Қазақстанда мұнай өндіру көлемі бірден 10%-ға төмендеген.

Шолуда жыл қорытындысы бойынша 13,4 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарланып отырғаны айтылған.

Сондай-ақ желтоқсанда Батыс Қазақстан облысында табиғи газдың қосымша көзіне айналатын «Рожковское» ірі кен орны іске қосылды. Кен орны 14,2 млрд текше метр шикі газ, 7,1 млн тонна конденсат алуға мүмкіндік береді. Осылайша Ұлттық қор 501 млрд, жергілікті бюджет 110 млрд теңгеге толығады.

Елді мекендер мен ірі өнеркәсіп объектілерін газбен қамтамасыз ету де өзекті мәселе екенін ескерер болсақ, Үкімтеттің шолуыда «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісі іске қосылғаны атап өткен. Сонымен қатар Энергетика министрлігі  Ақтөбе – Қостанай» магистральдық газ құбырын жобалау 2024 жылдың I тоқсанында аяқталатынын хабарлаған

Тағы бір ауқымды дүние Үкіметтің мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткені.

«Қабылданған кешенді жоспар мұнай-газ, мұнай-газ өңдеу, сондай-ақ мұнай-газ-химия салаларында 20 маңызды жобаны іске асыруға бағытталған. Жобаларды іске асыруға $37,3 млрд көлемінде инвестициялар тарту көзделіп отыр», – делінген хабарламада. 

Құжатта 2027 жылға қарай Қазақстан билігі Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында мұнай өндіру деңгейін жылына 105,5 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын, ал, газ өндіру деңгейін 82,1 млрд м3 дейін арттыруды көздейтінін көрсетіп отыр.