Терроризмді насихаттады деген күдікпен Шығыс Қазақстан тұрғыны ұсталды – ҰҚК

Жарияланды
терроризмді
Фото: ҰҚК

Терроризмді насихаттады деген күдікпен Шығыс Қазақстан облысының азамат ұсталды. Бұл жайлы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2023 жылғы 27 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризмді насихаттады деген күдікпен Шығыс Қазақстан облысының 18 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу әрекеттері барысында тұрғылықты жері бойынша діни әдебиеттер тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл азаматқа ұсталмай тұрып, мұндай заңсыз әрекеті үшін қылмыстық қудалау қарастырылғаны ескертілген. Ресми түрде сақтанып жүру туралы да ескертпе берілген. Алайда бұл әрекеттерге қарамастан, күдікті заңға қайшы келетін әрекеттерге барған.

Комитет әлеуметтік желілерде таратылатын радикалды идеологияның, әсіресе, жастарға деструктивті әсер ету қаупі туралы ескертеді. Осы орайда экстремистік мазмұндағы интернет-ресурстарына кіруден бас тартуды, ал ата-аналарға балалардың радикалды әрі терроризмді насихаттайтын сайттарға деген қызығушылығына ден қойып, жауапкершілік алуды ұсынған.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Еске сала кетсек, бірнеш күн бұрын Алматы әуежайында шетелдегі террорлық ұйымға қосылуды көздеген азамат ұсталды. ҰҚК-нің хабарлауынша, бұрын ол ұрлық, зорлау фактісі бойынша және кісі өлтіргені үшін сотталған. Сондай-ақ ол террористік әрекеттерді қаржыландырды деп күдіктелуде.

Ал көктемде Тәжікстан азаматы елордада терроризмді насихаттағаны үшін сотталды. Халықаралық лаңкестік ұйымдардың идеологиясын насихаттағаны үшін сотталған «М» өз бетінше астаналық діндарларды «қарулы жиһадқа» қатысуға үндеген. Сонымен қатар, ол өз әрекетінің заңсыздығын түсініп, лаңкестерге қаражат жіберген.

Елордалық соттың үкімімен шетел азаматы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256 және 258-баптары «Терроризмді насихаттау», «Терроризм қызметін қаржыландыру» бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. 

Ал 2022 жылы ҰҚК 2 террорлық актінің алдын алған. Сонымен бірге Экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталған. ҰҚК полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды, 3 есірткі плантациясы әшкереленді. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды 

Сондай-ақ оқыңыз