Алаяқтық жолмен алынған 250 млн теңгенің шетелге шығып кетуіне жол берілмеді – министр

Жарияланды
интернет алаяқтық

ІІМ банк секторымен бірлесе жұмыс жүргізіп, нәтижесінде алаяқтық жолмен алынған 250 млн теңгенің шетелге шығып кетуіне жол берілмеген. Сонымен бірге азаматтарға 669 млн теңгенің залалы өтелген. Бұл жайлы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың депутаттық сауалға жауабында айтылған.

Депутаттар интернет дамыған заманда, онлайн-алаяқтық күн санап артып жатқанын айтқан. Ішкі істер министрлігімен қылмыстық істер қозғалғанымен, алаяқтың
өзін табу мүмкін еместігін айтқан депутаттар 9 айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркелгенін атап өткен. Министр өз жауабында алаяқтықтардың алдын-алу бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын, шетелден келетін 43,5 млн-нан астам қоңырау бұғатталғанын мәлімдеген.

«ЦДИАӨМ-мен бірлесіп енгізілген жүйені пайдалана отырып, шетелдік алаяқтар азаматтарды алдау үшін пайдаланатын ауыстырылатын нөмірлерден 43,5 млн астам қоңырау бұғатталды. Сонымен қатар интернет желісінде 20 мыңнан астам түрлі құқыққа қарсы, оның ішінде алаяқтық және қаржы пирамидалары белгілері бар ресурстар анықталды және бұғатталды. Ағымдағы жылдың шілде айында барлық өңірлерде құрылған «Киберпол» мамандандырылған топтары тиімді жұмыс істеуде. Банк секторымен тікелей өзара іс-қимыл нәтижесінде елден тыс жерге шығару сатысында шамамен 250 млн теңге бұғатталды. Азаматтарға сомасы 669 млн. теңге залалды өтеу қамтамасыз етілді. Банк карталары ақша қаражатын алу үшін пайдаланылған «дроп» санатына жататын 1,2 мың адам анықталды», – деген министр өз жауабында.

Министрдің айтуынша, олардың әрқайсысына прокуратура органдарының келісімі бойынша қылмыстық іс шеңберінде құқықтық баға берілген. Ал осы жылдың қараша айында ІІМ «Қазақтелеком» АҚ-мен өзара іс-қимыл жасалған. Қазақстанның қалалық байланыс желілеріне шетелден келетін алаяқтық белгілері бар қоңырауларды тану және бұғаттау механизмі сыналған. Нәтижесінде аталған жүйені пайдалану арқылы тәулігіне 8,5 мың, ал 35 күн ішінде 300 мыңға жуық қоңырау бұғатталған.

«Соңғы жылдары ІІМ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде 5 түрлі ведомстволық бағдарламалар мен жол карталарын іске асырды. Қазіргі уақытта стратегиялық және жүйелі тәсілді қалыптастыру үшін министрлік уәкілетті мемлекеттік органдармен және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесімен бірлесіп, киберқылмысқа қарсы күрестің кешенді жоспарын әзірлеуді бастады», – делінген жауапта.

Осыған дейін ІІМ орынбасары Игорь Лепеха жыл басынан бері елімізде 13 700-ден астам интернет-алаяқтық тіркелгенін айтты. Атап айтқанда, 13,5 мыңнан астам азамат зардап шеккен. Оның 70% қала тұрғындары, қалған 30% ауыл тұрғындары. Азаматтарға келтірілген жалпы шығын 11 млрд 355 млн теңгені құрайды.

Ал Алматыда 9 айда интернет-алаяқтыққа қатысты 1.5 мыңнан аса іс тіркелген. Оның 65 пайызы ашылған. Ал өткен жылмен салыстырғанда қылмыс көлемі 6,1 пайызға төмендеген. 

Сондай-ақ оқыңыз