Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік мәселелерге араласпайды – Қошанов

Жарияланды
Фото: shutterstock

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты сұраққа жауап берді.

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін, журналист палата спикерінен: «Қоғамда сіздер құрып жатқан «жаңа Қазақстан» мен «ескі Қазақстан» арасында текетірес жүріп жатыр деген пікір бар. Оған себеп – экс-президенттің «Астана клубының» пленарлық отырысына қатысуы, Ресейге барып, Владимир Путинмен кездесуі. Халықтың алаңдауына негіз бар ма?», – деп сұрады.

«Халықтың алаңдауына, сіздің алаңдауыңызға негіз жоқ. Қазақстанда қосбилік жоқ, болуы мүмкін емес. Бүгінде барлық шешімді халық басым көпшілікпен сайланған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қабылдап отыр», – деп жауап берді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы экс-президент мемлекеттік мәселелерге араласпайтынын айтты.

«Кездесулері немесе өткізіп жатқан іс-шаралары, жол сапары жеке азамат ретінде құқығын пайдаланып жүргені», – деп түсіндірді Ерлан Қошанов.

13 желтоқсанда Қазақстанның бұрынғы президенті «Астана клубының» VII отырысына қатысты. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев қорының сайты жазды.

«Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиын барысында клубтың халықаралық деңгейде танымал әрі сұранысқа ие пікірталас алаңына айналғанын жеткізді», – деп жазылды мақалада.

20 желтоқсанда kursiv.media ТАСС агенттігіне сілтеме жасап, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу өткізгенін жариялады.

Желтоқсан айының алғашқы күнінде Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім: Бодандықтан – бостандыққа» кітабын сатылымға шығарды.

4 желтоқсанда осы кітаптың «авторлық нұсқасын» Ресей президенті Владимир Путинге сыйлағаны туралы ақпарат тарады.

Сондай-ақ оқыңыз