Жаңалықтар

Қазақстандықтар Мәди Ахметовтің қызметтен кетуін талап етіп, петиция жариялады

Бұл бұрынғы депутатқа қатысты жарияланған екінші петиция / Фото: ашық дереккөздерден

Қазақстандықтар Алматы облысының жастар саясаты басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Мәди Ахметовті қызметінен босатуды талап етіп, петиция жариялады.

Петицияның авторы Саид Саматов. Автор өз петициясында жаңа қызметке тағайындалған бұрынғы Мәжіліс депутатының отставкаға кетуін талап еткен, бірақ нақты себептерін атамаған.

«Осы жылдың қыркүйек айында әлеуметтік желілерде Мәжілістің бұрынғы депутаты Мәди Ахметов Алматы облысының жастар саясаты басқармасының басшысы қызметіне дайындалып жатыр деген ақпарат пайда болды. Содан кейін әкімдіктің баспасөз қызметі бұл орынның шынымен бос екенін хабарлады. Бірақ ол кезде үміткерлер туралы ешқандай мәлімет болған жоқ», – делінген петиция мәтінінде.

Ахметов өзінің саяси көзқарасын заман ағымына сай жылдам өзгерту шеберлігімен танымал. Ол 2019 жылдың маусымында «қазақ жастарының» атынан сөйлеп, Алматыда Назарбаевқа ескерткіш орнату туралы ұсыныс жасады. Назарбаев бұл ұсыныстан бас тартты. Осы мәлімдемесінен кейін ол жоғары жақтағыларға да, халыққа да жақсы танылды. Ал көп ұзамай ол президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырды.

Бұрынғы депутатқа қатысты осыған дейін тағы бір петиция жарияланған. Онда халық Ахметовтің әскери борышын өтеуін талап еткен. Петицияны 10 мыңнан астам адам қолдаған.

Бұл азаматтың не себепті әскери борышын өтемегенін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрлігі түсіндіруге тырысты. Петицияны мысалға келтірген журналист министрлік өкілінен «Мәди Ахметов неге өз борышын өтемеді? Жалпы, оның әскерге шақырылмау себебі неде?», – деп сұрады.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері Ахметовтің жасы әскери борышын өтеу мерзімінен асып кеткенін алға тартты. Яғни ол әскери міндеттілер қатарына өтіп кеткендіктен, борышын өтеуге шақырылмайды.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға да Мәди Ахметовтің болмысы мен қызметіне қатысты сұрақтар қойылды. Министрден позициясын тез ауыстыра салатын адамның мұндай жауапты қызметке тағайындалу себебін сұрады.

«Мұндай жауапты қызметке тағайындалған болса, Мәди Ахметовтің кәсіби маман ретіндегі біліктілігі жоғары шығар»,– деп жауап берді Балаева.

Еске сала кетсек, Ахметов жаңа қызметке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бұйрығымен  тағайындалды.