Жаңалықтар

Қарағанды облысында 3 адамға шабуыл жасаған қасқырдың құтырғаны анықталып, ет сатуға шектеу енгізілді

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 3 адамға шапқан қасқырдың құтырғаны анықталды. Соған байланысты Қарқаралы ауданында 1 айға шектеу жарияланды.

«2023 жылдың 27 желтоқсанынан бастап профилактикалық мақсатта Қарқаралы қаласы бойынша шектеу шаралары жарияланды. Бұл шара көзі жойылған қасқырдың сараптамасынан оның құтырғаны анықталғанына байланысты қолға алынды», – делінген әкімдіктің харламасында.

Ауданда:

  • ит пен мысық көрмесін өткізуге;
  • құтырма жұқтыруы мүмкін мал өнімін (сүт, ет, тері) шығарып, тасымалдауға;
  • мал мен ит-мысықты басқа жаққа шығару және тасымалдауға тыйым салынады.

Аурудың алды алу үшін мамандар үйді-үйді аралап тексереді. Егер ауруға күдік болса, дезинфекция жүргізіледі. Сонымен қатар, ит пен мысық, малға құтырмаға қарсы екпе салынады.

Қазіргі кезде Қарқаралы қаласы бойынша мал мен ит-мысықта құтырма ауруы анықталмаған.

21 желтоқсанда Қарқаралы ауданында қасқыр адамдарға шабуыл жасаған. Қасқыр олардың қолын тістеп, тісі терең батып кеткен. Ауруханаға үш адам түсті. Кейінірек аймақ полицейлері қасқырды тауып өлтірген.